Шал.(көп әріп, оқуға ерінгендерге тыйым салынады)

Шал.(көп әріп, оқуға ерінгендерге тыйым салынады)
жеке
блог

 

 

Қазақ фильмдерінің жалпы сапасы жайлы бәріміз хабардармыз. Монтажы болсын, актерлер ойыны, арнайы эффектілері де көңілге қонымсыз болатынын жақсы ұғынған мына мен, бұл фильмнің де өзгеден бөлек бола қоймас ау деп ойлағам. Қателестім, әрине. Эффектілері де, басты рөлдегі әртістің ойыны да, монтажы да, дыбысы да, бір сөзбен техникалық жағынан мін таба алмадым. Иә, әрине, дилетанттық, қарапайым көрермен ретінде айтарым көп емес, себебі кино сыншы да, киноиндустрия маманы да емеспін. Алайда, пікірімді білдіріп, жеткізуге тырысып көрейін.

 

Фильмді кинотеатрға барып көруге мүмкіндік болмады. Уақыт та, сол баяғы бір екі мың теңге де табылмай қалған еді сол кез. Содан, сабыр түбі сары алтын, бір күні онлайн шығар деп жүрдім де, кеше ғана сол ойым іске асты. Көрдім.

 

Тырнақ астынан кір іздеді демеңіздер, құрметті "Шал" фильмінің фанаттары. Бірақ, сюжеті мен мағыналық салмағы сын көтермейтін тағы бір "қоқыс" фильм екен деп өкіндім, рас.

Неге? Сапасы жақсы дей тұра, ұнамағаны қалай? Дәйім жұрттың көңілінен шыққан суперфильм ұнамауы мүмкін емес деп те айтуларыңызға болады. Алайда, сөзіме дәлел келтіре отырайын.

 

Біріншіден, отбасы, үш ақ адам, орамал таққан келіншек (орамалынан келіні деп ұқтым), немересі, қария. Ой туады:келіні болса, ұлы қайда қарияның? Ол туралы фильм басында дым да түсініксіз. Болып жатқан оқиғаға бар ой санаңмен еніп кетуге сол бір құрттай ой кедергі болды. Тек бір жерде ғана көрші ағай сөз арасында шалдың ұлы дүние салғанын тілге тиек етеді. 

 

Екіншіден, кіп кішкентай немересінің атасына деген сыйластығының жоқтығы. Бірден көзге оттай басылды. Қазақи фильм, тұнып тұрған ұлттық колорит дегендердің айтқандарын оқып, соны көре алмадым. Жарайды, бала ерке делік, мүмкін, сол еркелігінің көрінісі шығар. Бірақ, тым асып кетпеді ме?

 

Үшіншіден, көрші ағайдың арами қылығы. Жоқ, қойды алып кет деп өтінгені қалыпты жағдай, бірақ ертесіне өзім барып алып келем деп шалға берген сөзінде тұрмағаны барып тұрған оңбағандық. Шал немересі: "Аға, сіздің де малыңыз бар ғой" дегенде ғана көршінің көңілінде бірдеңке қылтым ете қалғаны жанымды қинады. Құдай ау, қазақтың ері осындай ма еді? 

 

Төртіншіден, ана образы. Шалдың келіні бір жасушалы амебадан да жаман екен. Не эмоция жоқ бойында, не түйсік жоқ. Атасының жоғалғаны жайлы ТВдан біліп, баласының да үйде жоқ екенін түске тамам бір ақ байқағаны, баланы тауып алған соң: "Оңбаған неме, қайда жүрсің! Іздемеген жерім жоқ! деп шапалақпен майлы жерден бір берудің орына, "Балам, үйге жүр" деген сынды бірдеңкені міңгірлегені жанашыр ананың образын ашпады. Осы тұсында фильмді өшіріп, біраз миыма демалыс сыйладым.

 

Анау мынау істерімді тындырып, қой, не болса да көріп тастайын деп қайта қарай бастадым. Ең жаманын режиссер мырза соңына қалдырыпты.

Бесіншіден, ай далада жоғалған шал, малын айдап бір әйелдің күмбезіне кіреді де, от жағып, бұрын өлген адамның аруағымен тілдескендей, кешірім сұрап отырады. Ара арасында боқауызға да барып қалатын ата екен. Бір түрлі, қисынсыз.  

Әйтеуір таң атты ау. Шал тұрса "ОРЛИК" деген аты жоқ. Шалдың еңірегені елжіретті. Біраз толғандырды. Жылқысына берген лақабының ұсқынсыздығы екінші планға көшті. Шалды кәдімгідей аядым.

Қалың тұманда адасып жүрген шал, ақыры әр бір бұтағына аппақ шүберектер түйілген ағашқа кеп, бет орамалын байлап, алғыс білдіргені мен үшін нонсенс болды. Иә, біз қазақ, ырымға баймыз, ағашқа ақ ниетімізбен аппақ шүберек түйіп, сол бір талдың тылсым күшіне сенуге бармыз. Мейлі, сенейік. Мен үшін дін әр бір адамның жеке ісі. Сенгің келсе, сөмкеңе де табынып жүре бер. Қалауың еркіңде. 

Алтыншыдан, ақыры адасқан шалдың үміті үзілейін деп, сенімнен арыла бастаған сәті. Бағана ағаш пен аруақты пір тұтып, табынып жүрген қария, енді кеп Құдайды есіне алды. Алғанда да, қарғысы мен өкпесін төгіп, ала алмай жүрген ашуын шашты.  Алдында бір кадрда "Астапыралла" деп жүрген қартымыз, бір де бір сүрені білмейтінін, "Біссіміля"дан алыс екенін,  ҚҰдайға сенбейтінін айтып, аспанға қарап айқайлап,  мейрімі шексіз Алланның мейрімділігіне күмән келтіре бастады. Осы жері фильмның ең бір дұрыс емес сәті деп түйдім өзіме. Мен қазақтың бәрі мұсылман болу керек демеймін, жоқ, әр бір адамның діні жүрегінде, тек өзгенің дініне тіл тигізбесе екен. 

Сөз соңы. Қазақфильмның осы бір туындысын ҚАЗАҚ киносы деп атауға қарсымын. Қазақилық қайда? Немере дегенде елжіреп тұратын, аузы дуалы, әр сөзінде мейіріммен қоса, даналық сезілетін қария қайда? Келін мен ана образын ашатын актриса болмады ма, әлде режиссердің қазақи келін дегенде (бірақ, мына режиссердің "Келін" дегенді қалай ұғатынын білеміз ғой)...... 

 

Фильм шынайы өмірді, қазіргі замандағы қарым қатынас, осы кездің ауылы, шалы мен немересі, көршілер мен қоңсыларды боямасыз, тура сол қалпында келтірді делік, алайда,менің ойымша, қазақ киноиндустриясы шындықты шырылдататындай жағдайда емес. Бәрі режиссердің түсіргеніндей болсын, мейлі, бола берсін, бірақ фильмге соны түсіріп керек емес ау. Бізге үлгі болатын суперкейіпкерлер, бола алмасаң да, ұқсап бағатын образдар, арман мен қиялға беріліп, жақсыға шақыратын фильмдер керек.

Ал мына фильм қазақ үшін, қазақтың бірлігі үшін, рухани дамуы үшін, өсіп өркендеуі үшін еш үлес қоспады. Менің түйсігімде. Себебі кино, Жан Рено айтпақшы, не үшін деген сөзден бастау алады.....