Көпірдегі оқиға

Көпірдегі оқиға
жеке
блог

1. Көктем кезі. Күн бұлттанып, нөсер жауын төкті кеп,

Тамшылары ойнақтайды қара жерді тепкілеп.

Әсем көпір бір-ақ сәтте ақ жауынға жуылды,

Келе жатыр сол көпірде бір сұлу қыз дірдектеп.

2. «Неткен жауын?» - осы сұрақ мазалайды ол қызды,

«Жер дүние аппақ болып ақ жауынға жуылды.

Бітер қашан, үйге дейін алыс әлі не істеймін,

Бас сауғалар бір баспана табылса екен бір ізгі»

3. Дәл сол сәтте қара көлік өтіп жатты қасынан,

Жанына кеп сұлу қыздың тоқтай қалды тосыннан.

- Отырыңыз, жеткізейін үйіңізге қарындас?

Деді жігіт кербез үні сымбатына жарасқан.

4. Қыз келісті, келіспеске басқа шара, амал жоқ,

Көйлегі де әлдеқашан бүлініпті су болып...

Отырған соң қыз көлікке басталды енді танысу,

Қыз есімі Жібек екен, танысты жігіт Арман боп.

5. Жеткеннен соң үйіне қыз өз рахметін жаудырды,

Бұл оқиға екі жасқа бөлек сезім қалдырды.

Ертесіне қыз ертерек бара жатса жұмысқа,

Үй алдында гүліменен әлгі Арман отырды.

6. Осылайша жалғасты енді нөсер күнгі таныстық,

Екі жастың жүрегін де шарпып өтті ғашықтық.

Өтіп жатты күндер, айлар махаббатқа бөленген,

Жетті кезең көріспесе бір сәтке де асықтық.

7. Зымыраумен қатарынан 12 ай өтіпті,

Содан болар қыз бен жігіт үй болуды шешіпті.

Үйіне кеп Арман еді болашағы жайында,

Өмірдегі қамқоршысы әкесімен тілдесті.

8. Түсінген соң асыл әке ұғып, біліп мән – жайды,

Баласының көздерінен ғашық отын байқайды.

Сабырменен деді «ұлым, саған кәміл сенемін

Келінімнің білгім келед. елі, тегі қандай-ды?»

9. Қуанғаннан ғашық жүрек алып – ұшып қонады,

Ғашығына асық жігіт сол сәтте-ақ барады.

Айтты оған тоқтамастан оқиғаны бүгінгі,

«Аллам жазса келер айда тойымыз да болады

10. А, айтпақшы білесің ғой әкем менің ойыншыл,

Бір сөз айтсам әдетінше маған шарттар қойғыш ол.

Елің қандай, мен де бұрын сұрамаппын өзіңнен,

Маған қойған шарты осы айтары ғой ылғи бұл».

11. Күлімсіреп айтты Жібек тегін, руын жан – жақты,

Дәл сол сәтте Арманның кеп жүрегіне зіл қатты.

Болып шықты сүйген жаны қарындасы өзінің,

Бұл қалайша руы бірдей сене алмады, адасты.

12. Сылтауратып бір жұмысты көлігіне жиналды,

Айта алмады Жібегіне бұл жағдайды қиналды.

Бір – ақ сәтте бар өмірі айналғандай тозаққа,

Сан сұрақтар мазалады: «әлде мынау мазақ па?»

13. Жоқ, шынымен, Жібек енді қарындасы өзінің,

«Не істеймін, ұмыта алман мен ұшқынын көзінің.

Төзе алмаймын, көне алмаймын бұл мазаққа, азапқа,

Кінә менен сұрамаған тегін қыздың о баста!

14. Ұмыта алман Жібегімді тірі жүрсем өмірде,

Дұрыс емес еш хабарсыз жоқ болып та кеткен де.

Айта алмаймын бұл жағдайды қиналады Жібегім»

Деп отырып сияқтанды бір шешімге келгенге.

15. Бұл шешімі болғанменен дәл сол кезде тура жол,

Әкесі мен сүйген жарын ойламады мүлдем ол.

Ең алғашқы нөсер күнгі танысқан кеп көпірге,

Бұл өмірмен қоштасты да құлап кетті төменге.

16. Суық хабар жеткеннен соң Жібек қалды абдырап,

Кеше ғана болашағын қойған еді жоспарлап.

- Бұл қалайша, не себепті, не болды екен Арманға,

Түсінбеді, түк шықпады ұқпағынан астарлап.

17. Жылай да алмай тұрып қалды сол орнында қалшиып,

Сөйлей алмай, ойлай алмай мәңгүрттей боп жас тыйып.

Белгісіздік жеп барады нәзік жанын тоқтаусыз,

Өмірінде алғашқы рет қалғаны осы шын сүйіп.

18. Өтті күндер, өтті апта дүние бос Армансыз,

- Біз пенделер бір Алланың құлы болып қалғанбыз.

Бір Алладан медет күтіп сұлу Жібек сабырмен,

Жұбатты өзін жауап таппай сұрағына амалсыз.

19. Әке қалды өмірдегі жалғыз ұлдан айырылып,

Жібек қалды қос қанаты қалғандай-ақ қайырылып.

Арман кетті бүгіп ішке сырын, мұңын, азабын,

Айта алмады ол ешкімге ішкі сырын жайылып...

20. Көктем кезі. Күн бұлттанып, нөсер жауын төкті кеп,

Тамшылары ойнақтайды қара жерді тепкілеп.

Әсем көпір бір-ақ сәтте ақ жауынға жуылды,

Келе жатыр сол көпірде бір сұлу қыз дірдектеп.