Жастар орталығы керек пе?

Жастар орталығы керек пе?
жеке
блог

Күні кеше ресейлік арнадан "Пусть говорят" бағдарламасын көрдік. Бағдарламада Владивосток қаласында болып жатқан қыздардың төбелесі туралы сөз қозғады. Шыны керек, бір сағаттық бағдарламаны әрең көрдім. Мұның барлығы неден туындайды? Бұл сұмдықтан қалай арылуға болады?

Өзге елдегі сұмдық біздің елде де көптеп кездесіп жатқанын білеміз. Бірі шыдамай, өз-өзіне қол жұмсаса, бірі сотталып жатыр, бірі мүгедек болды. 

Менің үйімнің жанында орыс мектебі бар. Сабақтан кейін жоғары сынып қыздары мен ұлдары біздің аулаға келіп, орындықтарда отырып, өзара әңгіме-дүкен құрып жатады. Олардың келіп-кетуіне бар аула тұрғындарының көзі үйренген. Тек менің есімнен мына бір оқиға кетпейді.

Осыдан 7-8 жыл бұрын біздің аулада қыздар төбелесі болды. Сол орыс мектебінің қыздары. Бірі ұйғыр, бірі орыс қыз. Бұл төбелес аяқ асты басталды.Орыс қыз құрбысымен үйге кетіп бара жатқан. Артынан бір топ қыз-жігіт қуып жетіп, араларындағы ұйғыр қыз жаңағы орыс қыздың шашын жұлып, жерге жатқызып тепкілей бастады. Қалғаны мәз, телефонға түсіріп өліп барады. Орыс қыздың құрбысы ажыратпақшы болып еді, оған да жұдырық тиді. Көрші орыс апай (өте денелі) барды да екеуін екі жаққа айырып тастады. Баласын ойнатып жатқан қазақ әпкеміз ұялы телефонынан милиция мен жедел жәрдемге хабар берді. Осы кезде жаңағы бір топ қыз-жігіт жан жаққа тарап кетті. Таяқ жеген екі қызды орыс апай үйіне кіргізіп алып, алғашқы көмек көрсетті. Кейін қыздарды ауруханаға алып кетті. 

Төбелес қалай басталғанын көрші апайдың аузынан естігенім бойынша айтайын. Сабақ кезінде орыс қызды ұйғыр қыз итеріп жібереді. Орыс қыз "неге итересің?" деп айтқан көрінеді. "Сен маған неге қарсы келдің? Сабақтан кейін көрсетемін" деген екен. Солай бәрі басталған. Орыс қыздың шешесі жоқ, өгей шеше мен әкесінің қолында тұрады. Бірақ, сол кезде өгей шешесі үйінен қуып шыққан көрінеді, ол жігітінің үйінде тұрады екен. Ал ұйғыр қыз ауқатты әулеттің перзенті, дегенін ұстазы да, сыныптастары да істейді. Сонымен бұл төбелесті мектеп басшылығы да, милиция да жылы жауып қойды. 

Мұндай сұмдықтардың әр түрлі себептері бар. Айта берсең, шексіз кете береді. Бірі жаңағыдай көкірегін соғып, өзін әлемнің падишасымын деп есептесе, бірі жай ғана өз күшін қайда жіберетінін білмейді. Содан бері біраз уақыт өтті. Мектеп директоры ауысты, жаңағы қыздар да мектеп бітірді. Байқағанымдай қазіргі таңда мұндай сұмдықтар қайталанып жатқан жоқ. Мүмкін бар да шығар, бірақ нақты осы мектепте кездеспейді. Бұл мектепте көршілерімнің балалары оқиды, көрші апайлар сабақ береді. Олардың айтуынша қазір мектепте бастауыш, орта, жоғары сынып оқушыларымен жұмыс жасайтын психолог маман бар. Әр оқушы өзінің проблемасын айтып, ақыл-кеңес ала алады. тіпті, аноним түрде хат жазу арқылы немесе сенім телефондары арқылы өз мәселелерін айтып, ата-анасы мен ұстаз-досына айтуға жүрексінетін сырларымен бөліседі. Сондай-ақ, мектеп Жастар денсаулық орталығымен тікелей байланыста. ЖДО қызметкерлері келіп, балаларға салауатты өмір салтын насихаттап, жасөспірімдерге мастер-класс, семинар өткізеді.

Жастар денсаулық орталықтары мемлекеттік мекеме болып саналады. Бәзбіреулер бұл орталықтардың бізге керегі не деуі де мүмкін. Менің ойымша, осындай игі іс-әрекеттер әр мектепке, колледж, университетке керек-ақ. Жасөспірімдер арасында болатын проблемалардың алдын алуға денсаулық орталықтарының мамандары көмекке келеді. Олар жастарға бағыт-бағдар беріп қана қоймай, өз уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге ат салысады. Өкінішке орай, мен мектепте оқыған кезде мұндай орталықтардың саны аз болатын. Қазір жыл сайын олардың өрісі кеңейіп жатыр. Бұл мені ғана емес, өзгені де қуантады деген ойдамын.