ІҢКӘРЛІК

ІҢКӘРЛІК
жеке
блог

Ақ қайың есін білгелі ауыл шетіндегі ескі үйдің ауласында жалғыз өсті. Қашан болсын ызғар мен дауылға, жаңбырға арқасын беріп үнсіз тұрғаны. Көшенің арғы бетіндегі Қара ағаштар әлденеге келісе алмай дауласып жатқанда, бұл сырттарынан қызыға қарап тұрушы еді. Осындайда «осы үйдегі адамның да айтар дәнеңесі жоқ, көлеңкеде саялағаны болмаса» деп іштей кейіп қалатын.

Керегесінің топырағын жаңбыр тамшылары мүжіп тастаған, шатырының әр жерінде жылтың қаққан тесіктері бар, терезе жақтауларына ағаш мүктері қаулай бастаған қожырайған жұпыны үйдің қожайыны – жалғызбасты Әжей. Пешенесіне жалғыздықты дүниеден өткенінше жазып қойғандай. Әжейдің ешкімі жоқ. Қайбір күндері көршілері бас сұғып қоятыны болмаса, бұл үйдің босағасын жан баласы аттамайды. Ері бұдан ертеректе қастандықтың құрбаны болды. Одан қалған сүйеніші – жалғыз ұлы бар еді. Оны да тойымсыз ажал құшағына алған. Содан бері жалғыз. Жаны да жалғыздыққа сіңісіп кеткендей. Ешкімді іздемейді. Ешкім де Әжейді іздеп келмейді.

«Е, әппағым, сен де жалғызсырап тұрмысың» деген қарлығыңқы әлсіз дауыстан Ақ қайың селк ете түсті. Әжей бұған тесіліп қарап тұр екен. «Мазақтап тұр ма?» деген ойды жетегіне ала бергені сол еді, тарамыс кәрі саусақтар мұның ақшыл қоңыр бұрымынан сипай бастады. Сол сәт тұла бойына нәр алып, жанына сая тапқандай күй кешті. Қос мұңлық сол мезет бір-бірін үнсіз ұғысқандай еді.  «Жалғыздықты кім өзіне тілеп алар дейсің? – деді Әжей орамалының кірленіп кеткен ұшымен Ақ қайыңның балауса сырғаларын сүртіп жатып.

Ертеңінде Әжей күні бойына көрінбеді. Күнде шаңқай түсте бір уақыт көлеңкесіне кеп отыратын. Ақ қайың өзін шынымен жалғыз қалғандай сезінді. Сол сәт бойын үрей билей жөнелді. «Енді қайттім? Әлге адам келмесе, сұңғақ көк Теректі сұлатқандар мені де жығып кете ме?..» Жан-жағына жәутеңдей қарады. Көмекке кімді шақырмақ? Қара ағаштардан қайран жоқ. Көрші ауладағы жас Сәмбі талдан жәрдем сұраса ше? Осындай  кіресілі-шығасылы үреймен  күнін өткізді.

Күн дөңгелене қызарып ұясына кірер шақта құлағына тыпың қаққан аяқ дауысы келді. Ұнжырғасы түсіп, басы салбырап кеткен еді, дыбыс естілген жаққа көз салды. Қолында көтерген заты бар Әжей келе жатты. Қуанғаннан сырғаларын сыңғырлата берді. «Ә, әппағым, мені сен ғана жоқтайсың ғой» деп Әжей күбірлеп жүріп, мұның дәл түбінен бірдеңелерді шұқып, қаза бастады. Әжейдің не істеп жатқанын Ақ қайың түсінбеді. Манадан бері жалғыз қалған ол, әжейді көргеніне қуанып қана тұрған еді.

Уақыт зымырап өтті. Жер-әлем қайта түлеп, көркейе бастаған. Ақ қайың да жылдағыдан сымбаттана түскен. Бұрымдары қатайып, сыңғыр үнді сырғасы көз жауын аларлықтай тартымды. Ол әдетінше бүгін де ерте оянды.

- Сәлеметсіз бе? – деді  сүйкімді нәзік дауыс төменгі жақтан. Төменге көз салғаны сол әдемі гүл бейнесі жанарын жаулай кетті.

- Сәлеметсің бе?.. Сен... кімсің?..

- Мен – Қызғалдақпын! – деді қызыл гүл еркелей. – Ал, сіз кімсіз?

- Ақ қайыңмын.

Қызғалдақтар

Осылай басталған таныстық екеуінің мызғымас достығына ұласты. Екеуінің жайнап тұрғанын көрген Әжейдің де көп күрсінісі басылған секілді. Кейде ғана «сұм жалған-ай» деп аһ ұрған үні естіліп қалады. Ақ қайың өзіне сырлас тапқанына қуанышын білдіргісі келгендей, күннен күнге ажарланып, сұлулана түсті. Тек соңғы жапырағын күздің суық желіне ілестіре беріп, көктемге деген сағынышы еселене түседі.

Оның Қызғалдаққа деген іңкәрлігі саф сағынышқа айнала бастады.   

(P.S. Бұл шығарма 2007 жылы жазылған еді. 2010 жылы әдеби конкурста екінші орынға ие болған. Бүгін осы сайтқа жариялаудың сәті түсіп отыр. )