Ауыр салмақтағы қылжақбас, һәм ержүрек биолог

Ауыр салмақтағы қылжақбас, һәм ержүрек биолог
жеке
блог

Көптен бері америкалық рухта хеппиенд фильмдер көрмеп едім. Негізінде топас комедия мен мелодрамаларды ұнатпаймын, кейде кинотеатрға барасың да, анайы әзілдер мен сұрқия романтика фильмдерге тап болып, құртқан ақшаңа өкінесің. Сол себепті, көбіне ой салатын, жақсы рецензияланатын фильмдерге барамын.

«Толстяк на ринге» аты айтып тұрғандай, комедия жанрында түсірілген фильм. Скотт деген биология мұғалімі өте еріншек, балаларға көп сабақ оқудың түкке қажеті жоқ деп санайды, сол себепті сыныпта ол газет оқиды, кешігіп келеді, жалпы айтқанда бейқам өмір сүреді. Соған қарамай, мектептегі ең әдемі медбике ханымды «сындырып» алмақшы.


Осы бір бейқам күндердің бірінде, мектеп әкімшілігі оны кезекшіліктен әрдайым құтқарып жүретін музыка үйірмесінің қарт мұғалімін қысқартамыз деген шешім шығарады. Бұл іске ол араласпай-ақ қоятын еді, алайда жүрегінің түбіндегі мейірімділігі оянып, қарт мұғалім мен оның екіқабат әйеліне аяныш білдіреді. Сол себепті қарт мұғалімге бір жылдық айлығын толтырып берудің амалын қарастырады.


Солай, жекпе-жек алаңына тап болады: ең бастысы мұнда жеңілсең де, жеңсең де ақша аласың. Бұл қарт мұғалімге көмектесудің ең оңай, әрі қауіпті жолы. Батыл Скоттың бұл ерлігіне дүйім жұрт таңданыспен қарайды, оқушыларының арасында сыйлы атанып, сүйікті медбикенің көзінде ержүрекке айналады.


Скоттың өзі де қарт мұғалімнің ісіне деген адалдығынан нәр алып, өнер мен білімнің оқушыларға қаншалықты маңызды екенін түсіне бастайды. Сабақ беруде жаңа техникалар пайдаланып, өмірінде түбегейлі өзгерістер болады.

Жыл соңында қарбалас тірліктен шаршап, көңіл серпілтіп алу үшін осы фильмге жол тартсаңыздар болады. Орынды әзіл, іш пыстырмайтын оқиғалардың өрілуі жақсы әсер қалдырады. Сонымен қатар, Голливудтың атақты комедиялық актері Кевин Джеймс пен хас сұлу Сальма Хайектің шебер ойынына тәнті болып қайтасыздар.