3D көзілдірігіңізді сүртіп кіріңіз немесе бала-арманның орындалуы

3D көзілдірігіңізді сүртіп кіріңіз немесе бала-арманның орындалуы
жеке
блог

- Менде армия бар!

- Ал бізде Халк бар.

Локи мен Тони Старктың диалогынан

Бала қиялдың шеті де, шегі де жоқ, күндіз көзіңмен көріп, көңіліңмен сезінген дүние, түнде түсіңе кіріп сана-сезіміңді сол бір ертегі-әлемге барынша жақындататыны бар-ды. Жеке өзім Marvel Comics қаһармандарын бертінде бір-ақ көрдім, алайда адамзатты құтқарудан басқа істейтін істері жоқ супер-кейіпкерлер басының бір жерге қосылғаны алыста қалған бал-уақыттың ғажайып сәттерін қайта оралтқандай болды.

Қазақстандық прокатқа Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласымен» таласа-тармаса қатар шыққан «Кек алушылар» фантастикалық экшні осы маусымның ғана емес, жалпы соңғы жылдардың көптен күткен премьераларының бірі болды. Marvel комикстары бойынша түсірілген алтыншы фильмде қиял-әлемнің ойдан шығарылған қаһармандары S.H.I.E.L.D. атты қылмысқа қарсы бүкіләлемдік ұйымның қанатының астында бас қосады.

3

Бұған дейін жекелеген фильмдерде жауға жалғыз шауып келген кейіпкерлердің кейпі мынау: «Темір адам» немесе қару-жарақтың сан түрін ойлап тауып, жетілдіріп аты шыққан Тони Старк (Роберт кіші-Дауни), бейкүнә ғалым Брюс Бэннердің екінші жартысы, жасыл алып Халк («Таңғаларлық Халк» фильмінде Эдвард Нортон ойнаған еді, бұл жолы рөл Марк Руффалоға бұйырыпты), Асгард атты бөтен планетадан келген ағайынды Тор (Крис Хемсворт) мен жауыз Локи (Том Хиддлстон), алабажақ қалқанымен тұтас бір дәуірдің есінде қалған Капитан Америка (Крис Эванс, «Капитан Америка: тұңғыш кек алушы»).

Фильмде бұлардың қатарына «Қара жесір» деген атпен танымал Наташа Романова (Скарлетт Йоханссон) және «Қыран көз» Клинт Бартон (Джереми Реннер) қосылған. Жоғарыда айтылған бүкіләлемдік ұйымның бастығы Ник Фьюриді (Сэмюел Л. Джексон) тағы бір бармағыңызды бүгіп, осы тізімге енгізіп қойыңыз. Ә, айтпақшы, Вирджиния «Пеппер» Поттстың рөліне иелік еткен Гвинет Пэлтроу да бар.

7

Шатастыңыз ма? Алаңдамауыңызға болады, «Кек алушылардың» өзі сізге сеанс кезінде шаршауға, жаңылысуға, қайсысының қайсысы екенін аңдатып жатуға мұрша бермейді. Оның үстіне оған өзіңіздің де уақытыңыз бен құлқыңыз болмайды. Фильмның басы мен аяғы қалай тұтасып, шолаң ете түскенін сезінбей де қаласыз. 220 миллион бюджеті бар блокбастер миллиардер фильм атануға лайық деп ойлаймын, масштабы мен тартымдылығы жағынан «Кариб теңізі қарақшыларынан» қала қоймайды (әрине, бұл екеуін салыстыруға келсе).

Бас режиссер һәм сценаристердің бірі Джосс Уидон бастаған команда сюжеті ұңғыл-шұңғылына дейін ойластырылған, кемшін тұсы көлеңкеде қалған өнім түсіріпті. 142 минут көрерменді жалықтыру былай тұрсын, кинодан шығып кетіп бара жатып «Екіншісі қашан шығар екен?» деп ойлануға себепкер болады.

12

Деміңді тарылтып, көзіңді сүйсіндіретін арнайы эффектілерін атап өтпеу кінәм болатын шығар: темір адамның киген киімінен бастап Нью-Йоркке портал арқылы енген Чатаури әскеріне дейін сапалы салынған. Әрине, кино саласының байлығы мен шайлығын уыстап отырған Голливудтан осыдан кем дүние күту қателік болар еді, бірақ, қиялыңның көрінісін экран көрінісі ауызға ұрып кететін сәттер санаулы фильмдерде ғана бар. «Кек алушылар» мен үшін сол саны аздардың қатарына қосылды.

Туындының тұшымды тұстарының бірі диалогтар болды. Роберт кіші-Даунидің ащы тілі мен өзге білекті батырлардың айтқан сөздері тапқырлық пен туралықты байқатады. Аяқ асты айтылған әзілдер жарқ-жұрқ еткен нажағайлы шайқастарға, ырс-ырс арпалыстарға, фантастикалық фильмдерге тән адам нанғысыз төбелестерге өң беріп, ажар қосады.

4

Фильмде қолданылған музыка да жоғары бағаға лайық. Әсіресе, көптің есінде AC/DC әуені ойнайтын жер қалады деп ойлаймын. Танымал мамандардың бірі композитор Алан Сильвестри бұл жолы да білгенінен жаңылмаған – фондық деңгейде қажетті көңіл-күй сыйлай алатын саундтар үнемі бой көрсетіп отырады.

Әрине, «Кек алушылар» алды ойға салып, арты мұңға батыратын фильм емес. Көрермен атаулыны барынша көбірек қамтып, көңіліне жағуға тырысатын коммерциялық жоба. Бағасын түсіріп айтсақ, қатардағы «попкорндық» кинолардың бірі. Бәлкім, баз біреулер «ақша шығарып, баруға тұрмайтын дүние» дер. Бірақ, қым-қуыт тұрмыстың арасында серпіліп, көзді де қуантып, күлкі ферменттерін де шақырып дем алу қажет деген пікірдемін. «Кек алушылар» сол қажетті әбден өтей алады.

6

Өмірдегі супер-жұлдыздарды экранда супер-қаһармандарға айналдырған фильмді мүмкіндік болса IMAX-та көрген дұрыс шығар. Жалпы прокатта 3D ретінде шығып жатыр. Көзілдірігіңізді сүртіп көріңіз, сосын, қаласаңыз, титр біткен соң пайда болатын көріністерді қараңыз.

P.S. Оххх, Скарлетт...


Дінмұхамед Зиядин

Киностан