БумеранГ

БумеранГ
жеке
блог

Шәкәрімнің, «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек, Бұған – ұйқасты өлең, сөз керек» деген әні бар еді. Жакодан: «Бигелді, эстафета таяғын басқа біреуге ұсын, Көркем интернеттен алыстап жүр уақытша», деген хабарлама келіп түскен соң өткенді қайта жаңғыртуға тура келіп тұр. Негізінде, Жанаттан «Ғажап, суреттер үйлесімді. Қатысқым кеп кетті))» деп сөз сұраған Көркемнің өзі. Дәметіп қалмасын деп орайы келіп тұрған соң ұсына қойған ек, үміт ақталмаған сыңайлы. Көп тілеуін аяқ асты еткен арға сын. Кінә бізден болмасын «біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін», қабыл алыңыз!

 Романтика! Романтика! Романтика!

– осы сөзді оқығанда көздеріңізге не елестейді? Маған қол ұстасқан екі жас елестейді. Студент кезімде қыздармен шынын айтайық қарыннын қамы үшін жүрдік бір апталық екі апталық махаббат болатын, оларға ешқандай романтика сыйламаппын, тек қана магнитофондарының шнурын жөндеу, плитканың спиралдарын жалғау (ашық спиралды плитка тез қызатын соны жасырып ұстайтын қыздар), олардың орнына кезекші болу вахтада. Сөйтіп жүргенімде бір қызға ғашық болып қалдым… Содан кейін көптеген романтикалық сәттерім болды. Тағы бірде қалғанын жазамын. Менен ары қарай жалғастыру үшін Айжан Табынға ұсынамын.

Эстафета сұрақтары: Романтика сөзін естігенде көз алдыңызға не елестейді? Өміріңізде орын алған немесе өзіңіз куә болған романтикалық сәт.

– Үнді фильмдерін көріп өскен мына мен тырнағымның ұшына шейін романтикпін)) Маған романтика өте маңызды, себебі көңілдің адамымын. 

Ауылдың иісін де сезбеген мына мен, табиғатты аңсаймын. Романтика десе де, біреулерге алып қалалар, асфальт үстіндегі "Мен сені сүйемін!", ең қымбат ресторандағы кешкі ас шығар, бірақ менің романтикамен қарым қатынасым басқашалау)))

Осы кезге шейін талай романтикалық жағдайлар басымнан өтті. Оның несін жасырайын. Бірақ, соншама гүлдер мен сыйлықтардың ішінде, соншама әдемі сөздер мен әрекеттердің ішінде сүйіктімнің бір шоқ гүлі бұрынғының бәрін сызып тастады. Сүйгеніңнің сүйіктісі екеніңді сезіну нағыз романтиканың өзі деп ойлайтын болдым)))) 

Эстафета таяқшасын Дәкеге ұсынам (Данияр), күштііі пост жазып жіберші))))  

– Уа, ассалаумағалейкүм эстафетаны бір-біріне сілтеп қойып, одминдері қызық көріп, бір-бірімен ең болмаса ара-тұра дауласпайтын, пікірлері кілең "уау" мен "күштіден" тұратын Массагеттік жамағат!

Аз уақыттың ішінде тағы бір эстафета бұтағы маған келіпті. Табындық Айжанға мың да бір алғыс. Алып қоймай тұрып жазып тастайын деп жатырмын :).

Сол күннің түні. Кешегі сыралатқан кафе. Санчом боқтап отыр. Мені де, қызымның әкесін де. Бағана қашып кеткенімен жұмысы жоқ, кіжініп қояды. Ішіп отырмыз. Бұл жолы арақ. 

Бір кезде қызым қоңырау шалды.

- Жаанн, ренжімеші бағана ваннада едім..

- Не телефонды ваннаға алып кіруге болмай ма?!..

- Зарядкада тұрған... Жан келесің ба, қорқып отырмын. Бағана әкем айтты. Бір жігіттер келіп от жағып менің атымды айқайлап айтып кетіпті... Келесің ба?

- Өйшшш.. Кетшей...

Іштегі қызу бар. Өзімнің ашуым бар. 15 рет қоңырау шалса да көтермей қойдым сол күйі. Санчом бұл тірлігімді ерлікке балап, сол үшін қайта-қайта тост айтты.

Жаңа келген бұтақты ешкімге бергім-ақ келгім келіп тұрған жоқ. Алайда... Эстафета бұтағы Еркебұлан Толқын-ға беріледі.

– Дәкеңе рахмет. Эстафета таяқшасын ұстатты. Енді сенім үдесінен шыға білу керек. Шыға білмесем – азаматтығыма һәм жігіттігіме сын болмақ.

...Басқа қыздарды қарға малшындырып жүріп, сол аруымды көзбен іздедім. Сөйтсем, бір шыршаның жанында бүрсиіп қара-а-а-ап тұр. Зулап жанына жетіп бардым. Жыртқыштан қорыққан еліктей екі көзін тарс жұмып алды да: «Өтінем, Ерке, тиіспеші», – деді жалынышты үнмен. Елжіреп кетсем де, маған керегі сол: «Айтқаныңды орындаймын» де», – дедім қар алуға еңкейе беріп. «Мақұл, мақұл, айтқаныңды орындаймын, тек тиіспеші». Сол сәт екеуміздің көздеріміз түйісе кетті. Баяғы сыртынан ұнатып жүргенім дым емес екен, әлгі жерде жүрегім аузыма тығылды. Дәп бір жасын түскендей болды жүрегіме. Сезімнің құдіретін түйсіну үшін адамға бір-екі секунд жетеді екен ғой. Сөйтіп аңырып тұрғанда, қолында оңбағандай қылып жинап алған қары бар Азамат группаласым келе қалды.

- Ей, тиіспе оған! – дедім айқайлап.

- Не болды? – дейді. 

- Ештеңе. Тиіспе, болды. Кет былай!

- Ибай, шшш..., жынды боп қалғансың ба-ей?!

Менде үн жоқ. Манағы жүректі өртеп кеткен сезімнің әсерінен шыға алмай тұрғаным анық.

Ал, мен эстафета таяқшасының кезегін басы жас, тұнып тұрған романтиканың ортасында жүр ғой, Салтанат) - қа табыстайын.   

– Бірақ, мен бәрібір еркін көсілмеймін бұл тақырыпта, ескертейін!) Біріншіден, қыз балаға "мен пәленшемен жүргем, қыдырғам, ал түгенше маған осындай романтика сыйлаған" деу қашанда қиын! (Таяқшаны ер балаға ұсынуымның себебі де осы болмақ). Біріңе жезде, біріңе күйеу бала болып келетін басекем ертең оң қолымен иегімнен ұстап басымды көтеріп, сол қолымен кекілімді ысырып "Жарияға кім жайында жар салдың?" деп еркелете қалжыңдағанда мен қайта төмен қарап қалмайын!

Иә, Массагетім, қысқа да емес, нұсқа да емес романтикам осы енді!

Таяқша Бигелді Темірде! (Таяқшаны ортасынан екі бүгіп сындырып тастап аттап өтпей, ары қарай жалғап жіберерсіз деп үміттенем, Биеке!)

...Иә, аялап ұсынылған таяқша ортасынан екі бүгіліп сынып, аттап өтілген сыңайлы. Ал, мен сынбаса сындырып, төртке бөлдім. Бірінші бөлік, ет асып, шәйді массагеттерше ішкенді қалайтын, қыз алып қашу дәстүрінің құрбаны – Анар Қожахметте! Екінші бөлік, тойдың артын төбелеске айналдыра білген, «сын қабылдай алатын ұжым» мүшесі – Мөлдір Әнуарханқызында! Үшінші бөлік, Әз-ді әзілге айналдырып, махаббат майданында жүрген – Ақ бөрі – Қайсар Қауымбекте! Төртінші бөлік, қырық қыздың ішінде бал айына бергісіз демалыс сәттерін өткізген өзімнің Әбекем – Абзал Сариевте!

 Романтика! Романтика! Романтика!