Мен христиан емеспін

Мен христиан емеспін
жеке
блог

Ассалаумағалейкум, бауырлар!

Алдыңғы жазбаларыма қарағанда бұл жазба өзгеше болғалы тұр. Бұл жазбада менің массагетке айтарым бар.  

Массагет сайтына тіркелгеніме біраз болды. Жаңадан ашылғанда қарындасым Ғазиза хабарласып: "Аға, біздің сайтта блог жүргізуге қалай қарайсыз?" дегенде қуана-қуана келіскен едім. Себебі, өзіміздің қазақ тілді порталымыздың пайда болғаны қандай жақсы деп ойладым. Әрине, бірден блог жазып кеткен жоқпын. Алдымен бақылап, материалдарды оқып шықтым. Бұл сайтты саналы жастар жасап отыр. Олардың еңбегі көрініп-ақ тұр. Кейін алғашқы жазбамды жазып, блог жүргізуді бастап кеттім. Тұрақты кіріп, қарап жүрмесем де, ара-тұра оқып келемін. 

Бірақ, менің бұл сайттағы кем-кетіктерге байланысты айтарым бар. Менің жеке парақшамдағы дін тармақшасында "Христиан" деп жазылып кетіпті. Бұл қай мазақ?! Мен, Алллаға шүкір, таза мұсылманмын. Жеке мәліметтерді толтырғанда да "Мұсылманмын" деп жазған едім. Өзге дінге сатылғаным жоқ, қабылдаған да емеспін. Бұл мәліметті оқыған кейбір тыңдармандар, көзі қарақты азаматтардың: "Нұрлан христиан болып кетіпті" дегендерін естіп жүрмін. Әсіресе, тырнақ астынан кір іздейтін журналисттер қауымы "Нұрлан Албан христиан дінін қабылдапты" деп жаңалық шығарып жүр. 

Сіздерге айтарым, осындай ақауларды ретке келтірсеңіздер. Адамның жеке басына қатысты ақпараттарды өзгертпеулеріңізді өтініп сұраймын. Ал журналисттерге айтарым, жаңалық жарияламас бұрын, бірінші мән-жайды анықтап алыңыздар. Көп рахмет!

Ізгі ниетпен, Нұрлан Албан