Алтын жұлдыз

Алтын жұлдыз
жеке
блог

Анам менің қырық жастан асқанда,

Мені әкеліп дүниеге шуақ таратты.

Оныншы ұлдан мерейі өсіп аспанға,

Кеудесіне «Алтын жұлдыз» қадапты.

 

Әкем сонда қуаныпты

Жарығын -

Көргендей боп жұлдызының көктегі.

Ал, анашым еркелетед әлі күн,

«Алтын жұлдыз» иесі сен, - деп мені.

 

Бұл жұлдызды мен туғанда бергесін,

Апам үшін ұлмын үйде мақтаулы.

Көргің келсе үйіме кел сенде шын,

Төр бөлмеде нән сандықта сақтаулы.

 

Жүрем іштей сол жұлдызға сыйынып,

Содан бойға кететіндей бақ дарып.

-Бір қарайын, деп сұраймын қиылып,

Жатқанда апам сандық ішін ақтарып.

 

Әлі талай теңдесетін дастанға,

Өзің жайлы жазылады тұмар жыр.

Атағымды көтеретін аспанға,

Бәлкім менің бақ жұлдызым шығар бұл.

 

Сәби үшін көңілі жүрер далада,

Ақ тілеумен атыратын ақ таңын.

Отыз жасқа келсемде сол анама,

Әлі күнге алтын бұйым тақпадым.

 

Қойшы тәйірі бос сөзіңнің құны жоқ,

Көрсетпесең кеудеңдегі жарқылды.

Сыйламадым анашыма ұлы боп,

Үкіметте елеп берген алтынды.

 

Көз алдымда жабырқамай жүрші аман,

Алтынменен түсірмейін құныңды.

Сыйға тартам апа бүгін мен саған,

Алтыннан да қымбат осы жырымды.