405-кабинет
блог
- Сенесізбе, олар мені аңдып жүрген сияқты.
- Әрине,сенемін, ешқандай сыр бүкпей басынан бастап баяндап беріңізші.
- Сіз маған шынында да сенесізбе?
- Иә сенемін айтыңыз
- Мен әңгімемді айта бастасам адамдар менен үркіп алыстай бастайды,сіз де менен қазір...
- Жо-жоқ,о не дегеніңіз,біз- психолог сіздің жаныңызды емдейміз,мен сізді олардан артық түсінемін қорықпаңыз
- Олар мені қазір де аңдып тұрған сияқты.
Қалтасынан күмістен соғылған сырғаның сыңарын шығарып:
- Міне бәрі осыдан басталған.Мен ол кезде жетінші сынып оқушысы болатынмын сабақтан шыға сала сыныптастарымызбен мектептің артындағы жалғыз ағаштың түбіне барып доп ойнайтынбыз.Сыныптастарым өте ұйымшыл болатын,әрдайым бірге ойнап бірге күліп бір үйдің баласындай болып өстік,сабақ аяқталса бірімізді қимай қоштасатынбыз.Бәрінен бұрын мен Жадырамен қоштасқым келмейтін.Оның қою қара көзі ерекше қамқорлыққа толы болатын...
-Айта беріңіз,ары қарай..
- Әдеттегідей воллейбол ойнаймыз деп сабақтан шыға сала жалғыз ағашқа қарай жүгірдік.Ойын қыза бастағанда Нұрболдың лақтырған добы ағаштың басына тіреліп тұрды да қалды, допты алмақшы болып талға бірімізден соң біріміз міндік.Доп түсті.ойын жалғасты.Кеш қарайып, күн батып келеді.Сөмкелерімізді асына бастағанда жер сипалап жанталасып жүрген Жадыраны көріп қалдым. “Не болды?” деп едім,ол жылап қоя берді.
Сөйтсем,сол күні апасының (әпкесінің) сырғасын сұрап алып, сабаққа тағып келген екен.Құлағында бір сырғасы тұр,екіншісін жоғалтыпты. “Үйіміз іздейді” деп басқалар кетіп барады,мен Жадыраны жалғыз қалдырғым келмей,бірге іздейтін болып жанында қалдым.
- Содан?
- Даладан таба алмадық.Жадыра “сыныптың ішінде түсіп қалған жоқ па екен,мен оны таппасам үйге бармаймын маған ұрсады” дегесін қарауылдан рұқсат сұрап едік,ол кісі кірсеңдер біреуің ғана кіріңдер дегесін өзім кірдім.
Күндіз у-шу, азан-қазан болатын мектептің ішінде менен басқа тірі жан жоқ.Жоғарғы қабаттың жарықтары өшірулі.
Дәлізбен төртінші қабатқа көтеріліп,тас қараңғы ұзын коридормен жүріп келемін.Есік ашық.Бұл біздің 405 кабинет. Сыныпқа кіріп дереу парталардың астымен еденді сиапалап іздей бастадым.Қолыма әлі ештеңе іліне қойған жоқ.Төр жақтағы еденді сипалап іздеп жүрмін,қолым жұмсақ бірдеңені сезгендей болды.Мата сияқты.Апайдың үстелінің үстінде жайма болушы еді,сол шығар деп тартып қалып едім, тартылмайды. Қолымды ары қарай жүгіртсем кәдімгі адамның аяғын ұстап алдым. Жүрегім тас төбеме шығып,қалшылдап барам.Мен тартқан мата әлгі қара адамның киімі екен.Ұзын бойлы,қара жамылған көзі тұздай жасыл қара адам маған қарай төніп келеді.Аяқ қолым байланып қалғандай,сол тұрған орнымда тапжылмай қаттым да қалдым.Ол сөйлей бастады.Дауысы жағымсыз.
“Түн ішінде бұл жерге менен басқа нәрсені іздеп келуші болма! Мен сені іздейтін боламын!” деді де жоқ болды.
Есіктен атып шығып бар жылдамдықпен төменге қарай жүгіріп келем,ол мені куып келеді. Сол қуғаннан ол мені әлі де қуып келе жатыр.
- Ал сырға ше?
Сол күннен бастап мектепке барсам қорқатын болдым,себебі әлгі қара үнемі мені бақылап соңымнан қалмайтын.Әке шешем сыныптастарым бәрі мені мектепке сүйресе де мен кіруге қорқатынмын.Содан мектептің ішін көрмей кеттім.Тек сыртта отырып Жадыраны күтетінмін.
Бір күні мектептің артқы жағындағы жалғыз ағаштың қасында отырғанымда күнге шағылысқан жарықты көріп қалдым.Жақындап барсам бұл менің 4 жыл бұрын іздеген сырғам,Жадыраның сырғасы.
Мен оны таптым! Міне қараңызшы,таптым!
- Мен сіз үшін қуаныштымын.Енді сіз сырғаны иесіне қайтарып апарып беріңіз.
- Апарып бергім ақ келеді.Кеше Жадыра сабақтан шыққан бойда сырғаны көрсетпекші болып едім,ол мені көре сала қаша жөнелді.Әлгі қара мені қуып келеді,мен Жадыраны қуып келем...
Бұл оның емханаға түскелі бері бірнеше жыл бойы айтып келе жатқан әңгімесі еді...