Даналық бастаулары. 1-ші жазба.
блог
«Даналық бастаулары» –
- сан алуан тақырыпты қамтитын универсалды жоба;
- блог;
- Massaget.kz порталының 1 – жылдық торқалы тойына тарту!
Басты мақсаттары –
- даналық бастаулары болып табылатын өркениет құндылықтарымен тереңірек таныстыру, меңгерту;
- жеке тұлғаның сан қырлы қасиеттерін дамыту;
- заманға сай бір сырлы, толық жанның қалыптасуына шынайы үлес қосу.
АДАМ БОЛ!
«Келер қазақтың да ішетін уы мен балы – Абай». Асқар Сүлейменов
«Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы ерінбе.
Адамдықты көздесең
Жат, тоқып ал көңілге». С. Торайғыров
Даналық – тарихи, әлеуметтік, көркемдік шындық. Ойдағы шындық, өмірдегі шымырлық халықтың рухы мен тағдырын танытып, адамзаттық рух пен әдептілік туралы ойсананы қатар алып жүреді.
Абай даналығы – адамның өз қабілеті мен кемшілігін білуге, кісілік әлеуетінің тұрақты өсуіне, интеллектуалды тұлғаны қалыптастыруға арналған. Абай үшін адамды тану – қазақты тану, тұлғалықтың адамдық және ұлттық сипатын өзара салыстырып қарастыру арқылы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру. Рухани асылдыққа деген Абай жүрегіне ұялаған ыстық сезім, сергек ой осы уақытта да оқырманды тәнті етеді.
*** Жұмбақ Жұмбақ: Алла мықты жаратқан сегіз батыр, Баяғыдан соғысып әлі жатыр. Кезек-кезек жығысып, жатып-тұрып. Кім жығары белгісіз түбінде ақыр. Ш е ш у і: Мұны тапсам ойланып, ақын деңіз, Таба алмасам, ақылды болар неміз? Қыс пенен жаз, күн мен түн, тақ пенен жұп. Жақсылық пен жамандық – болды сегіз. |
***
Жігіт сөзі
Айттым сәлем, қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас. Сағынғаннан сені ойлап, Келер көзге ыстық жас. Сенен артық жан тумас, Туса туар – артылмас. Бір өзіңнен басқаға Ынтықтығым айтылмас. Асыл адам айнымас, Бір бетінен қайрылмас. Көрмесем де, көрсем де, Көңлім сенен айрылмас. Көзім жатқа қарамас, Жат та маған жарамас. Тар төсекте төсіңді Иiскер ме едім жалаңаш? Иығымда сіздің шаш, Айқалайсып тай-талас, Ләззәт алсақ болмай ма, Көз жұмулы, көңіл мас? Сізде сымбат, бізде ыхлас, Осы сөзім бәрі рас. Сіздей жардың жалғанда Қызығына жан тоймас. Етің, етке тигенде, Демің, тиіп сүйгенде, Тән шымырлап, бой ерiп, Ішім оттай күйгенде. Жүрек балқып игенде, Ішкі сырды түйгенде, Іздеп табар сұңқармын, Жарастықты шүйгенде. Қылығыңда жоқ оғат, Қарап тойман жүз қабат, Ыстық тартып барасың Бір сағаттан бір сағат. Сіз – қырғауыл жез қанат, Аш бетіңді, бер қарат, Жақындай бер жуықтап, Тамағыңнан аймалат! |
***
Қыз сөзі
Қиыстырып мақтайсыз, Ойласаң не таппайсыз? Бізде ерік жоқ, өзің біл, Әлденеге бастайсыз. Біз де әркімді байқаймыз, Тап бергеннен тайқаймыз. Сіздей асыл кез болса, Қайтіп басты шайқаймыз? Ақылыңа сөзің сай, Сіз – жалын шоқ, біз – бір май; Ыстық сөзің кірді ішке, Май тұра ма шыжымай. Қабыл көрсең, көңлім жай, Тастап кетсең, япырмай, Ит қор адам бола ма Бұл жалғанда сорлыңдай? Тілегімді бермесең, Амалым не жерлесең? Үйір қылма бойыңа, Шыны жақсы көрмесең. Қайғың болар шермен тең, Қара көңлім жермен тең. Сенсіз маған жат төсек Болар бейне көрмен тең. Сіз – бір сұңқар шаћбаз*, Жер жүзінен алған баж.* Біздей ғарып есепсіз Есігіңде жүр мұхтаж. Көңлің тұрса бізді алып, Шыныменен қозғалып, Біз – қырғауыл, сіз – тұйғын, Тояттай бер, кел де алып. Тал жібектей оралып, Гүл шыбықтай бұралып, Салмағыңнан жаншылып, Қалсын құмар бір қанып. Мұны жаздым ойланып, Ойда бардан толғанып. Кірсе ішіңе оқи бер, Бозбалалар, қолға алып. Мұны оқыса кім танып, Жүрегіне от жанып. Сөзді ұғарлық жан тапса, Айтса жарар ән салып. Өлең жиған тырбанып, Ән үйренген ырғалып, Сорлы Көкбай қор болды-ау, Осыншадан құр қалып. |
***
Нақыл сөздер
Тіл – жүректің айтқанына көнсе жалған шықпайды.
***
Естілердің сөздерін ескеріп жүрген адам өзі де есті болады.
***
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат.
***
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артынан сөз қалдырған.
***
Махаббат – әуелі адамның адамдығы, ғылым деген нәрселермен байланысты.
***
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдап көрсе қызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!
***
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.
***
Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Шын сөз қайсы біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма.
***
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек.
Харкет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
***
Жаратушы тұрғанда жаралғаннан не сұрайсың?
***
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті,
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және сүй Хақ жолы деп әділетті.
***
Кімнің ұяты жоқ болса, соның иманы жоқ.
***
Жартылай мұсылман – жарты адам,
Толық мұсылман – толық адам.
***
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың, елден ерек...
***
Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең,
Мықты болсаң өзіңнің нәпсіңді жең.
***
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
***
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой –
Бес асыл іс көнсеңіз.
***
Биік мансап – биік жартас.
Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,
Екпіндей ұшып қыран да шығады.
Жікшіл ел жетпей мақтайды,
Желөкпелер шын деп ойлайды.
***
Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы,
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп тегіс, жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол ақынның білімсіз бейшарасы.
Өлеңге әркімнің ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,
Қазақтың келістірер қай баласы.
***
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,
Жас балаша жүректі жақсы уатар.
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдыңың сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар.
***
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе қызықпа, оңғаққа ерме,
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме.
***
Жаман дос көлеңке –
Басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың,
Басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың.
***
Досы жоқпен сырлас,
Досы көппен сыйлас,
Қайғысыздан сақ бол,
Қайғылыға жақ бол.
***
Жасанды кішіпейілділік – жақсы қасиет емес.
***
Бойда қайрат, ойда көз,
Болмаған соң, айтпа сөз.
***
Бақпен асқан патшадан,
Мимен асқан қара артық.
Сақалын сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық.
***
Пайда ойлама ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
***
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
***
Қайратсыз ашу тұл,
Тұрлаусыз ғашық тұл,
Шәкіртсіз ғалым тұл.
***
Көзіме жас бер, жылайын,
Шыдам бер, сабыр қылайын.
Жаралы болған жүрекке,
Дауа бер, жамап сынайын...
***
Абайдың өзге ақындармен сөз жарыстыруы
Н а р м а н б е т Нәпсі жел, көңіл өзен толқын ұрған, Ми патша, ақыл дария кеңес құрған. Таупықсыз ақыл мақұл болмайды екен, Білмесең, құр суретсің бекер тұрған. А б а й Сөз самал, өлең дария толқын ұрған, Ми патша, ақыл уәзір кеңес құрған Ғылымсыз ақыл таупық болмайды екен, Болмаса құр суретсің бекер тұрған. *** Ы б ы р а й А л т ы н с а р и н Адам көркі бастағы, Маңдайдағы қастары. Кеңшілікте әркім дос, Таршылықтағы қайрылған достағы. А б а й Бес мүшеден бөлекше бас та өзгеше, Қиғаш біткен маңдайда қас та өзгеше. Кеңшілікте дос та дос, қасың да дос, Таршылықта қайрылған дос та өзгеше. |
***
Қиясбайдың есебі
Абайдың Қожанасыр мінездес Қиясбай деген досы болған. Бірде Абай үй-ішімен есеп жөнінде әңгімелесіп отырса:
– Абай аға, сіз есеп білесіз бе? – деп сұрапты.
– Аздап, Қиясжан, – депті Абай.
– Аздап білсеңіз, екі жүз ешкінің мүйізі қанша болады?
– Төрт жүз болады да.
– Пәлі, Абай аға, сен де есеп білемін деп мақтанасың-ау, – депті Қиясбай, – сонша көп ешкінің ішінде мүйізі жоқ тоқалы, мүйізі сынған кемдері болмай ма екен? – деп мырс-мырс еткенде, үй-іші ду күліпті.
***
Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық...
***
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
***