Оқи отырыңыз

Мықты болсаң, өзгенің жетістігін, өзіңнің кемістігіңді көре біл. 

Автор: Қадыр Мырза Әли

— Редактор бағаны —

Сүйінші, «Massaget» мобильді қосымшасы іске қосылды!
Сүйінші, «Massaget» мобильді қосымшасы іске қосылды!

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Негізгі / ШЫБЫН ЖАН

ШЫБЫН ЖАН

ШЫБЫН ЖАН

                                                         ШЫБЫН ЖАН

 

                                                                                   Сендердің Алладан өзге табынғандарың,

                                                                                   барлығы жиылса да әсте бір шыбын

                                                                                   жарата алмайды. 

                                                                                                               (Хаж сүресі, 73-аят.) 

 

                                                                    Әлқисса

            Көне түркі халықтарының түсінігі бойынша, әсіресе қазақы дүниетанымға сай адамның жаны үш түрлі болады: шыбын жан (жоғарғы әлем), рухи жан (ортаңғы әлем)  және ет жан (төменгі әлем). Ажалды күні жетіп фәниден бақиға қайтқаннан кейін әрбір пенденің шыбын жаны көкке ұшып кетеді, рухи жаны әруақ күйінде жер бетінде қалады, ал ет жаны (тән) жерге көміледі. Жан туралы шындықты қаншама білгіміз келгенмен, қаншама ғұламалардың кітабын ақтарып оқығанмен, ол соншама жұмбаққа айналып, соншама құпиясын аштырмайды. Оның себебі Құранда айтылмыш ақиқатта жатыр: «(Ей, Мұхаммед,) сенен (адамдар) жан туралы сұрайды. (Оларға) Айт: «Жан тек Раббымның ісі (оның мән-жайын тек өзі біледі). Сендерге (ол жайлы өте) аз ілім  (мәлімет) берілген», - де». («Әл-Исра» сүресінің 85-аяты).

            Біздің әңгімеміз көкшіл жалын түріндеаспанға ұшып кететін Алланың жоғарғы қуаты – шыбын жан хақында болмақ. Ертеде сананы жанға, ал жанды ұшып жүретін кәдімгі шыбынға теңеген. Яғни, сана затқа айналады. Халқымыздың шыбын жан деген сөзі осындай ұғымнан туындаған. Бұған көптеген мысалдар келтіруге болады. Шыбын мен адамның ұқсас жақтарына тоқтала кетейік. «Егер біріңнің сусыныңа шыбын түссе оны батырып алыңдар. Өйткені, оның бір қанатында індет, ал екінші қанатында шипа бар» деп сахих хадисте айтылғандай, адамның да ішінде жақсылық (рух) пен жамандық (нәпсі) қатар жүреді. (Жанның иманды жан һәм имансыз жан деген сипаттамалары да кездеседі. Негізінде иман аталмыш үш жанды тұтас қамтиды). «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» деп Абай айтпақшы, шыбын да боққа құмар келеді. Сондықтан да қазіргі дүниені боқ-дүние деп жатамыз. Шыбын бар-жоғы бес күн өмір сүреді екен. Соған байланысты мына жалғанды бес күн тірлік десек керек. Сондай-ақ шыбын көптеген жұқпалы ауруларды таратушы зиянкес жәндік. Ал адамдардың арасында ауырмайтыны жоқ шығар бүгінде. Әйтсе де шыбынның пайдасы барын ғалымдар дәлелдеп жатыр. Соңғы кезде мал шаруашылығында шыбынның дернәсілдерін жемдік белок ретінде пайдаланып жүр. Бұл биотехнологияның маңызды жетістіктерінің бірі.

            Адам болмысын шыбын арқылы да тануға тырысқан халықпыз. Ауызекі тілде қолданылатын сөздер де жетерлік. Шыбын жаны көзiне көpiндi – жанына қатты батты. Шыбын жанын қояpға жеp таппады – ауpуы жанына қатты батып қиналды. Шыбын жанын шүбеpекке түйдi – жан ұшыpды, жанын аямады. Шыбын жаны шыға жаздады – өле жаздады. Шыбын жаны шыpқыpады (шыpылдады) – безек қақты, бебеуледі. Шықпаған шыбын жан - құp сүлдеp, сірі жан. Шыбыны ұшты – зәpе-құты қалмады, құты қашты, зәpесi ұшты. Тізе берсек сөз көп. Жалпы шыбын туралы мақал-мәтелдер де толып жатыр. Білетін шығарсыз. Оның бәрін жазып жатудың қажеті шамалы.

            Ендеше, негізгі әңгімемізді жалғастырайық...

 

 

                                                                        I

 

            Қараңғыдағы қапырық. Түнектегі тымырсық. Ауасыз қап-қара түн құрсауынан шығудың жолы жоқ секілді. Тыныс алуы у жұтқандай қиындады. Қысылған көкірегіне жүрегі сыймай тарсылдап барады. Тынысымен қоса бүкіл әлем тарылғандай, жүрегімен қоса бүкіл әлем жарылғандай... Тарс-тарс-тарс!.. Жо-жо-жоқ, есікті біреу қағып тұр екен. Ұйқысын бұзып жіберген ащы дауыс құлағының қақ түбінен жаңғырығып қаттырақ шықты. Сал боп төсегіне таңылып жатқандай немесе бастырылып қалғандай тұра алатын емес. Қол-аяғын қимылдатуға әл-дәрмені жоқ. Былайғы уақытта сүйеніш болған жағы да қырсыққанда қарысып, кеберсіген ерні ғана әлсін-әлсін жыбырлады: «Тірімін бе, өлімін бе?» Күбірлеп айтты ма, әлде ішінен солай деді ме, мұны өзі де ұқпай мең-зең күйге түсті. Оянғалы қанша уақыт өткенін де білмеді. Әйтеуір есіктің қағылуы тоқталмады. Тарс-тарс-тарс!.. Әрбір соққы жүйкесін жегідей жеп, миын балғадай ұрғылап жатты.

            - Басеке! Басеке! Басеке-е-е!..

            Өзінің атын естігенде қарлығыңқы үнмен «Уф-ф, Құдай-ай!..» деп әрең сөйледі. Тілі күрмеліп қап, осы сөзден артық ләм-мим демеді. Тірі екенмін ғой, өңім екен ғой дегендей ауыр дем алып, терең күрсінді. Әншейінде намаз оқу былай тұрсын, «әлхамдилләсін» айтып, кәлима қайыруды үйренбеген мына пенденің қапелімде есіне Құдайы түсуін қарашы! Бұ жалған дүнияда бәрінен де жан артық екен-ау шынында. «Атадан қалған мал тәтті, алтынды үйден шыбын жан тәтті» деп бекер айтылмапты. 

             - Басеке! Басеке! Басеке-е-е!..

            Ұйқылы-ояу есеңгіреп сұлық жатыр. Жатқан күйінде қаралай сүлдесі құрып, шаршаңқы тыныстады. Жан-жағын бажайлай көз қиығымен шолып өтті. Жәутеңдеген жанары болымсыз жылт-жылт етеді. Терезеге де қарауды ұмытпады. Жаздың кезекті бір таңы атып қалыпты. Үлде мен бүлдеге бөленген кең жатын бөлмесі сол бұрынғы қалпынша жарқырап тұр. Кешегі ғана емес, бірнеше аптадан бергі жоспары бойынша дәл бүгін ерекше күн болуы керек-ті. Сірә, сәтсіз күн болатынын іші сезеді.

            - Басеке! Басеке! Басеке-е-е!..

            Оны бәрі «Басеке» деп атайтын. Жағымпаздана құрметтейтін. Үлкен мекемеде үлкен бастық екені рас. Бірақ есімі «Бас»-тан бастала ма, басқадан бастала ма, белгісіз. Әйтеуір, жұрттың көбі мүләйімсіп «Басеке» дейді. Ал есіктің арғы жағынан шақырған дауыс ондай жұмсақ естілмеді. Қатқыл шығады. Жан алушы Әзірейіл келіп тұрғандай бойын үрей билеп алды. Көрпесін тас бүркеніп, зор денесі бір уыс боп бүрісе түсті. Демін ішіне тартып, көзін тарс жұмып алған. Сәлден соң көзін қайта ашып, олай болуы мүмкін емес, кім де болса сазайын тарттырайын деп төсегінен қинала қозғалып тұруға ыңғайланды. Есік пен төрдің арасы біршама жер екен. Зор денесі одан сайын зілмауыр тартып, ырсылдай жүріп барамын дегенше түрлі-түрлі ойға шомды: «Бұл кім болды екен беймезгіл мазалаған? Әйелім Түркияда демалып жатыр. Балам мен қызым Англияда оқып жүр. Үй қызметшісін жақында жұмыстан шығарып жібергенмін. Шопыр баланың табалдырықтан аттауына рұқсат жоқ. Үй қызметшісі екеуінің арасындағы ым-жымнан соң. Оған аяушылық танытып, соңғы рет ескерту жасағанмын алыстау болса да ағайын ғой деп. Дәмесі бар болсын шіріктің! Ол сайқал менің көңілдесім еді ғой. Басқасы табылар да. Е-е, күзетшілердің бірі болар мүмкін. Жайшылық па екен?..»

            Жасқаншақтана ақырын есікті ашты. Қараса, адам түгіл, шайтан жоқ. Өзінен-өзі кеудесіне біз сұққандай селк етті. Жүрек тұсын әлдене шаншып-шаншып өтті. Қас қағым сәтте не болғанын түсінбей аң-таң. "Әй, кім бар мұнда?" деген үні дірілдей шықты. Артынша  "Құдайым, сақтай гөр!" деп жалбарынған болды. Тағы да сасқаннан қаперіне Құдайы түскені-ай. Онысы түлен түртіп, пері иектеп алғаннан саумын ба деген күдігі еді. Сосын тың тыңдағандай құлағын түрді. Үй ішінен қыбыр еткен бөгде дыбыс шалынбады. Өлі тыныштық. Басекең шынымен де қорқайын деді. Ұзын дәліздің бойын жалтақ-жұлтақ қарай аяғын зорға басып келеді. Бір кезде қарсы алдындағы нән айнадан өз-өзін танымай қалды. Түрі қан-сөлсіз түнеріп, қудай боп қуарып кеткен. Өзін емес, өлікті байқағандай шошыды. Жалпақ маңдайынан жіпсіп жан тері бұрқ ете қалды. Лезде жанарын тайдырып әкетті. Тұла бойы дірілдеп, шекесі шымырлап қоя берді. Сең соққандай мәңгіріп біраз тұрды да, дереу қалта телефонын алып ең алдымен күзетшілерге соқты. Айтуларынша оларда бәрі тып-тыныш. Кіріп-шыққан бөтен ешкім жоқ.

            Сонда да сенбей, асығыс киіне сыртқа жүгіріп шықты. Алаңсыз ұйқысын әлгінде ашқан күзетшілер түкке түсінбей әуре. Абырой болғанда бұрыш-бұрыштағы бақылау камералары бәлендей бірдеңе байқамаған, оқыс ештеңе түсірмеген. Тек... Тек шыбынның ызыңдаған даусын ғана жазып алыпты. Басекеңнің құты қашып, зәресі зәр түбіне кетті: «Шыбын!!!» Ол бұрыннан шыбынды иттің етінен жек көретін. Кейде осы бір кішкентай мақұлықты Құдай неге, не үшін жаратты екен деп ызаланатын. Үнемі қайталай беретін мақалы: «Жұғын бар жерде – шыбын бар, шыбын бар жерде – шығын бар». Кеңседе болсын, үйінде болсын, тіпті тамақтануға барған мейрамханда болсын, шыбын ұшып жүрсе бітті, ашуға басып айқай-шу шығарады. Ал мына таспаға жазылған ызыңдаған қорқынышты дауыс кеше кешке ұрысарға қара таппай жалғыз өзі қуалап жүріп өлтірген шыбынның зары ғой. Дәл солай. Кенет тағы да жүрегі шаншыды. Ойы ойсырап, санасы сансырап кетті. Үн-түнсіз состиып тұрған күзетшілерден қайран жоқ. Басекеңнің өңіндей таң райы сұрықсыз. Күн бұлтты. Ғайыптан жеткен сумаңдаған салқындау жел ішегін соза уілдейді. Ол да шыбын құсап ызыңдайтын сияқты көрінді. Аяқ астынан жын қаққандай аумақты ауласына жалтаңдай қарап жүгіре жөнелді. Хан сарайынан кем түспейтін үш қабатты үйінен тезірек қашып құтылғысы келгендей жалма-жан шопыр баланың нөмірін тере бастады. Шыбын енді оның көкейінде шырылдап жатыр.

               - Басеке! Басеке! Басеке-е-е!..

 

                                                            II

 

               Ойы ойсырап, санасы сансыраған халде Басекең жұмыс орнына да жетті-ау. Кеңседе хатшы қыздан басқа ешкім жоқ екен. Сұлудың сәлемін де алуға мұршасы болмай, шай ішкісі келетінін айтты да кабинетіне жылдам кіріп кетті. Әрдайым кеш келетін бастығының бүгін «ережесін» бұзып ерте келгеніне таңданған. Көңіл-күйі қаяулы, қас-қабағы қатулы болғандықтан аяғының ұшымен басып асхана жаққа қарай зып берді.

               Басекең негізі мұздай виски ішкісі келген. Бірақ бүгін ерекше күн болуы керек деп ойын жинақтай бастады. (Бастық бола тұра ақымақ емес қой). Қашаннан құлқыны құнығып, араны апандай ашылып қалған соң «майлы» мүмкіндікті құр жібермеу керек. Тағы бір «қанжыға майлау» операциясын жүзеге асыру үшін барын салмақ. Жуудың көкесі содан кейін бола жатар деп масаттана жымиды. Үйінде орын алған сұмдықтың бәрін түс құрлы көрмей ұмытып, қызыл көрген бүркіттей қомданып қойды. Бір кезде орындығында шалқалай отырған күйі көзі ілініп кетті.

                Кенет тағы да тыныс алуы у жұтқандай қиындады. Қысылған көкірегіне жүрегі сыймай тарсылдап барады. Тынысымен қоса бүкіл әлем тарылғандай, жүрегімен қоса бүкіл әлем жарылғандай... Тарс-тарс-тарс!.. Жо-жо-жоқ, есікті хатшы қыз қағып, кабинетке шай алып кіріп келе жатыр. Сол сәтте Басекең манағыдай селк ете қалған еді. Кеудесінен шар тәрізді көкшіл жалын ұшып шықты. Бірақ оны хатшы қыз байқаған жоқ. Дөңгелене қалықтап жүрген нәрсе кәдімгі шыбын болатын. Басекең шыбынға айналыпты. Өзінен аумаған семіз шыбын.

             - Ыз-ыз-з!.. ыз-ыз-з!..

              Басекең қалайша ұшып жүрмін деп таңғалды. Таңғалуы мұң екен, өз көзіне өзі сенбеді. Креслода шалқайып қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқанын көріп аза бойын қаза қылды. Хатшы қыздың оятқысы кеп бір-екі рет дауыстағанына тұра қоймады. Сағатына қарап, әзірше мазаламай-ақ қояйын дегендей аяғының ұшымен басып шығып кетті. Ызыңдаған шыбын да бірге ере шыққан. Біраз уақыт өткен соң қол астындағы кіші бастықтар мәжіліс залына топтаса бастады. Сәлден кейін дөңгелек үстелге бәрі жайғасып болып, енді жиналысты бастайтын Басекеңді күтулі еді.

             - Ыз-ыз-з!.. ыз-ыз-з!..

Жиналған кілең кіші бастықтардың берекесі қаша бастады. Өйткені олар ызыңдаған шыбынның үлкен бастық екенін ойламайды. Басекең әне-міне кіріп келеді деп отыр. Ол келсе бітті, шыбын үшін шу шығарады баяғы әдетінше. Сондықтан барлығы өре түрегеліп, қолдарына бүктетілген газет алып, «пәлекетті» құртудың амалына кірісті. Абыр-сабыр. Қуғын-сүргін.

             - Ыз-ыз-з!.. ыз-ыз-з!..

              Көздеріне шел қаптағандай өңкей бастықтар шыбынның қыр соңынан қуалап жүр. Байғұс шыбынға да жан керек. Қанаты талса да қонбастан зуылдап ұшып жүр. Шырқыраған даусын ешкім естір емес. Бұрын мұнша азап шегіп, тауқымет тартып көрмепті. Ақыры құтылудың жолын тапты-ау! Кішкене ашық тұрған терезеден әупірімдеп сыртқа шығып үлгерді. Басына бостандық тигендей қуанып келе жатып... дың-ң ете қалған. Ұшайын десе ұша алмайды. Қанаттарын біреу қырқып тастағандай. Жан-жағына қараса, өрмекшінің әдемілеп тоқылған торы.

             - Ыз-ыз-з!.. ыз-ыз-з!..

             Қанша бұлқынғанымен шырмауықтай шырмап алған желімді тор босатпады.Тыпыршыған сайын өрмек жіп иесіне белгі беріп тұр. Ендігі жерде өзінің жемтік екенін өрмекшінің көрдей суық көзінен байқап тұрды. Өлім келейін десе, шапшаң емес пе? Бұл жолы «бісмілләсін» айтып жетіспеді.

              Сөйткен Басекең креслосынан тұрмастан о дүниеге аттанып кетті...

 

 Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ

21592 1
Рейтинг: -1

Автор: Асыл Бек
Жазылған уақыты: 11 қараша 2012, 11:09
Тегтер: 2012 жыл
Пікірлер
+0
28 қаңтар 2016, 12:33

унады

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

"Мектеп 2017" 1-бөлім

Атауы: Мектеп 2017 Режиссері: Пак Джин Сок Бөлім саны: 16 Басты рөлдерде:  Соль Ин А, Чан Дон Юн, Ким Се Чжон, Ким Хи Чон

BTS –
BTS – "Blood,sweat & tears" [kaz_sub]

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл, 13 маусым

38-параллель
38-параллель

Ел: Оңтүстік Корея Режиссер: Кан Джегю Жылы: 2004 Басты рөлдерде: Чан Дон Ган, Вон Бин Аударған: Ғалымжан Сәңкібаев