О заман да, бұ заман
блог
Кезекті демалыс күндерінің бірі еді. Әдеттегідей, үйдің тірліктері. Алашаларды қағайын деп аулаға шықтым. Жаныма такса итін жетектеген көрші ата келді. Аман-саулығымызды сұрап, біраз дидарластық. Ата біздің үйге өткен жылы көшіп келген. Балалары пәтер алып берген. Немерелері анда-санда келіп тұрады. Кең пәтерде иті екеуі жалғыз тұрады. Жұбайы біраз уақыт бұрын қайтып кеткен. Ермек болсын деп жаңағы таксаны бағады. Өзі мейірімді, ақ көңіл жан. Дауыс көтеріп, қатты сөйлегенін көрмеппін.
Ата екеуміз сөйлесіп тұрғанда, жанымыздағы орындыққа бір бойжеткен жайғасты. Түрі таңсық. Я біздің аулада пәтер жалдап тұрады, я ағайын-туысының қолында тұратын қыз деп ішімнен болжадым. Өзі қайта-қайта сағатына қарап, қолындағы телефонын қайта-қайта басып жатты.Түріне қарасаң, дұрыс киінген, қазақтың сүйкімді бір қызы (шашын жайғаны болмаса). Бір кезде анау жақтан әскери форма киген жігіт аулаға кіріп, біздің жаққа қарай жүгірді. Оның аяқ киімінің дүрс-дүрс еткеніне біз жалт қарадық. Жаңағы қыз орнынан ұшып тұрып, телефонын дереу қалтасына салып, жігітке қарай жүгірді. Екеуі кездесті де, бірден бір-бірін құшақтақтап, сүйіп, аймалай жөнелді. Тіпті, өзара сәлемдеспеді де. Бас салып, бір-бірін құшақтап жатты. Қыздың шашын жігіт былай да. былай да жұлмалап жатты. Мұны көрген ата екеуміз аң-таңбыз. Шыны керек, өз басым, басқа жаққа бұрылып, қағып болған алашаларымды жинастырып жаттым. Атаға бақсам, ол кісі жаңағы қос ғашыққа көз алмай қарап тұр. Бір кезде дауысын қатты шығарып: "Бұл не сұмдық?!Өлдіңдер ме?!" деп айтты. Ата сөзіне құлақ салып жатқан анау екеуі жоқ. Өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ата болса: "О заман да, бұ заман, не болып бара жатырмыз" деп күрсініп, анау жақта жүгіріп жүрген итін шақырып алып, оны байлай бастады. Мен болсам, атамен қоштасып, подъездге қарай жүрдім. Санамда атаның сөздері қалып, жаңағы күрсінген кейпі көз алдымнан өте берді.
Үйге кіріп, терезеге қарасам, қос ғашық бір-бірін құшақтап орындыққа жайғасып жатыр. Ата болса, итін жетектеп ауладан шығып бара жатыр екен.