Қарды көрсем - 3

Қарды көрсем - 3
жеке
блог

Алматыда қарашаның қары. "Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай — Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй". Абай айтқан. 

Еее, Абай ғұлама нені айтпай кеткен?! Жаңа ой басыңа сап ете түскенде, Абайды аш. Сенің миыңа жаңа келген ойды Абай баяғыда-ақ айтып қойған. Баяғыдаааа-ақ...

Үйдің қасында саябақ бар. Аты - собачий парк. "Иттер саябағы" деп қазақшаға іштей аударып алса да, бәрі бұл жерді "собачий парк" дейді. Кешқұрым қала халқы иттерін серуендететін саябақ. Мен бұл жерден тіл жетпес жылылық пен иттерге деген ерекше ықыласты көремін.

Біз ол жаққа жиі барамыз. Өз орнымыз да бар. Әлгі бір бұтасы төгілген еңселі теректің қасындағы жұпыны орындық. 

Кеше собачий паркте иттер де қарға аунады, біз де көмілдік. Ақ қарға. Ұлпа қарға. Бала кейпімізге түсуіміз үшін қардан жасалған мұрны сәбіз "аяз ата" ғана жетіспеді...

Бәрі алғашқы қардың құрметіне. Қар бар сұлулығын паш етсе де, мұңая жауып тұр. Менің тәтті күндерімде кірпігіне мұң қондырып себелейтіні несі екен?! Жан баласына ашпаған, тіпті кейде өзімнен жасырған жан сырларымды бірден сезіп, айтпасыма қоймай тыңдап тұратын қиыршық қар, қарашығымнан төгілген мөлдір мұңдарымды жұтатын ақ ұлпа, тағдыр толқынына ысылған бұл бейбағың енді өзіңе сырын ашпайды-ау деп мұңайдың ба екен?! Жаныма желеу, көңіліме медеу болып, мұрнымды әлсіз қыттықтасаң да, әйтеуір бір амалын тауып, жүзіме күлкі ұялатқаныңды қалайша ұмытайын?! 

Үлпілдеген үлбір үміттерге ұқсап қанатыңды қағып-қағып қойып, сылқымдана қонғаныңда, пәктік пен сұлулық, еркелік пен жұмбақтық деген дүниелер шын мәнінде осы екен ғой дейсің еріксіз... 

Қарды көрсем 

Қарды көрсем - 2

Сурет: favim.ru