Ойландырды

Қазір қоғамда қыз балаларымыз оң босағада отырып, сәбиді дүниеге әкеліп жатады. Әрине, бұл қылықтары біздің менталитетімізге келмейді. Алған тәрбиеміз де мұны қолдамайды. Бірақ, айтпағым ол емес еді. Сол қыздардың қылығын бұрын ұнатпасам да енді дұрыс деп ойлапотырмын. Себебі, тұрмыс құрмай, отырып қалған жасы болса 30-дан асқан туысқан апаларым мен таныстарым жетерлік. Кезінде күйеуге шықпай, қазір қу тізесін құшақтап отыр.

Жуырда сол апамның бірін жұмыстан соң көшеде жолықтырдым. Өңі суық, реңі қашқан... Сол кісінің әңгімесінен:

-Мына өмірден шаршап кеттім... Таңның атысы мен күннің батысы жұмыста болам. Үйге келгім ден жоқ. Себебі, алдымнан қарсы алам не балам, не күйеуім жоқ...32 жылды осымен жалғыз қарсы алғалы отырмын. Жыл өткен сайын жалғыздығым арқама батып барады. Кезінде оқу одан соң жұмыс деп жүріп, жеке өмірді ұмытып... Енді міне, жалғызбын. Өз үйіме де жиі-жиі бара алмаймын, үйленген інім мен келінім бар. Араларында бірдеңе болып, "ана кәрі қыздан болар" деп кінәлап шығатындай көрінеді бәрі. Ол кісілер облыс орталығының жанында тұрса да, аңда-санда бір барамын.

Кезінде күйеуге шықпасам да текті бір азаматтан бала сүюім керек пе еді деп ойланамын. Жарым болмаса да, қамқоршы болып, қорғайтын, алданатын сәбиім болатын еді...деп туысқан апам өз сөзіне күрсініп айтты. Әңгіме соңында даусы шықпай, жылап жіберді...

Аяп кеттім... Жұбатар сөз таппай қалдым... Не айтарымды білмедім. Соған қарағанда, жалғыз басты ана атану "жалғыздықтың" қамытын киюден жақсы ма деп ойланып қалдым.

Ойландым... Ойландырды бұл жайт...



Бөлісу: