Жәудіркөздер жүр жабырқап…

Жәудіркөздер жүр жабырқап…
жеке
блог

…Қарбалас тірліктеріммен «Астаналық базарынан» асығыс шығып келе жатқанмын. Базар маңы толған ығы-жығы адам. Тіпті аяқ алып жүру мүмкін емес. Бағдаршамның жанған белгісінен кейін жолдың келесі бетіне өтпек болғанымда, кенет жүйткіген қара «Джип» зулап өте шықты. Оған бағдаршамның белгісі де әсер еткен жоқ. Ақ жолақ бойымен жүріп келе жатқан жаяу жүргіншілер не алға қарай жүрерлерімізді білмей, не артқа шегінерімізді білмей дал болдып қалдық. Сөйтіп тұрғанымызда: «Әлгі оңбаған баланы қағып кетті», – деген бір әжейдің даусынан артымызға жалт қарадық. Көз алдымызда жарақаттанып жат-қан тоғыз-он жасар баланың қасына бардық. Жанында бір қорап қаламсап шашылып жатыр екен. Қатты жарақат алса да бала орнынан көтерілді.
– Назар аудармай-ақ қо-йыңыздар. Мен мұндайға үйреніп қалғанмын. «Жедел жәрдем» көлігін де шақырмаңыздар. Мені аяудың қажеті жоқ, – деді де ша-шылған қаламсаптарын жинай бастады.
– Бауырым, – дедім мен. – Мүмкін, шынымен де саған көмек керек шығар? Айтсаң, көмектесемін.
– Бауырым… – деп күбірледі ол. – Аға, осындай жылы сөздерді естімегелі қанша уақыт болды десеңізші?!
– Кәне, жүр. Екеуміз әңгімелесейік. Мен сені қонақ қыламын. Шеріңді тарқатып айт. Қолымнан келгенше көмек көрсетемін, – дедім.
– Аға, түсінсеңіз, менің әрбір минутым – қымбат. Мен азаннан қара кешке дейін ақша табу үшін жанталасамын. Бірақ, түріңізге қарасам, иманды адам секілдісіз. Сіз қонақ қылсаңыз, мен әңгіме айтудан тартынбаймын. Оның үстіне, бүгін жолым болмады. Бірде-бір қаламсабымды сата алмадым. Жарақаттанып та қалдым. Біраз уақытымды сізге арнауға әзірмін, – деді.
Сөйтіп біз базар маңынан шеттеу орналасқан асханадан орын тептік. Үстелге жайғасқан соң, әлгі бала әңгімесін бастады.
– Есімім – Думан. Мен ата-анамды көрген жоқпын. Сондықтан ата-аналық махаббаттан мақұрым өскен баламын. Есімді білгеннен жетім балалар үйіндемін. Есімім қызық. Мүмкін, есімімді қойған адам өмірі тек ойын-тойдан, думаннан тұрсын деген шығар. Жетім балалар үйіне әкелген адамдар есімімді солай деп айтып кетіпті. Ол кезде үш жаста едім… Аға, мен жақсылап тамақтанып алайын. Азаннан бері дым нәр татқан жоқпын. Сыйлағаныңызға рахмет. Тамағымды ішіп болған соң, сіздің барлық сұрақтарыңызға жауап беремін, – деді де алдындағы асты қомағайланып іше бастады…
– Ал, ағатай, айта беріңіз. Мен жауап беруге дайынмын…
– Сосын не болды. Мұндай жағдайға қалай тап болдың?
Думан мен оған ыңғайсыз сұрақ қойғандай жаутаңдай қарады.
– Бәрібір, мен айтқанмен сіз сенесіз бе?
Мен жауап орнына басымды изедім.
– Аға, тегін жататын жерден, күнделікті үш мезгіл тамақтан, уайымсыз өмір сүруден кім қашады дейсіз? Әсіресе, мен секілді жетімдер… Жасым он бірде. Мен жеті жасқа толғанда мені асырап алуға бір жас отбасы келді. Отау құрғандарына бес жылдың жүзі болыпты. Балалары жоқ екен. Олар бірден мені ұнатты. Сөйтіп олардың үйіне бардым. Барғаннан-ақ ұнамады. Жас отбасы болған соң, үйлерінде күнде өздері секілді жастар келеді. Ішеді, түрлі дауға түседі. Бір күні отағасының бір жолдасы маған иіліп сәлем бермедің деп сабап тастады. Ал ата-анам оған үндеген де жоқ. Күн өтпей жатып осы оқиғалар үсті-үстіне қайталана берді. Кейін мен «әкемнің» жолдастарынан емес, өзінен де таяқ жей бастадым. Олар мені мектепке де апарған жоқ. Ұйқым да, ішетін ас-суларым да дұрыс болмады. Басым да жарылды, қолым да сынды. Ақыры, бір жылға жетпей-ақ ол үйден қашып кеттім. Алғашында қатты қиналдым, ас-сусыз, далада қонған кездерім де болды. Міне, содан бері үш жыл өтті. Қазір бәріне етім үйреніп кетті. Жертөледе тұрамын. Өзіңіз көргеніңіздей, базар жағалап түрлі қаламсаптар сатамын. Бұрынғы өмірімнен осы өмірім жақсы сияқты…
– Неге жетім балалар үйіне қайтып бармадың? Олар көмек көрсететін еді ғой.
– Түсінесіз бе, ол жерге қайтып барғым келмеді. Ол жерде қайтып қабылдамайды. Сосын асырап алған ата-анама хабарласады, ал олар қайтып алып кетсе, бұрынғы көрген күнімнен екі есе қорлық көремін…
Бағанағы машинасымен мені қағып кеткен кісі бай көрінеді. Базарға келген. Ақшаны оңды-солды шашып жүргенін көріп, машинасына жүгіріп барып, одан қалам сатып алуын өтіндім. Ол кісі болса: «Басқа тиімді нәрсе ұсынсаң, алар едім. Мынауың түкке тұрмайды. Қажет болса сені қаламсаптың астына көміп тастай алам. Ал енді жөніңе кет», – деді де машинасына жайғасты. Тағы да өтініп көріп едім: «Сен сияқтыларды құдай қалай жаратады екен?» – деп итеріп жіберді де, орнымнан тұрып үлгерем дегенше, қатты жылдамдықпен қақты да кетті. Мен мұндай жағдайларға үйреніп қалғанмын. Бұл алғашқысы емес…
Думанның осы сөздерінен кейін ойға шомып кеттім. Жетім балалардың мұңын кім тыңдайды? Оларды қоғамдағы қара ниетті, арсыз адамдардың табанының астында тапталуына кім кінәлі? Қоғам ба, әлде адам ба? Осы ойлардың жетегінде отырып, қатты ойланып кетіппін. Кенет Думанның даусынан ойым бөлінді.
– Аға, неге қатты ойға шомып кеттіңіз? Сізге өлең оқып берейін бе? Жаныма жақын өлең. Мұқағалидікі. Тек осы өлеңді ғана жатқа білем. Өтінем, тыңдаңызшы.
– ?
– Біздер – жетімдерміз, жетімдерміз,
Әрқашан ызғар мен жел өтіндеміз…
Думанның ызғарлы үнмен оқыған осы өлеңі мені қатты толқытты. Мен оның жанарынан көзімді алмадым. Тағдырына өкпелі, жүрегі қайғыға толы, болашағына сенімсіз, келешегі бұлың-ғыр, мұңды жанар…
Думанның азалы үнмен оқыған осы жырларынан кейін, екеуміз қош айтыстық. Бірақ оның ашына оқыған өлеңі менің жүрегіме мәңгілік жазылып қала берді…