Философия ғылымы нені зерттейді?
блог
Философия – ерекше ғылым. Оның пәрмені мен мәні дүниеге көзқарасы мен методологиясында. Ол ұлттық шеңберде немесе белгілі бір ағым аясында тұйықталып қалмайды. Философия – қашанда бүкіл адамзат табысы, баршаға ортақ рухани жеміс, әлемдік өркениеттің, рухани мәдениетінің ажырамас бөлігі. Философия – дүниеге көзқарас қалыптастыратын ғылым. Қандай да бір адам болмасын, ол дүниеге белгілі бір көзқарассыз өмір сүрмейді. Өмірді танып, білу арқылы адам белгілі қорытындыға келеді: қабылдайды, теріске шығарады, қолдайды, ұнатпайды, т.б. Міне философияның методологиялық, дүниеге көзқарастық рөлі деп осыны айтамыз.
Философия – адамзат дамуының қайнарынан бастау алатын ғылым. Ол біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтың басында дүниеге келді. Сол кезден бастап ол үнемі даму үстінде. Адам баласының ой – өрісі кеңейген сайын философия да тереңдей түсті. Философияны дінге жақын, өйткені ол дін сияқты догмаға сүйенеді дейтіндер де бар. Бірақ ол дін емес. Дегенмен, философия нақты фактілерге жүгінеді. Сондықтан философия басқа ғылымдар сияқты қашанда обьективтік факторларға сүйенеді. Басқа ғылымдар сияқты оның заңдары мен категориялары бар. Философия – дін мен ғылым екеуінің арасындағы дәнекер дейтін көзқарас та кездеседі.
Әрине, философия - өз алдында ғылым. Ол, ең алдымен, дүниетанымдық, теориялық, методологиялық ғылым. Философия бүкіл әлемді, оның басты салалары – табиғат, қоғам, адам санасын тұтас құбылыс ретінде алып, оның жалпы заңдылықтарын ашады, обьективтік шындық жөніндегі белгілі қағидалар жүйесін қалыптастырады. Сол мақсатқа жетуде ол басқа ғылымдар сияқты қоғам тарихында өз орны бар ғылым ретінде өмір сүреді. Философия ғылымының заңдылықтары басқа ғылымдар заңдылықтарын жоққа шығармайды. Өйткені оның заңдары басқа ғылым заңдарын бірдей қамти алатын жалпы қасиетке ие. Солармен қатар және бірге өмір сүреді. Кейбір әдебиеттерде философия бұдан 2500 жыл бұрын грек жерінде дүниеге келді делінген. Бұл – біздің заманымызға дейінгі V ғасыр шамасы. Ол – Афины демократиясының гүлденген дәуірі, философияың әбден қалыптасқан, оң – солын ажыратқан тұсы болатын. Ол кезде философияда материалистік және идеалистік, диалектикалық және антидиалектикалық бағыттардың ара жігі ашылып, әбден айқындала бастаған еді. Шыныда, философия одан әлдеқайда бұрын шығыс елдерінде дүниеге келді. Ең алғашқы дүниетанымдық пікір мифология түрінде пайда болды.
Бұл гректердің екі сөзінен құрылған: «mifos» - аңыз, «logos» - ілім. Мифологиямен бірге жазу мәдениеті пайда болды. Мифилогия негізінде дін дүниеге келді. Барлық діндер мифологияда кездесетін ертегі, аңыздарды пайдаланды. Ал дін ешнәрсенің себебін ашып көрсетпеді. Олар тек илануды талап етті. Әр нәрсенің себебін білгісі келгендер мұндай ұғымдарға қанағаттанбады, көңілі толмады. Олар әр нәрсенің түбіріне үңіліп, сол туралы әрқилы ой жүгіртіп, пікір айтты. Ондайларды Пифагордың сөзімен айтқанда «философ» деп атады. Бұл гректердің ертедегі екі сөзінен құралған ұғым (philio – сүйемін, sophia – даналық, екеуі қосылып «философия» деген сөзді туғызды). Арабтар бұл сөзді тіліне жеңілдетіп «фәлсафа» деп атаған. Бірақ қазірде «философия» деген сөз бұл ұғым шеңберімен шектелмейді. Ол – сонымен бірге дүниетаным, өмірлік позиция, іс - әрекет. Философия дүниеге келген кезінен бастап мифология негізінде қалыптасқан дінмен қатар және онымен күресте шыңдалып, дамыған.
Философтарды ойландыратын мәселелер қашанда мыналар болатын: Дүние қалай құралған? Рухани материалдықтар қалай қалыптасқан? Шыңдық деген не? Адам өмірінің мәні не? Дүние мәңгі ме? Философия осы сияқты сандаған дүниетанымдық сұрауларға дауап іздеді.
Егер дін мифологияны қабылдап, оның қағидаларын, аңыздарын бүтіндей қолдану негізінде қалыптасқан болса, философия ойлау, зерттеу, сын көзбен қарау, талдау негізінде дүниеге келді. Философия барлық ғылымдардан бұрын дүниеге келгендіктен, кезінде оны ғылымдардың ғылымы деп те атаған. Өйткені ол кезде әлем туралы барлық алдыңғы қатарлы тұжырымдар мен пікірлер өз алдында ғылым ретінде дараланып, бөлінбегендіктен ол пікірлерді философия өз бойына жинақтаған болатын. Сондықтан да философ әрі дана, әрі табиғатты зерттеуші сынаушы, байқаушы ретінде бой көрсетті. Осыдан келіп, ол кезде философия барлық табиғат жөніндегі ой – пікірлерді бойына жинақтағандықтан, оны натурфилософия деп те атады. Кейіннен түрлі ғылымдар философиядан еншісін алып, өз алдына ғылым болып бөліне бастаған соң, ол бұрынғы натурфилософиялық сипатын өзгертіп, тікелей өз проблемаларымен айналысатын теориялық ілім дәрежесіне көтерілді. Былайша айтқанда, философия бұрыңғы көтеріп жүрген ауыр жүктен босап, жеңілденіп, тікелей өзінің методологиялық, дүниетанымдық проблемаларымен айналысатын мүмкіндік алды. Бұдан былай философияның тікелей айналысатын проблемаларына жататындар: логика (гр. Logos – ойлау заңдылықтары туралы ілім), онтология (гр. Ontos – мән туралы ілім), гносеология (гр. Gnosis – таным туралы ілім), аксиология (гр. Axios – құндылық туралы ілім) болып қалыптасады.