Қазақтың салт - дәстүрі өз алдына бір керемет дүние. Сатыланған жүйесінде асқан ақылдылық, ұлы көрегенділік пен шебер тәрбие бар. Бұл ұлтымыздың бет пердесі, өміріміздің айнасы. Бір халықты білгің келсе, тұрмыс салтына үңіл, әрі қарай қызықтырса дәстүрін үйрен, етене кірем десең қызына үйлен дегендей салт - дәстүріміз бөгде ұлттың көңіліне бірден қонады. Дөңгеленген дүниеде ынтымақ пен бірлікті ниет еткен аналарымыз ақ дастарханын айналдыра жайса, аталарымыз киіз үйінің керегесін Жаратушысының кеңдігіне сай дөңгелетіп, Аллаға именгендей жүректерімен уықтарын да иген. Ертеде әжелеріміз "Балам, шалқаңнан жатпа, бетіңді алағанат жалайды" десе, баласын тербеткен келініне "Бесіктің бетін жап, ай түспесін" деп қадағалап отырған. Қай ісіңді болсын оң қолмен істе, не оң аяқпен атта деп үйретіп отырса, есігіне келіп тұрған жаңа келінін босағадан оң аяқпен аттатып, ақ некесін Аллаға куәландырып, сабырлы батасымен отау еткен. Жолға шықса "Оң сапар" деген тілеуі не болмаса бір қауіп - қатерден аман қалса, "Оң қағарың бар екен" деген. Тіптен күйеуге шықпаған қыз баланы "Оң жақта отырған қыз" деп, қыз баласының бетіне келмеген әкелеріміз мен аналарымыз қызының көңіліне көлеңке болмаған.
Ал бүгінде сол оң бағыттан адасқан замандар туған сияқты. Кешкі ымырт кезеңінде тіпті түн жарымына дейін жасөспірім балалар үлкендердің қарауысыз көше кезіп жүреді. Оған қарайтын ата - аналарымыздың өздері келесі бір көшеде қонақ болып жатады. "Әй дейтін әже, қой дейтін қожа", тыйым салатын ешкімге ешкімде жоқ, еркін тыныс, кең көше, жын - ойнақтың ортасында әр толқын өз бетімен уақытын ысырап етуде.
Кейінгі кезде ел арасында келер күндегі ісіне "Иншаалла" сөзін қосып айтқан адамға сескене қарап, "Қойшы соны, иншаалла, иншалла деп құдайға беріліп кетіпті" деп мысқылдайтын адамдар бар. Ал ол сөз "Құдай қаласа, Алла бұйыртып жатса" деген мағынаны білдіреді. Ал одан кейінгі жаңа қазақтардың қорғану тәсілдерінің жаңа түрлері шықты. Ол шұбатылған қызыл, сары, әр түрлі шүберектер. Әдемі салонды көлігін "Тіл - көзден, жол апатынан сақтасын" деген ниеті шығар, артқы жағында салбырап, жер сүйретіп кетіп бара жатқан қызыл байламды көреміз. Тағы бір жағдай, жол бойында не жапанда ертеден өсіп тұрған жалғыз талға ақ шүберек байлап, "Өмірім осы талдай ұзақ болсын" деп ниеттенген жандар қаншама. Ажарлығы мен тал бойын ала бөтен көзден сақтау үшін "Сұқтанған көзден" деген ниетімен киімінің ішкі жағына түйреуіш түйреп қояды. Көлігінің ішкі жағының алдыңғы жағына үкі тағып, "Атамның көзі еді не болмаса атамыз домбырасына тағып, осыдан құдірет алған" дегендер бар. Одан қалды таспихты іліп, "Алла мені қорғап жүр" деген сенім иелері қаншама. Алланы растағанымен Оның сөзі жазылған қасиетті Құранның ішіне бір сәт болса да үңілместен төріне іліп қояды. Немесе кіре беріс есігінің жоғарғы жағына адыраспанды үйіп - төге іліп, немесе жеті саны қасиетті сан деп, қызыл бұрыштың жетеуін, одан қалды үйіне келген адамның көзі жинаған дүниесіне түспесін, түсіп жатса қорғасын деген сақтану ниетімен әр бөлмесіне көз моншақтың үлкен - кішісін ілгенін көргенде күлкі де қыспайтын болды. Ал тіпті Алланы, ата - бабасының ырымына сенбейтін жаңа қазақтар атақты Наталья Правдинаның "Фэн - шуй" кітабын түгелдей оқып, тибеттік мүсіндерді жұмыс үстелінің оң жағына, үйінің есіктерінің бұрышына тиын тістеген бақаларды күзетші етіп қаптатып қоятынын қайтесіз. Бірде анасының қызына "Сыпырғыштың басын есік жаққа қаратып қойыпсың, немене сен қыз, үйдегі ырзық - берекет кетсін дедің бе?" деп жекіген сөздерін естігенде, жаның түршігіп те кетеді.Жұма күні қайтқан адам немесе Меккеге барып өлген адам пейішке барады деген нанымы бар адамдардың иманы мен Аллаға деген құлшылығы болмаса, бұл істің барлығы бос екендігіне кәміл сеніңіздер. "Биыл мүшелі жаста едім, аман - есен өтейін, Құран оқытып, садақа берейін" деген пенденің кейінірек "мүшелден" өтсімен бұлар ұмыт қалады. Немесе "Пайғамбар жасына жеткенде намаз оқимын" болмаса "Намаз оқып, Алланың жолында жүрмесем де жүрегім мен ниетім таза әйтеуір" деген егде тартқан адамның өзін - өзі алдап, басқаны жұбатқан сөзі кейінгі ұрпаққа не үлгі, сонау бабамыздың мұсылмандықтың керуені қай жолда қалды екен. Қазіргі жаһандану заманында осындай үлкен діни сауатсыздықтың белгілерін байқағанда әлі де қазағымыз Алланың сөзіне құлақ аспай келе жатқанын көреміз.