Аяқталмаған хат немесе жаңа жылдағы сыйлық

Аяқталмаған хат немесе жаңа жылдағы сыйлық
жеке
блог

   Сірә, адам баласы болашаққа өткен өмірінсіз бір қадам да аттап баса алмаса керек-ті. Болашағыңды бала күнсіз елестету бекершілік. Бала күніңді ұмыту деген – бүкіл өткен өміріңді жоқ еткенмен пара-пар. Барлық алғашқы дамудың сатысынан өтіп осы күнімізге жетіп отырған жоқпыз ба.

   ...Жылдың жаңаруына санаулы күндер ғана қалды. Ерсілі-қарсылы қарбаласқан адамдардың жүзінде күлкі мен қуаныш. Барлығы дерлік бір өзгерістің болатынына сенетіндей. Жүздеріне зер салып қарасаң әлдебір жаққа асыққандай кейіп байқайсың. 3-ші сынып оқушысы, кішкентай Ақбереннің да бойында қуаныш торлаған. Осы жұртпен жағаласып күтіп-ақ жүр. Көкейінде жаңа жыл – жаңа өзгеріс алып келетіндей болып тұратын да қоятын. 31-і жақындаған сайын тыпырши түседі. «Иә, маған қандай сыйлық әперетін болдың?», «Асықпа, уақытында көрерсің». Күткен уақыттың осындайда өтпейтіндігіне қайран қалмасқа шараң жоқ. Биыл жылдағыдан өзгеше болатын секілді. Белгісіз... Сондай бір сезім. Анасы торт, түрлі тәттілер пісіріп дайындалып жүр. Ал әкесін «қашан келедімен» сарылып күтіп жүр. «Биыл басқаша сыйлық жасаймын деп уәде берген». Мектебіндегі жаңа жылдық кеш те ойдағыдай өтті өзіне. Бәрі тамаша! Көңілде еш уайым жоқ. Тек 31-і келсе болғаны.

   Бүгін 29-желтоқсан. Сыртта асыр салып жүрген балалар.  Қолда «жарылғыш» заттың неше түрлісі бар. Анда да, мұнда лақтырады. Ол бір кезде  қызық көріп өтіп бара жатқан адамдардың аяғының астына тастап жіберді. «Әй, бала, адамды ажалынан бұрын өлтіре алмай жүрмісің? Жүрегім жарылып кете жаздады ғой». Жымың қаққан күйі тұра қашысты. Көрші әжей. Олар бір топ бала. Жағалай жүріп отырып Арыс өзені жаққа аяқ басты. Міне, керемет! Нағыз қызық мұнда екен ғой. Қалың тоғайдың аппақ көрінісіне көзің тоймайды. Тіптен ерекше деуге болады. Арыстың кей тұстарына мұз қатқан. Мұзға қарап тұра жүгіріскілері келді. Көңілде қорқыныш та жоқ емес. Орталарындағы ересектеуі Бекмұрат сақтандырып жүр. «Бармаңдар! Мұз жарылып кетеді». Оның сөзін бірі тыңдаса, енді бірі қаперіне ала қоймады. Келер жылы біріншіге баратын әумесер Сапарға қызық. Өзенге қарай жақын келіп ойнап отырғаны сол-ақ екен, ары қарай күмп берді. Өзен дегенде үлкен емес еді. Өзеннен бөлініп ағатын сағасы. Үлкен арық деуге келеді. Сапар еңіреп батып барады. Мына суықта ешкімнің батырлыққа барғысы жоқ. Сол-ақ екен, Бекмұрат тұра жүгіріп дәп бір кинодағыдай бар киімімен баспен сүңгіп, Сапарды алып шықты. Дәл жаңа жылдың қарсаңында Сапар екі күн жатып қалды. Айта жүрер әңгіме болды. Балалар күліп мәз. Бемұраттың ерлігі аудандық газетке жарияланды.

   31 желтоқсан. Қызық. Ақберен бүгін Аяз атаға хат жазғысы келді. Қуанышты сәттерін жасырып қалғысы келмегендей. «Не жазсам болады? Жоқ. Маған сыйлық керек емес. Әкем үйіп әкеледі бүгін». Аяз ата оның хатын ала ма? Оқыр ма екен? «Сәлеметсіз бе, Аяз ата! Сізді теледидардан көргенмін. Сосын хат жазғым келді. Маған Сіздің сыйлығыңыз қажет емес. Мен тек Сізді жаңа жылмен құттықтағым келді. Бүгін жұмысыңыз бастан асып жатқан болар? Менің арманым кө-өп, мен болашақта есейген соң Сізге тағы да хат жазамын. Сол кезде Сіз маған бұрымы ұзын, әдемі қыз тауып беремін деп уәде беріңіз». Кенет, сыртта мәшиненің гүрілдеген дауысы естілді. «Алақай, әкем келді, әкем келді, маған сыйлық әкелді-і-і.» Аяз атаға деген тілек аяқталмаған күйі бір бұрышта жайына қалып қойды.

   Бұл 2000 жылдар еді...