Расул Жұмалымен кездесу өтті

Расул Жұмалымен кездесу өтті
жеке
блог

Расул ЖҰМАЛЫ – «Рух пен тіл» клубының кезекті отырысының қонағы болды. 3 қараша күнгі кездесу әдеттегідей сенбі күні мазмұнды, мағыналы, әрі мәнді өтті. «Менің өмірбаяным аса үлкен болмаса да…» деп бастаған саясаттанушы әңгіме басын бүгінгі қызметінен бастады. 1992 жылы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетін бітірген Расул Жұмалы алғашқы еңбек жолын сабақ беруден бастады. Кейіннен Араб елдері мен Шығыс Африка мемлекеттерінде көптеген жауапты қызметтерді атқарды. Елшілік қызмет те Расул мырзаны саясаттануға келуге ықпал еткен секілді. Қазіргі таңда «Эксклюзив» журналының бас редакторы, әрі С.ДЕМИРЕЛ атындағы Қазақ-түрік университетінде білімгерлерге дәріс оқиды.

Кездесу барысында қонағымыз қазіргі жастар үшін өз идеал адамдары болу керектігін және жастар белсенділігіне көңілі толатынын жеткізді. Бірақ, әлі де тиісті деңгейде ықпал ете алатын деңгейге жете алмағынына назар аудартты. Мұнымен қоса, Жаңаөзен қаласының атауын Бекет ата есіміне ауыстыру мәселесіне тоқталып, өзінің өкінішін білдірді. «Қазіргі ақсақалдарымыз кейде дұрыс емес қылық көрсетіп жатады. Жасы үлкен деген ақылды деген сөз емес. Жаңаөзен атауын өзгерту – тарихты өшіру»,- деді саясаттанушы.

«Қазақстанда шын мәнінде терроризм бар ма?» деген жастар сауалына Жұмалы мырза:

«Терроризм Қазақстанда бар. Оның белгілері бізде көрініп жатыр. Бірақ, ақпараттың тапшылығынан толыққанды сараптама жасауға әлі ерте, тіпті мүмкін емес. меніңше, мұндай мәселелер өте ашық айтылуы тиіс», -деп жауап қайтарды.

Кездесу соңында Расул Жұмалы бүгінгі билік жүйесінің өзгеруі арқылы ғана, халық көтеріп жатқан ұлттық проблемалардың шешілетінін айтты.

 Сырым БАЙМҰХАН