Кездесу деп осыны айт...

Кездесу деп осыны айт...
жеке
блог

Менің Он.кз-те басталып, Массагетте жалғасын тапқан онлайн достарыммен өмірдегі кездесулерім Қостанайдан Астанаға қоныс аударғалы мүмкін бола бастады. Олай дейтінім, ғаламторда аралас-құралас болып, хат жазысып жүрген достарымның көбісі Оңтүстік өңірдің тұрғындары. Оңтүстік астанаға бір табан жақындаған соң, достарымның елордаға келген сапарларында олармен кездесіп, қол алысып, жақын танысу мүмкіндіктерін жібермеуге тырысып жүрмін.

Ғаламторда танысып, хат-хабар алмасып, құрбы-құрдас, аға-қарындас болып араласу әрине қызық. Ал сол адамдармен шынайы өмірде кездесіп, бетпе-бет отырып әңгіме-дүкен құру одан да қызық екен.

Сондай кездесулерімнің алғашқысы  - біразыңызға жақсы таныс Айгүл Болатханқызымен кездесуім болды. Тамыз айының аяғында Айгүл апайдың Астанаға келетінін білген соң, Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабын ала келуін өтіндім. Астанаға іссапармен келе жатса да, өтінішімді жерге қалдырмай тамаша кітаптың екі данасын алып келді. Айгүл апай ашық мінезді, өзінің жазбаларындағыдай сөздері салмақты, мейірімді жан екен. Шай ішіп, асықпай әңгімелесуге уақыт тығыз болған соң, автордың қолтаңбасы қойылған екі кітапты құшақтап үйге қайттым)))

Бәріңіз хабардар болған «Жас Отанның» съезі себепші болып, сол «Жас Отанның» белсендісі, өз елінің патриоты, жазбаларын әдемі сөздермен шебер кестелейтін, Жамбылдың жайдары қызы Нұрзияшпен де кездесудің сәті түсті. Съезд біткен соң менің жұмыс орныма келе жатқан Нұрзия Астананың көлік кептелісінен шыға алмай тоқтаған қонақүйіне кері қайтуға мәжбүр болды. Содан жұмыстан шыққан соң сонау Жамбылдан Астанаға жиі келе бермейтін құрбыммен кездесуге өзім бардым. Астананы білетінім шамалы, әйтеуір не керек Нұрзия айтқан «KING»қонақүйін сұрастырып жүріп тауып алдым. Нұрзиямен кездескен сәттен-ақ бұрыннан араласып жүрген ескі достардай әңгімеміз жараса кетті. Өзі сондай ашықжарқын, жайдары, бауырмал. Жиынға қатысып, Елбасының қолын алып, суретке түскендегі сәттерінің тамаша әсерлерімен қуана бөлісті. Көптен күткен кездесуден естелік болсын деп суретке түсуді де ұмытпадық.

 

Маған "Өнеге" журналының бірнеше сандары мен әдемі қалам сыйлады.

Массагеттің 1-жылдығы құтты болсын, достар! 1 жасқа толуына орай Массагет ұжымы өзінің тұрақты қолданушыларына сыйлықтар жасап жатқаны белгілі. Соның ішінде Астанаға арнайы келіп, осындағы қолданушыларымен кездесіп, ұсынған сыйлықтары керемет тосынсый болды. Астананың аязына тоңса да, сыйлықтарды өз иелеріне аман жеткізген Сәниямен танысқаныма өте қуаныштымын.

 

 Массагеттің тамаша сыйлықтары

Қазір елорданың тұрғыны болған Жарқын ағамен де күні кеше кездесудің сәті түсті. Екеуміз ағалы-қарындас болып әңгіме-дүкен құрдық. Массагеттің берген футболкасын естелік болсын деп Жарқын ағаға сыйладым))

Осындай тамаша достармен ғаламторда таныстырып, шынайы өмірде кездесуге себепші болған Массагетке үлкен алғыс!!! Алда басқа достармен де талай кездесулердің күтіп тұрғанына сенімдімін.