Азаматтық журналистикаға қадам басыңыз!

Азаматтық журналистикаға қадам басыңыз!
жеке
блог

8-9 желтоқсанда Алматы қаласында барлық блоггерлер мен интернет айналасында жұмыс істейтін қауымның басын қосатын Mediablogkz блог-конференциясы өтті. Шынын айту керек, орыс тілді блоггерлер өте белсенді болғандықтан, шақырылғандардың көбі орыс тілді блоггерлер мен пиаршылар болды. Бірақ интернеттің айналасында белсенді болып жүрген қазақ блогерлері де кенде қалмады. Мұндай шаралар блогерлерді оперативтілікке, азаматтық позициясын ұстана отырып, өз ойын жетік білдіруге, жалпы шеберлігін арттыруға көп көмектеседі.

Mediablogkz аясында, Yvision порталының негізінде, осы күнге дейін азаматтық журналистика тұрғысынан билікке әсере ете алған бірнеше мысалдар келтірілді. Мысалы, Рудный қаласының бір блогері өз қаласындағы «Электронды үкімет» сайтын қарап отырып, әкімнің миллиондаған ақша тұратын көлікке тапсырыс бергенін көреді. Ал қаласында әлі жол салынбағанын жазады. Нәтижесінде, әкім тапсырыстан бас тартып, тіпті орнынан босатылған. Ол жайында мына жерден оқи аласыздар.

Екінші мысал, бір маңғыстаулық блогер облыстық аурухананы ішінен суретке түсіреді. Және көрініс көз қуанта қоймайды. Аурухананың нашар халіне біраз уақыттан кейін ақша бөлініп, ремонт жасалады.

Және мұндай бірнеше мысалдар бар. Блогерлер де бір күш бола алатыны осы уақытқа дейін дәлелденген сияқты.

Қазақ тілді блогерлердің ішінде де «Жаужүрек мың бала» фильмінің қазақ тілінде прокатта прайм-таймда жоқ болуына блогерлер шағымданып, Қазақфильмнен жауап келіп, кейін прайм-таймдарда тек қазақ тілді нұсқасы көрсетілетіндей болды.

Одан кейінгі тағы қазақ тіліне аударылған шетелдік фильмдердің прайм-таймда қойылмайтыны жайлы Бақытжан Бұхарбаевпен көтеріліп, кейін депутаттық сауалнамаға түрткі болды.

Кешегі азаматтық журналистикаға байланысты талқылауда, «осы азаматтар бүкіл әлемді өзгертіп жібермесе де, айналасын жақсы жаққа өзгертті», деген пікірлер айтылды. Кез келген блогер қолындағы ұялы телефонын, видеокамерасын, фотоаппаратын қолына алып, әлеуметке, айналасына әсер ете алады, қоршаған ортасын өзгерте алады.

Қазіргі таңда қарқынмен дамып келе жатқан қарапайым Твиттер арқылы да, «Мына көшеде көлік апаты болды, жол кептелісі, айналып өтіңіздер» деген жазбаңызбен-ақ бір-екі оқырманыңызды жаман көңіл-күйден құтқарасыз. Бұл да бір жақсылық жасаудың тиімді әдісі шығар. «Интернет – бұл құрал» деп Жалғас Ертай айтқандай, оны өз пайдаңызға жұмыс істете алыңыз, блогты қазірде әуесқойлықпен бастасаңыз ертеңінде өз азығыңызға айналдыра аласыз. Тек ниет пен оперативтілік, тапқырлық, жалпы айтқанда қарқынды жұмыс керек.

Кешегі жиналған блогерлердің көбі орыс тілді, осыдан бірнеше жыл бұрын алғашқы блогтарын ашып, қазіргі таңда өз оқырмандары бар, тіпті кейде тапсырыспен, яғни ақшаға мақалалар жазады. "Блог дегеніміз не?" дегеннен гөрі, олар "Блогпен ақша табу дұрыс па, бұрыс па?" деген тақырыпта пікірталасып жатыр. Ал біздердің көбіміз әлі бірінші сауалнаманың төңірегінде жүрміз, өкінішке орай.

Қазіргі таңда, қазақ жазармандары Facebook әлеуметтік желісін блог алаңына айналдырып жүр. Бұл қаншалықты тиімді екенін білмеймін, бірақ азаматтық журналистика үшін шекараны кеңейту керек, блогосфераларға шығу керек деген ойдамын. Өз бетшеңізде қандайда бір әлеуметтік өткір мәселені көтерген болсаңыз, әрі бетшеңіз өзгелерге жабық болса, оны әрбір адам сілтеме арқылы оқи алмайды. Бұл да бір кедергі деп ойлаймын.

Қазақ блогерлері барынша бірігіп, салмақты тақырыптарда блогтар жаза отырса, бұл да өркениетіміздің кеңейгені деп білемін.

Белсенді болайық, блогерлер!