Балалық бір сәттерден...

Балалық бір сәттерден...
жеке
блог

Альбомымды қарап отырып, балалығыма біраз саяхат жасап алдым :). Біраз ешкімге көрсетпеймін деген суреттерім көп екен... Сондай бір суреттің хикаясы: 

 

Тамыздың соңғы күндерінің бірі болған, сабақты асыға күтіп жүретін 5- сыныпқа өтетін кез. Күнде айна алдында тұрып ән салып, концерт жүргізетінмін. Содан бір күні шаш үлгісін жасағым кеп кетті, тарақты алып шаштарымды алдына түсіріп қойып тарақты орап алдым да біраз концерт жүргізіп тастадым.

Енді концерт бітіп, шашымды түсіріп орнына келтірейін десем әлгі тарақ құрғыр шықпайды... Ары тартам, бері тартам... шығар емес. Енді қайттым??? Мамам көрсе, таяқ жейтінім аян. Содан, үйдің артына бардым да тарақты тартып тұрып шашымды түбінен шарт кесіп тастадым. Маңда тұсымда бір шөкім шашым тік айқайлап тұр. Әй, құрсын бастысы тарақ шықты ғой деп  үйге жетіп бардым. Төргі бөлмеге орғытып бара жатыр ем, мамам мені шалып қалды. "Тоқташы, бері кел шашыңа не болған" деді. Қолымдағы шаш оралған тарағымды көрді де күліп жіберді, кекіл сымағым тура "қораздың айдарындай" айқайлап тұр.

Күлкі бітіп мамам ашулана бастады "енді мына шашыңды қайтеміз, сабақ болса бір екі күнде басталады". Ойымда дым жоқ мен тұрмын. Бір аптадан кейін "қораз" кекілім аздап өскендей болды, мамам соның ұзындығындай етіп бар маңдайыма кекіл кесіп берді. Маңдайым сондай кең болар ма, жаңа кекілім маңдайымның тек бас жағында салбырап тұрды :). 

Әпкем кейде "менен бірінші құтырып, кекіл кесіп алған" дейді күліп. Солай кекілді қыз атанып ем :).