Таңғы айқас

Таңғы айқас
жеке
блог

Шырт ұйқы. Қалтафонымның оятары (будильник) дабыл қақты. Даусы жер жарып бара жатқандай. Қолдарым оп-оңай оны тауып алды да, ойландырмастан сөндіре салды. Басымда көтерер-көтерместен терезеге қарадым: Таң шапағы көріне бастапты. Диалог басталды:

- Әлі таң қызарып үлгермепті, кішкене жата тұр.

- Қазір жатсаң, ұйықтап кетесің, тұрып кеткенің жақсы.

- Бар болғаны 5-10 минут. Онда тұрған не бар?!

- Ұйықтап кетсең оятар ешкім жоқ. Тұр деймін.

- Қалтафоныңның оятары қазір бес миуттан соң қайта дабыл қағады, сол кезде тұрасың.

- Оған сенім жоқ. Кеше дәл солай істедің. Кім сөндіргенін немесе қалай сөндіргеніңді білмей қалғансың. Ұмыттың ба?!

- Түнде кеш жаттың, аясаңшы өзіңді.

- Өзіңнен көр кеш жатсаң, түнімен facebook-та отырып не шаруаң бар?!

- Қарашы, Марат пен Жалғас тым жақсы ұйықтап жатыр, ал сен болсаң таң атпай…

- Өзгеде не шаруаң бар? Өзіңді біліп алсаңшы бірінші!

- Қазір кішкене көз шырымын алмасаң, күні бойы маужырап жүресің…

- “Үстің көрпе, астың құс. Ойласаң, ұйқы жаман іс” деп күнде мақалдайсың ғой осы. Ал қазір мына ісің не?!

Біреуі жеңбесе, диалог осылай өрби береді. Бір күні жеңсек, бір күні жеңіліп жатамыз...

Құдай кешірсін!