Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Елтұтқа. 1-ші жазба.

Елтұтқа. 1-ші жазба.

Елтұтқа. 1-ші жазба.

Қымбатты, замандас! Өзімнің сүйікті порталым, көрікті мекенге балаған аяулы ортам – Massaget.kz -тің тартымдылығын арттыру, көркейту, дамыту бағытындағы тың жобаларым бар еді, соның бір бағытын іске қосқалы отырмын. Жаңа айдар – «Елтұтқа» деп аталады. Мұнда, еліне үлгі, нұсқа бола білген ардагер азаматтарымыз, абыз ақсақалдарымыз, әз бабаларымыздың қадір-қасиеті, мәлім де беймәлім қырлары мен сырлары жөніндегі ой-толғам, сыр шертетін жазбалар топтамасы сериялы түрде жарияланбақ. Бұл, біздің өткеніміз бен бүгінімізді таразылау, келешегімізге айқын бағыт-бағдар ұстау, осы жолда алдыңғы толқын ағалардың іс-тәжірибесін кәдемізге кеңінен жарату, іс-жүзіне асыру мақсатын көздейді.  Іс бастауын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, іргелі әдебиет танушы-ғалым, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор – Жолдасбеков Мырзатай Жолдасбекұлының «Күндерімнің куәсі» атты еңбегінің беташарынан бастағанды жөн көріп отырмын. Мұның, өзіндік себептері де жеткілікті. Ең бастысы, қазақи кісілігі мол, өз тағдырын ел тағдырымен терең байланыстырған мемлекетшіл тұлғаның дәл осы туындысы жастарды, елді, қоғамды толғандырып жүрген негізгі сұрауларды толық қамтуымен құнды деп білемін. Тұлғалы абыз жанның кейінгі толқын замандастарымызға берері мол, мәнді де сәнді, көрнекі өмір сүру салтын қалыптастыруға ықпалы аз болмаса керек деген үміттеміз. Тағы бір ескерер дүние – «Елтұтқа» терминін ғылыми айналымға ендірген де, осы аттас еңбектің авторларының бірі де бірегейі осы бір абзал аға болғандықтан көрсетілген құрмет лайықты деп білеміз.

Іске, сәт!

Қабыл, алыңыз!

 

КҮНДЕРІМНІҢ КУӘСІ

Қадірлі оқушы!

Елдің, халықтың тарихы болатыны секілді, әрбір кісінің де тарихы болады. Ол әрбір сәттен, сағаттан, күннен, тәуліктен, аптадан, айдан, жылдан тұрады. Сөйтіп бүкіл өміртіршілігің сенің өміршежіренді кұрайды. Басыңнан өткен әрбір күнді, әрбір оқиғаны түгел есте сақтау мүмкін емес. Есте сақтаудың жалғыз жолы – күнделік жазу. Күнделік жазбасаң, соққан жел, көшкен бұлт секілді өміріңнен із қалмайды.

Мен күнделікті кеш жазғаныма өкінемін. Күнделік жазбағанның, оның қадірін білмегеннің кесірінен балалық, жастық, есейген шағым өткен күндердің елесі ғана болып қалды жадымда. Өмірімнің көптеген қымбат сәттері, не бір оқиғалары сағымға айналды, көмескіленді. Жердің жүзін шарқ ұрып үш айналсаң да табылмайды.

Бәрін де есіңде сақтайтын, ұмыттырмайтын кұдырет – Күнделік. Шежірең анық болсын десең, үзілмесін десең, өмірің келешек ұрпаққа да ұғынықты болсын десең, күнделік жаз. Күнделікті ләжі болса, үзбей жаз. Мен күнделікті 1993 жылдың қараша айынан бері қарай үзбей жазып келемін. Содан бергі өмірімнің әрбір сәті жадымда.

Күнделік – өткен күннің белгісі. Ол сенің жадың, ештеңені ұмыттырмайды, бәрін де сақтайды.

Күнделік – сырласың. Онымен сырласуға, сөйлесуге болады. Ол – сенің сыңарың, жан досың. Әбден үйренген кісі күнделіксіз жүре алмайды. Мен күнделік жазбаған күні бірдеңе жоғалтқандай боламын.

Күнделік – сыншың, сенің төрешің. Күнделік беттеріне қайта оралсаң, өткен күндеріңнің бәрінің бірдей сәтті бола бермейтініне көз жеткізесің. Қайсы біріне сын көзбен қарайсың. Өзіңді өзің түзеуге тырысасың.

Күнделік – сенің тағдырың. Онда сенің қуанышың да, жұбанышың да, қайғың да, ренішің де – бәрі-бәрі де жазылады. Күнделіктен ештеңе жасыра алмайсың.

Менің күнделікке арқа сүйеп кеткенім соншалық, "Ұмытсам күнделігім бар ғой" деп, өтіп жаткан күндердің бәрін жадымда сақтай бермеймін. Онсыз да шым-шытырық, шетсіз-шексіз ақпаратты есте сактау мүмкін емес.

Күнделікке өтірік жаза алмайсың. Шындықты ғана жазасың. Шындықтан бөтен сөз күнделікке сыймайды. Жақыныңа айтпайтын сырыңды да оқушы осы күнделіктен табады. Күнделіктің үнемі жариялана бермейтіні де сондықтан.

Күнделік не бір ойларға да жетелейді. Қолыңа қалам алып, күнделіктің бетін ашсаң, уақыт, заман, адам туралы толғанасың. Өзіңді мазалап жүрген, толғандырып жүрген ойлар қағазға түседі.

"Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?" дегендей, тіршілігінде әртүрлі бағаланатын адамдардың дүниеден өткен соң бәрінің де жақсы болып шыға келетіні – біздің әлі де жалпы адам баласын, тектесіңді, тұрғыласыңды, жақыныңды тіршілігінде бағалай алмайтындығыңнан. Біз жақсының да тірісінде қадіріне жете бермейміз, сыныққа сылтау іздеп жүреміз. Тырнақ астынан кір іздейміз. Қиянат жасаймыз. Кейін опық жеп, өкініп қаламыз. Сондықтан бір-біріңді тіршілікте бағалағанға, қадірлегенге не жетсін. Өзім деген адамдарды да, жаныңда жүрген ең жақындарыңды да бағалай алмайтынымыз өкінішті-ақ. Әрине, кісінің жаратылысы, табиғаты, мінез-құлқы, пайымы, қабілеті түрлі-түрлі болғандықтан, өмір бойы ғашықтардай сыйласып өту мүмкін емес.

Соның мүмкін болғанына не жетсін!

Кейде біз надандыққа да барамыз. Өзіңнен кейінгі жастардың ертең кім боларын қайдан білесің. Соған қарамастан, жастарды жерден алып, жерге салып жататындарға таңым бар. Өзің біліп тұрып кісінің білмегендігін кешірмесең білгендігің кәне? Егер адам баласы бірінің қадірін бірі білсе, қабілетіне қарай бағалай алса, бәлкім мемлекет арасында да, ел-жұрт арасында да, тіпті өз бауырластарымыздың арасында да өзгеше ахуал қалыптасуы мүмкін. Онда заман да, тіршілік те, дәурен де басқаша болар еді.

Мен адам баласының бір-бірімен өштесіп, тіпті соғысып жататынына таңым бар. Бірін-бірі кекетуге, мұқатуға, ғайбаттауға шебер-ақ. Бірінің жүйкесін бірі тоздырып жатады. Кейбіреулердің қызғаныштан іші өртеніп жатады, дау-жанжал, өсек-аяңмен өмірін қысқартып жатады. Әйтпесе, тырбаңдаған тасбақа мен қалбаңдаған қарға үш жүз жыл өмір кешіп жатқанда, адам баласының ақылы жетіп тұрса да, ұзақ жасай алмайтынына не шара.

Адам баласының өмірі, алдымен өзіне, қала берді қоршаған ортаға байланысты. Жас күнінде өліп-талып қосылғандардың есейе келе иттей ырылдасып күн кешетініне таңмын. Кейде ата жауынан да артык сөз айтып, неше түрлі қысастыққа баратындары өкінішті. Құс та балапанын, ит те күшігін аймалап жатады емес пе? Ит құрлы болмағанымыз ба дегің келеді.

Бүкіл әлемді алапаттау, жер бетін өртеп жіберу де тек адамның ғана қолынан келеді. Біздің ең үлкен бақытсыздығымыз да сол адамзатты жойып жіберудің неше түрлі айласын таба білетіндікте.

Болашақ, қазақтың келешегі туралы ойлағанда ылғи менің есіме Сабыр адайдың "Әр қазақ – менің жалғызым" дейтін сөзі түседі. Бір-біріне ақыл айтудан қазақ кенде емес. Қазақ қазақ болғалы бір-біріне ақыл айтумен келеді. Бірақ қазақ қазақ болғалы бірін бірі тыңдамаумен де келеді. Осы қу мінезіміздің кесірінен даналар айткан талай асыл сөз далаға кетті, зая кетті.

Қазақтың бірін-бірі тыңдамайтынын біле тұрсам да "Егемен Қазақстан" газетіне "Сөзді ұғатын кез келді" деген мақала жаздым. Онда Бұқардың да, Дулаттың да зар илеп кеткенін,"Әдірә қалғыр үш қиян" деп Мұраттың да жылап өткенін, "Қалың елім – қазағым, қайран жұртым" деп Абайдың да күңіреніп өткенін, А. Байтұрсыновтың да уәйімдеп кеткенін айтып, "Сен, қазақ, бір-бірінді қашан тыңдайсың, біріңнің сөзіңе бірің қашан иланасың?" - деген едім. Сөз тыңдамайтын қалпымен қазақ менің де сөзімді артына қыстырған жоқ. Әлі баяғы көрінгенге жалтақтаумен, әлде кімдерге жалбақтаумен, табысын әр нәрсеге, әркімге, өзінен бөлекке шашумен келеді, өз жақсысын өзінен қызғанумен келеді.

Құданың кұдыреті бүгінде қазаққа ата мұрасынан, ата дінінен гөрі жаттың дінін, оның салтын қабылдау оңай болып тұр. Ата жолынан тайып, ұлттың тілінен, дінінен безіп, өзгенің дертін арқалап, солардың құранын көтеріп, дәріптеп жүрген жастар көбейіп барады. Мұның арты неге апарып соғар екен? Жұрт осыны да ойланса жөн еді. Отырып алып біреуді жамандағанда алдына жан салмайтындар қаншама? Тіріні қойып, олар өлгендерді де жамандайды. "Өлгендерді жамандамаңдар, олар жауап беретін жеріне барды" дейді екен Құранда. Жаманда, жамандама, енді оларды тірілтіп әкеп, ешкім түзей алмайды. Задында әруакка тиіспеген жөн. Осының бәрі өсектен шығады. Өсек дейтінің де қаулап тұрған өрт, адам баласының тұла бойын жайлаған дерт. Қазақ бұдан да құтыла алмайды ғой деп қорқамын. Өйткені, жағымсыз, жат мінездің бәрі кісінің өзімен бірге туатындай болады да тұрады маған.

"Қызды қырық үйден тый" дейді қазақ. Еркіндіктің шексіздігі соншалық, жұрттың көбі осы күндері ұлына да, қызына да ие бола алмай қалды. Еліміздің келешегі солардың белінде жүргенін жастар ойлай бермейтін тәрізді. "Қарғадан қарға туар қарқылдаған" - деп Сүйінбай айтқандай, қарғадан қарқылдайтын қарға туып жатқан секілді. Тектіден – текті, тексізден – тексіз туады, сұңқардан сұңқар туады, жақсыдан жақсы туады, бақсыдан бақсы туады. Қыздарымыз қарға туып жатса, қыранды қайдан табамыз?

Мен мұны айтқанда, ой тоқтатып, көңіл жұбататын ештеңе таппағандықтан айтып отырғаным жоқ, теріс мінез, жат қылық етек алып бара жатқан соң айтып отырмын. Бір сұмдығы -  осыны қазақтың бәрі біледі. Демократия қайдалап, аттан салып жүргендердің, ел ішіне іріткі салып жүргендердің шаршамайтынына таңым бар. Және солар қазақтың қамын ойлап жүрсе бір сәрі ғой.

Күнделік деген осы. Кейде оның тұңғиық тереңіне түсесің. Ойдың жетегінде кетесің. Өзектен кетпейтін, ойдан шықпайтын, абай болатын мәселе – бала тәрбиесі. Біз одан айырылсақ, бәрінен де айырылып қаламыз. Бүгін сен түзелсең, ертең ел түзеледі. Ұлы дала, байтақ жер өзінің иесін табады, бәрі де жүйесін табады, киесін де табады. Жұрттың бәрі кісіліктің жолына түссе, елдің де көсегесі көгереді, керегесі кеңейеді. Сонда біз өнегелі ұлт боламыз. Тұтасамыз. Кемелденеміз. Салиқалы боламыз.

Күнделік жазудың азабы да аз емес. Кейде келешегіңді елестетсең ұйқың шайдай ашылады. Сөйтіп қолыңа еріксіз қалам аласың, әппақ қағазға шағынғандай боласың.

Мен күнделіктерімді алғаш "Ел тағдыры – ер тағдыры" (1997) деген кітабымда жариялаған едім. Содан бергі жазғанымды іріктеп, ықшамдап осы кітапта жариялап отырмын.

"Ештен кеш жақсы". Осы уақытқа дейін күнделік жазбасаң, дәл бүгін қолыңа қалам ал да, күнделік жаз, оқушым! Мен осы күні күнделік жазбасам, асылымды жоғалтқандай, бірдеңені ұмытқандай боламын да тұрамын. Күнделікті жайғасып отырып жазсаң, шер тарқатасың, әртүрлі ойдан арыласың. Қолыңа қалам ал да күнделік жаз, оқушым.

Автор

М. Жолдасбеков

22
Рейтинг: +4

Жазылған уақыты: 12 қараша 2012, 01:26
Тегтер: Елтұтқа, М. Жолдасбеков, Күндерімнің куәсі, Күнделік, Ғибрат.

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.