Көңіл күнделігі. 8-ші жазба.

Көңіл күнделігі. 8-ші жазба.
жеке
блог

Арғы жағы тәп-тәуір есіл дүние –

Бергі жағы Илхамша алабажақ.

 

Хакім Абайдың Бірінші сөзі: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік...», деп басталып «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», деп аяқталған екен. Міне, осы жолдар менің қазіргі және бұдан кейінгі Массагетпен арадағы нақты төлқұжатым, бойтұмарым, бағдарламам болып табылады. Басқа жол, басқа нұсқаның қисынын әзірге көре де, кезіктіре де алмай отырғаным. Бұл шектеу – бойдағы мінез бен мінімді өзімнен артық жан білмегендіктен қойған тыйым. Оны жасырып – құрбымды жасытқым келмейді, оны жасырып – досымның көңілін, сағын сындырғым келмейді, оны жасырып – халықты басынғым келмейді! Бары осы, ендігі жерде тікелей пікір білдіруден бойымды мүлде аулақ ұстағаным жөн сияқты...

«Массагет» деген не?

«Массагет» деген – нағыз, жаңа тұрпаттағы қайнаған қазақы өмір екен. «Массагет» деген – нағыз, қазақтың виртуалды «жерұйығы» екен. «Массагет» деген – нағыз, арманшыл, шыншыл жастардың мекені екен. «Массагет» деген – нағыз, Сіз бен Біз екенбіз! Мұнда, елеңдеп келген жан қайта көз қиып кете алмайды екен. Жалғыз айыбы сол: келмек бар да кетпек жоқ екен! Қайтіп қиып кетесің: кәсіп десең кәсіп бар, нәсіп десең нәсіп бар, жемісің де осында, жеңісің де осында, ән, би десең табылар, сүйсең құшақ жазылар, ілім-білім, ойың да, ат шаптырған тойың да, бәрі осында жарқыным, таңдап, талғап ал күнім! Жетпегені осы ед (і), ақын да қылды Массагет! Не амал, не қыларың бар? Дипломсыз тілші, жазушы болдық. Дауасыз дертке ұшырадық. Күнді қойып түніміз, арайлап атқан таңымыз тек Массагет болды! Не құдірет, не тылсым? Бір Аллам, құдайым білсін! Ашу да болды бұл жерде, тасу да болды бұл жерде, аяғы шын достардан – қашу да болды бұл жерде. Қаша алмадық, кетпедік, мұратқа жалған жетпедік. Ой, беу дүние-ай! Неткен қызық, неткен шыжық едің...

Басы Абайша басталған жазбам жарықтық Апамның толғауынша термелеп кеткенін қарасай?! Апам демекші, жатқан бір шежіре ғой: «Құл – қашармандап қорқытады, Күң – кетермендеп қорқытады» деп отырушы еді. Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты. Басында жап-жақсы ұйымдастырылған «Қашу» операциясын Аида дос шоуға айналдырып тынды… Уәжі тіпті қызық: жігітінің сағат тіліне сай түс құбылтқыш, түр өзгергіштігі бар ма қалай, бір түрлі?. Естімеген елде көп, осыны бүкіл Массагет у-да, шу қызықтадық та отырдық. Шығасыға иесі басшы. Міне енді, бірдің кесірі бірге тиіп, тұтылып, жазықты боп тұрғанымыз...

Қазақта: «Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, өскен соң өзің ғана тілейсің» деген тағылымды сөз бар. Бұл сөз менің бүгінгі күніме де қатысты болып тұр. Осы кезеңге дейін замандас құрбы-құрдас, әріптестерім тілеуімді жақсы-ақ тіледі, орталарына алды, ой-пікір, көзқарастарын білдіріп, жылдық еңбек демалысына да ақжолтай ниеттерімен шығарып салды. Рахмет! Осы данагөй ой, батагөй тілектер сонымен қатар анық бәсекелестіктің басталғанын да аңғартып тұрған сыңайлы. Massaget.kz-те талантты, бәсекеге қабілетті замандастарым өте көп. Солардың бірі де бірегейі – Ғазиза мен Илхам! Мен, олардың ойлары мен жазбаларына әредік назарымды аударып, байқап жүремін. Сөзімнен сөзі, өзімнен Өзі артық, қала берді тең түсіп жатқан Ғазиза мен Илхам – дос болуға лайық, жаратылысы бөлек, кесек тұлғалар! Артық кеткен жеріміз болса, кешіріммен қарағандарыңыз жөн! Біздегі мақсат қытыққа тию, намысты таптау, теріс көзқарас қалыптастыру емес – бірдің бірегейі болғандықтан мінсіз тұлға деңгейінде қалыптасып, сол биіктен көрсек деген жанашыр тілек еді... 

Күннің нүктесі:  

– Қазақ неге жалтақ?,

– Ағайыны көптігінен!