Бір ғұмырға созылған сағыныш...

Бір ғұмырға созылған сағыныш...
жеке
блог

Осыдан бірнеше күн бұрын, марқұм Мұхтар есімді туған ағамды  түсімде көріппін. Түсімде бар айтқан сөзі: "Мені сағындың ба?"... Сонда мен: "Күнде арамызда жүрсіз ғой, несіне сағынамын" деп жауап қаттым. Бірақ, оянғаннан кейін, сол сөзіме қатты өкіндім, өңімде айтып ренжітіп алғандаймын. Дауысы әлі құлағымнан кетер емес.

Қазақ: "Бауырың - бауыр етің" деп бекер айтпайды екен. Өмірде қанша жақын адамдарың болса да, бауырдың аты бауыр. Адам баласына бауырындай ешкімнің жаны ашымайды. "Күйеу жолда, бала белде, бауырды қайдан табасың?" деген қазақтың сөзі де рас.

Бірде маған бір танысым: "Сенің мұңайып жүргеніңді көрмеппін" дейді. Сонда: "Көңілінде мұңы бар адам, қайғысын жасыру үшін үнемі күліп жүреді" деген сөз есіме түсті. Артынша ойыма келгені, марқұм ағам да сондай еді, әрдайым жайдары жүретін. Кешкі ас ішіп отырғанда, барлығымызды күлдіріп отырушы еді. Менің қабағыма қар жауса: "Кел массаж жасап беремін, қабағыңды аш, әжім түсіп кетеді" деп көңіл күйімді көтеретін. Осы бір ауыз сөзінде қанша қамқорлық, қанша махаббат жатқаны бір Аллаға мәлім, оны тек жүрекпен сезе алатынмын. Сол сезім қазір жетіспей жүр...

Бірде мынадай оқиға болды. Гүлбаршын деген әпкем бар. Ол менің марқұм әкемнің туған інісінің қызы. Қателеспесем, 2004 жыл... сол жылдары Гүлбаршын біздің үйімізде тұрып жүрген, колледжге түскен еді. Оқу жылының басы, енді ғана студент атанған шағы, ата - анасын сағынып жүрген кезі. Не керек, бір күні Гүлбаршынның 2000 теңгесін автобуста әмианымен бірге ұрлап кетеді. Ол кезде 2000 теңге деген көп ақша еді ғой, студентке бір айға жететін. Гүлбаршын үйге көңіл - күйсіз келді. Күні бойы мұңайып, жыларман болып жүрді. Кеш батты, көңіл - күйінің көтерілетін түрі жоқ. Мен оны ары алдамақпын, бері жұбатпақпын, бірақ, еш нәтижесіз. Сонда марқұм Мұхтар аға біздің бөлмемізге кіріп: "Гүлеке, қой болды, көңіл - күйіңді көтер, ұрыны кешір.  Ол байқұс қайбір жетіскенінен ұрлады дейсің?" деді. Осы бір сөзбен - ақ, ағам күні бойы түңіліп жүрген Гүлбаршынның көңілін көтергені бар.

Кейіннен айтылған сөзді қорытсам, бір емес, бірнеше мағынада қолданылатын сөз екен ғой... Астары терең...

Ағам жайлы жаза берсем, бір дастан шығар... Айтпақ ойым, бауырларыңыздың барында солардың қадірін біліп аялаңыздар, бағалаңыздар... Өмір тым қысқа, ешкім мәңгілік емес... "Мені сағындың ба?" дегенде, "иә" деп жауап беріп үлгеретінімізге кім кепіл... 

P.S. Өтініш, жан ашудың қажеті жоқ, ұнатпаймын. Сіздерге өзімнің басымнан өткенді және қазіргі толғанысымды сабақ болсын деп жеткізгенім ғана... Дұрыс түсініңіздер...

Өткен посттағы көк қуыршақты сыйлаған осы ағам еді!