Ұрлық туралы "ұрланған" ой ))

Ұрлық туралы "ұрланған" ой ))
жеке
блог

Адамдар бір-бірінен көп нәрсе ұрлайды. Ой ұрлайды. Айтылатын, жазылатын нәрсенің түптеп келгенде мағынасы мен мәні бір нәрсе ғана. Тек әркім оны өзінше жазады. Сөйтіп-ақ түрліше көрінуі мүмкін. Алысқа кетпей-ақ Массагетте жүргізілетін кезексөздерді (эстафета) айтайық. Бәріміз тағатсыздана күтеміз. Тақырып бір, айтылар ой да сол төңірек, айырмашылық тек әркімнің әрқалай жеткізуінде.

Маған жаңа мәлім болған дүниені бір кісі баяғыда-ақ айтып қойған болып шығады. Оған таңырқаудың қажеті де жоқ. Өйткені, адам жасы ұлғайып, өмірлік тәжірибесі көбейген сайын көкжиегі кеңейіп, дүниетанымы молая бастайды. «Өмірдің өзі ұстаз» деген сөз осыдан шықса керек. Сол секілді өнерде, әдебиетте бір-бірінен ұрлау кең тараған.

Қазақ «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп жатады. Жалт еткен жақсы нәрсені «ұрлап», өзінше бейімдеп, пайдалануда тұрған сөлекеттік жоқ қой деп санаймын.

Ең жаманы адамның өзге қасиеттерді ұрлап, өз-өзін жоғалтып алуы, яки табиғи болмысты қолдан құрауы.

Адам қоршаған ортада өмір сүрген соң, бір-біріне ықпал етеді. Сөйлеу ырғағы, өзін-өзі ұстауы, қимыл-қозғалысы, тіпті киіміне дейін біркелкі орталар болады. Бірге жүретін достардың сырт көзге бір-біріне ұқсап көрінуі тек мүдде, ой-пікір бірлігінен ғана емес, әсер ететінінде де жатса керек.

Яғни адамдар бір-бірінің жақсы қасиеттерін (жаман қасиеттерін де) ұрлап, өздеріне көшіріп алады. Сіздің де іштей үлгі тұтатын адамыңыз бар шығар? Жасырмаңыз )