«Махаббат - әр үйдің алтын діңгегі»

«Махаббат - әр үйдің алтын діңгегі»
жеке
блог

Махаббатты өзенге емес, көлге емес, тек қана теңізге теңестіруге болады. Теңіз сияқты мұның да бетінде тулаған толқындар жүреді, түбінде ғажайып сырлы тереңдік жатады. Адамның жыныстық соқыр сезімінен туған сусыма жүйрік тілек толқынға ұқсаса, шын санадан шыққан жан тебірентер жақсы мұрат, асыл арман тізбегі махаббаттың терендігін танытады. «Бір көргеннен ғашық болу» деген сөз де сол «толқын» іспеттес, ол тән құмар-лығынан туған, жалт етпе сезім ғана. Алғашқы лап еткен сәтте оның күшті боп көрінуі де ықтимал. Бірақ бұған қарап алданып қалуға болмайды. Тән құмарлығы алдамшы, өткінші, тұрақсыз сезім. Онда шынайы махаббатқа лайық тереңдік жоқ. «Бір көргеннен ғашық болдым» дегеннің өзі-ақ ол сезімнің таяздығын танытады, көре сала сөны құшуға құмартқан жүгенсіз, ұшқыр тілекті көрсетеді. Теңізді бірінші рет көрген адам онын суының ащы немесе тұщы екенін, астында не барын бірден білмейді. Мұны теңізге түсіп көріп, түбіне талай сүңгіген адам ғана айта алады. Сол сияқты бір көргеннен адамның бойындағы барлық адамгершілік қасиетін аңғаруға болмайды. Оны анықтамаған соң ғашық болу да мүмкін емес. Ендеше «Сізді бір көргеннен ғашық болдым» деген сөзге сенудің орны жоқ. Олай деп оңай «олжа» тапқысы келген қу жігіттер мен шын сезімнен хабары жоқ, жасөспірім, бейкүнә қыздар ғана айтуы ықтимал.

Сонымен, «бір көргеннен ғашық болу» деген ұшқары сөз. Бір көргеннен тек қана ұнатуға, қызығуға, құмартуға болады. «Құмарту — ғашықтық емес. Адам жек көре тұрып та құмарта береді» (Ф. Достоевский). Ал, бірсыпыра жастар бірін-бірі ұната сала: «Бітті, біз ғашықпыз!» деп есептейді. Сөйтіп, қолма-қол сүйісіп, сүйкенісіп жібереді. Көзді ашып жұмғанша ерлі-зайыпты боп та шыға келеді. Олар мұның шынайы сезім емес екенін артынан аңғарады. Содан соң бір-бірімен айтысып, ажырасып әлек болады. Мұндай күйге душар болмас үшін жастар тез қауышуға құмартпауы керек. Ұзак сөйлесіп, сыйласып, сырласып, әбден біліскеннен кейін, шын сүйетініне, бірігіп, жарасты өмір кешетіндеріне анық сеніскеннен соң ғана бір-біріне ләззат құшақтарын ашса абзал. Кіршіксіз, таза махаббаттың тәттілігі де сол болмақ. Қыздар бос күйеу тапқанына емес, дос күйеу тапқанына қуануы қажет. Жігіттер кино, театрға бірге баратын жолсерік қана емес, жан серік тапса ғана бақытты. Осылай жұптасып, зайыптылық өмірдін алтын босағасы — достық пен махаббатты берік ұстаған берекелі семьяны ғана көрші ұнатады, коғам құптайды.

Махаббат ұшқыны дананың да, даңғойдың да жүрегіне түседі. Біріншісінің жүрегіне түскен ұшқын махаббаттың маздаған мәңгілік отын тұтатады; соңғысына түскені — мұз үстіне лақтырған қызыл шоққа ұқсайды. Шын махаббаттың шырғалаңы да болады.

Махаббат мәңгілік болуы үшін, оның оты өшпеуі үшін оған жұп боп қосылған екі жақ кезек «тамызық» тастап отыруы парыз.Мұның өзге ешбір математикалық формуласы жоқ. Махаббатта бір-ақ формула бар, ол — тұрақтылық. Махаббаттың да досы мен қасы бар. Досы: ұят, ар, борыш. Осы үшеуін ренжітпей, өзіне сенімді серік еткен махаббат қана зайыптылық заңына берік болады.Қасы: ашу, қызғаныш, кикілжің. Осылардың әзәзілі — арақ. Жас жұбайлардың бірін-бірі сүйіп қосылуымен іс бітпейді. Олар қосылғаннан кейін де өз махаббатын гүлдей мәпелей беруі тиіс. Сүйіктісін қуантуға тырысу, соны риза етерлік бір нәрсе істеуге ұмтылып отыру — мәпелеудің бір түрі осы. Сүйгеніңнің көңілін қалдырмау үшін оның тілегін мүлтіксіз орындау да ғанибет.

Сайып келгенде әр адам — өз махаббатының бағбаны. Солып қалмауы үшін қай гүлге қашан су құю керектігін бұлжытпай білетін бағбан тәрізді, адам да өз махаббатының үнемі жайқалып тұруына тынбастан жағдай жасап отыруы тиіс. Бұл үшін ерлі-зайыптылардың әрқашан да бір-біріне құштарлығы, шексіз сенімі, әлдеқалай іште бас көтерген қызғанышты сыртқа шығармай, сабырмен жеңуі, ағат айтылған сөздерді кек тұтпауы, кешірімділігі, өзара қалтқысыз қамқорлығы, сыйластығы, ашуды тежеп, нәпсіні тыйып ұстауы қажет. Бір сөзбен айтқанда, өздерін тәртіппен ұстай білген зайыптардың махаббаты ешқашан өшпек емес. Бұл арада атақты Абайдың: «Болмаса мінезінің жат кесегі, майысқан бейне гүлдей толықсыған, кем емес алтын тақтан жар төсегі» деген сөздерін әрқашан да есте ұстау абзал. Сонда ғана ерлі-зайыптылар арасындағы жарасты махаббат үйге нұр, ұяға көрік береді, тұрмысқа ажар, көңілге базар орнатады.

 

«Махаббат қызық сол жылдар...» романынан үзінді.