Ақпарат

Ақпарат
жеке
блог

 

Осыдан тура бір апта бұрын, яғни қарашаның он төрті күні бізді 31 арна "Базарбаевтар" телехикаясының жаңа маусымына шақырған болатын. Өзім алғашқы маусымын қызығып көргендіктен, жаңа маусымының тұсаукесеріне "журналист" ретінде барып қайттым. Бәрі де ойдағыдай өтті. 31 арнаның жарнама менеджерлері жақсы қарсы алып, жылы шыраймен жүгіріп жүрді. Біз телехикаяның алғашқы сериалын тамашалап болған соң, осы телехикаяның Бас продюсері - Нұрлан Қоянбаев күлімсіреп алғысын айтып, түсірілім павильонына шақырды. Ол жерде арнайы журналистер үшін "Базарбаевтардың" асханасына ақ дастархан жайылған екен.

Біз сол жерден дәм татып, сұрақтарымызды қойып, сұхбат алдық.


Өзімнің алғашқы журналистік қадамымды бәрімен бөліскім келді. Қалай жаздым, солай назарларыңызға ұсынамын:

«Базарбаевтар» телехикаясының жаңа маусымы басталады

«31 арна» "Базарбаевтар" отбасылық телехикаясының жаңа маусымын, БАҚ өкілдеріне арнап тұсаукесер көрсетілімін өткізді. Түсірілім павильонына түсіп, телехикая желісі өтетін жерді өз көзімізбен көрдік. Бәрі кәдімгідей, шынайы жасалған. 21 қарашадан бастап көпшілік көрермен «31 арна» эфирінде «Базарбаевтар» отбасының жаңа шытырман оқиғаларын тамашалауына болады.

Жастарына жас қосылса да, өмірге деген көзқарасы өзгермеген кейіпкерлер туралы хикаялар бұрынғыдан да қызығырақ әрі мағыналы бола түскен. Базарбаевтар отбасының қызығы мен шыжығы таусылмайды. Жалпы, ұсақ кикілжіңдерді айтпағанда, Базарбаевтар отбасында татулық пен бір-біріне деген өзара сыйластық орын алған. Қазақы менталитет пен ұлттық құндылықтарды, мемлекеттік тіл мен жастардың білім алуға деген құштарлығын насихаттайтын отбасылық комедия, көрермендерінің көңілінен шығады деген сенімдеміз.

Нұрлан Қоянбаев, телехикаяның бас продюсері: «31 арнаның» алғашқы оқиға желісіне құрылған комедиялық сериал болғандықтан, ерекше көңіл бөлінді. Бұл телехикаяның қоюшы режиссері Ресейден арнайы шақыртылған - Стас Булов. Ол танымал, көрермендер көзайымына айналған - «Папины дочки» телехикасының да қоюшы режиссері. Оқиға желісі көбіне үйдің ішінде өтетін телехикая болғандықтан, Базарбаевтардың үйінің іші қандай болатынын өзі шешіп, барлық безендіру жұмыстарын да өзі жасады. Ол біраз уақытты алғанымен, сапалы жасалынды. Өздеріңіз көріп тұрғандай үйдің қабырғасы қалың, кәдімгі үйдегі сияқты есікті қатты ашып, жабуға болады. Актерлерді де Стас Буловтың өзі арнайы кастинг өткізіп,таңдады.

- Ал атауы неге «Базарбаевтар»?

- Өйткені «Балалы үй базар» демекші, баласы көп үйдің базарын көрсететін болғандықтан осылай атауды жөн көрдік. Осы маусымда біз әзіл-қалжыңдарды мүмкіндігінше көбейтіп, қойылымды көңілді, күлкілі етуге тырыстық.

- Бірінші маусымында ерке қыздың рөлінде ойнаған Гулнар Сильбаеваның орнына Салтанат Бақаева келіпті. Не себепті?

- Ия, актерлер құрамын ауыстырып, толықтырдық. Гулнар Сильбаеваның өзінің қалауымен, басқа да жұмыстары мен жеке шаруаларына байланысты жаңа маусымға түсе алмады. Оның орнына кастинг арқылы Салтанат Бақаеваны алдық. Ол түсірілім тобының мүшелерімен тез және жеңіл тіл табысып кетті. Салтанат кәсіби актерлық мамандық алған, сахнада жұмыс істеуі және ситкомда түсу тәжірибесі бар.  

- Жалпы бұл телехикаяның мақсаты неде?

- Отбасымен отырып көретін қызықты дүние жасау. Осы телехикаядағы жағдайлар әрбір отбасында болып жатады. Сондықтан, көңілдеріңізден шығады деген үміттеміз.

- Барлығы қанша сериядан тұрады?

- Телехикаяның екінші маусымы 20 серияға созылады. Егер көрермен қаласа, ары қарай жалғастыруымыз да мүмкін.   

Биылғы жылдың көктемінде бастау алған «Базарбаевтар» телехикаясының бірінші маусымы эфирде өте сәтті өтіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Қазақша бағдарламалардың ішінде ерекше рейтингке ие болды.  TNS Gallup Media компаниясының мәліметі бойынша, барлығы 6-54 жас аралығындағы көрермендер арасында көрсетілім үлесі – 13% болған.

Өндіруші: «Kazteleproduct», «31 арнамен» бірлескен жоба

Бас продюсер: Нұрлан Қоянбаев

Сценарийін жазушы: Нұрлан Қоянбаев, Нұрдәулет Шертім, Жәмид Көшербаев

Қоюшы режиссер: Стас Булов

Басты рөлдерде: Бекжан Тұрыс, Райхан Қалиолдина, Дастан Қалдыбаев, Нұрдәулет Шертім, Аида Жантілеуова, Салтанат Бақаева, Әлихан Байсұлтанов,

Қосымша рөлдерде: Нұрлан Қоянбаев, Нұржан Тұтов, Күнсұлу Тұрғынбекқызы, Бақыт Әліпбаева.

Жанры: Ситком

Жылы: 2012

___________________________________________________________________________________________

 

Қосымша

Ақпараттан бөлек, өзімнің осы телехикаяға қатысты ойым. (Маған несімен қызық болды?!)

Біздің отбасында болып жататын жағдайларды осы телехикаядан көріп, таң қалдым. Мүмкін бұндай жағдай басқа отбасыларда да жиі болып жататын шығар?! Бірақ менің таң қалғаным, "Базарбаевтар" отбасындағы барлық кейіпкерлер біздің үйден де табылады. Ал әкесінің сөйлегендері мен шешесінің қылықтары, түр-әлпеттеріне дейін, менің Папам мен Мамама қатты ұқсайды. Сосын бір байқағаным, актерлер жақсы таңдалған, шынайы ойнайды, әрі бір-бірімен үйлеседі. Оқиға желісі де адамды жалықтырмайды. Үйінің кенжесі болып ойнайтын  Әлиханның ұтымды сөздері, езуіңе күлкі ұялатып отырады. Қылықтары өзіне жарасымды.

Осы тұсау кесерде бізге алғашқы маусымның толық топтамасы мен жаңа маусымның 10-сериясынан тұратын дисктерді сыйға берген еді. Соны біз күн сайын кешкісін  отбасымызбен көріп жүрміз. Негізі Папам онша-мұнша киноларды көре бермейтін, осыны мен қойып едім, сөздеріне елең етіп, ерекше ықыласпен отырып қарады. Сосын маған: Өте жақсы түсіріліпті, айтатын ойы бар екен - деп, жоғары баға берді. Сіздер де қарап көріңіздер!

Жаңа маусымы бүгін, "31 арна" эфирінен, сағат 19:30-да көрсетіле бастайды.

Ендеше неге отырсыздар? Үйге қайтыңыздар! 1 сағаттан соң басталады!

Ал Мен өзім көріп алғанмын!:))