Эстафета. Мен блогқа қалай келдім

Эстафета. Мен блогқа қалай келдім
жеке
блог

Кейде ойласам, менің блогқа келуім заңды құбылыс сияқты болып көрінеді. Әлде, тағы сол ойлардың заттану заңы ма...

Негізі, мектепте оқып жүргенде бір сыныптасым болатын, соның әкесі журналист кісі. Мектепке түрлі қаламдар мен папкалар ұстап келетін. Ал ол қаламдарды әкесі түрлі конференциялардан алатын ғой. Соған қызығатынмын. Сосын, жалпы гуманитарияға жақын болғандықтан, сол журналист боламын-ау деп ойладым. Бірақ, кейін тиімді оқу орнын іздеген уақытта шешімімді өзгертіп, тіптен басқа салаға кетіп қалдым.

Газетте бетші болып жұмыс істеп жүрген уақытта интернетте ұзақ отыру бақыты бұйырды. Ең алғаш қызыққаным, осы блогтар болған еді. Онлайн-күнделік жүргізу идеясы маған қатты ұнады. 2007 жылдың күзінде Wordpress.com блогтұғырында «Ақын... Періште... Махаббат...» атымен алғаш блог ашқан уақытта да, батыл қадамдармен, өзім шұқылап отырып, ашып алдым. Әлбетте, оның алдында блог жүргізіп жүрген қазақ жігіттерінен біраз нәрселер сұрадым. Сөйтіп, бастап кеттім. Сол жылдары махаббаттың машақатын сезініп жүргендіктен жүрегіме жақын өлеңдерді жариялап, толғандырған тақырыптарды еш қорықпастан жаза бердім. Кейін оны «Жасыл қырат жақта...» деп akzere.dosym.kz доменіне ауыстырдым.

Блог жазып жүргенде осыны жазып-жазып, бір күні тоқтаймын да, ешкім менің кім екенімді білмей кетеді деп ойлағанмын. Бірақ, олай болмай шықты. Қазақ блоггерлері бір-бірлерімен кездесіп, сырласып, дос болып кетті. Яғни менің де кім екенім анықталды ))

Және осы блог та менің алдағы тағдырымды айқындап бергендей. Журналист болып кетпесем де, журналистикаға бір табан жақындадым және кей-кейде сондай эксклюзивті қаламдар мен папкалар алып тұрамын )))

Қазір болашақта да немен айналысқым келетінін жақсы білемін. Сондықтан, қолыңнан келгеннің бәрін істеп, алға баса берсең, жол өзі ашыла береді екен. Осыған көзім жетті.

Назарларыңызға 2007 жылдың 28 желтоқсанында жазған алғашқы жазбаларымның бірін ұсынамын:

"Әні-міне дегенше жаңа 2008 жылды қарсы алуға да санаулы-ақ күндер қалды. Бір жағынан жаңа жыл сезілмейді де. Бұрынырақта кішкентай кезімізде қыс басталмай жатып-ақ мектептегі шырша мерекесіне дайындалып жатушы едік. Ең басты күтетініміз жаңа жылдық сыйлықтар…
Дүкендерде сатып тұрған жасанды шыршаларды көріп, өзімнің кішкентай кезім есіме түсіп кетті. Кішкентай кезімде атам мен апамның қолында болдым. Сол кездері жаңа жыл тақап қалғанда апам жылтырлақ безендіргіштерді шығара бастағанда сондай қуанушы едім, сосын шығарып бөлмелерді әшекейлейтінбіз.
Ағам орманнан шырша кесіп алып келетін. Шырша үлкен болғандықтан оны жатқызып қойып әшекейлетінбіз. Ең басында тұратын жұлдызды мен тағамын деп соған құмар болатынмын. Ал сосын шыршаны көтеріп, бөлменің шамын өшіріп, шыршаны жаққан кездегі менің бала қуанышымда шек жоқ.
…Сағат он екіге тақап қалған кезде атам тост сөйлейді, сосын маған да сөз береді. Ондағы менің тілектерім апам үйреткендей әскердегі ағам аман болсын, қаладағы папа-мамам аман болсын. Бәріміз бақытты болайық деп сөз айтатынмын. Баланың тілегі періштенің тілегіндей ғой. Сол кездері орындалған сияқты.
Балалық шағымды қатты сағындым. Атамды сағындым. Ол осы жылы өмірден озды. Әрдайым ауылға барған сайын бізді көріп, мәз болып, кейде көзіне жас алып та қоятын. Кішкентай кезімде сол кісінің алдында отырып ұйықтағанды жақсы көруші едім…
Құдайдың берері бар, алары бар демекші қорытындылай келсек “Тәуба” деймін. Ең бастысы келесі жыл тек жақсы жаңалықтарға толсын деп тілеймін. Жақындарыңыз әрдайым жандарыңызда болып, дендеріңіз сау, күндеріңіз бақытты сәттерге толы болсын деп тілек білдіремін.
Недегенмен жаңа жыл бір үміт тудыратын мейрам. Бар адамзат жаңа жылға тек үмітпен қарайды деп ойлаймын. Ал үміт, өмірге мән беріп, алға жетелейді емес пе? Үміттеріңіз үзілмесін және де жаңа жылда бәрі іске ассын деп мен сіздермен 8-ші қаңтарға дейін қоштасамын. Жаңа жылды жақсы қарсы алыңыздар!!!"

Эстафета жалғасын Жалғасқа ұсынамын.