БҰЛ ТОЛАҒАЙ ҚАЙ ТОЛАҒАЙ?

БҰЛ ТОЛАҒАЙ ҚАЙ ТОЛАҒАЙ?
жеке
блог

Биылғы Лондон олимпиадасында қазақтың Әнұраны жеті рет шырқалды. Қоржынымызға жеті алтын түсті. Қуанбаған қазақ жоқ бұған. Ақжолтай Александрдың жолы жеңіл екен, іле-шала шынашақтай Зүлфия екінші алтынды алды. Солай кете береді. Қай қайсысы болсын қазақтың әр шаңырағына көл-көсір көңіл сыйлады, қуанышқа бөледі. Мая мен Светлананың көз жасы, Ильяның қуанышы... Серіктің салмағы ауыр, жауапкершілігі зіл-батпан дара алтыны... Олар жайлы «толағай қыз-жігіттеріміз...», «тау көтерген толағайлар» деп сол уақытта айтылып та, жазылып та жатты. «Біздің толағайлар» деген жазуды да телеларналардан жиі көз көрді.

        Олимпиаданың дүрмекке толы күндерінің бірінде Ержан ағамның (Момышұлы) «біздің толағайлар» дегенді естіген сайын бір түрлі... жағымсыз» дегенін естіп, елең ете қалдым. «Ол әбден сіңіп кетті ғой. «Толағай» сөзінің мағынасын бұл күнде ешкім біле бермейді», – деп Зейнеп апа да әңгімеге араласты. Менің бар білетінім – өзіме бала кезімнен жақсы таныс «Толағай» ертегісі.

               – «Толағай» қырғыз ертегісі ғой. Ертегі кейіпкерінің аты. Әбділда Тәжібаев ағамыздың өлеңі арқылы қазаққа жетті. Ал «толағай» деп қазақ қу басты (череп) айтады, – деген Зейнеп апаның сөзін естігенде тіпті таңғалдым...

       Менің үнсіз қалғанымды көріп апа әңгімесін жалғап кетті.

               – Махамбет батыр жырындағы «қу толағай бастанбай» деген сөз есіңде ме? Білмеймін, сендерге тың дүние секілді көрінетін шығар. Ал менің түсінігімде «толағайдың» мағынасы әлгіндей. Бұл күнде журналистер, тілшілер мағынасына терең бойламай, осы сөзбен байланыстырып соға беретін болды. «Толағай табыстарға жеттік», «толағай табыстар тілейміз»... Жастарды былай қойғанда, мұны үлкендер де біле бермейді.

                                ...Түн қатып жүріп, түс қашпай,

                                Тебінгі теріс тағынбай.

                                Темір қазық жастанбай,

                                Қу толағай бастанбай,

                                Ерлердің ісі бітер ме?.. Иә, «қу толағай бастанбай» делінеді жырда...      

       Апа бір қасын кере «енді жетті ме, енді түсіндің бе» дегендей маған қарады. Жүзінен «басқалар да неге осыны түсінбейді, ап-айқын, ұғынықты сөз ғой» деген жазуды оқығандай болдым. Сонда-а-а... «Біздің толағайлар – біздің ...».       

        Қолыма Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен ҰҒА А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ф.ғ. докторы, профессор Т.Жанұзақовтың жетекшілігімен жарық көрген Қазақ тілінің сөздігі түсті (Алматы: «Дайк-пресс», 1999 ж). Онда: «Толағай (1) – толассыз соғатын жел; Тоқтамай соққан толағай, толастар мезгіл жеткей дүр (Алдаспан); Толағай (2) –  түгі жоқ, тап-тақыр, жалаңаш; Тау толағай көрінер тасы кетсе... (Алдаспан)» деп көрсетіліпті. Ал ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі  Тіл комитетінің тапсырысы бойынша дайындалып басылып шыққан (жауапты шығарушылар – ф.ғ.к Ғарифолла Әнес пен Алмас Үдербаев) диалектологиялық сөздікте (Алматы: «Арыс», 2007) «толағай» сөзінің (Павлодар облысы, Үрлітөбе ауданы) «жалғыз», «жеке» деген мағына беретіні жазылыпты. «Ахмет әлі үйленген жоқ, толағай басы жүр» деп мысал да келтірілген екен.

      Өкінішке қарай, менің қолымда тек осы екі кітап қана бар. Өзгелерге ұсақ-түйек бірдеңе көрінуі мүмкін.  Қалай десе де, «қу тақыр», «жалғыз», «қу бас» деген мағынада болғандықтан, Ержан ағам айтпақшы, «біздің толағайлар» деген маған да біртүрлі жағымсыз әсер қалдырды...