Құр көкірек алысқа апара ма?!
блог
Еуропада екі апта уақыт болып, көп дүниелерге қайта мән бердім. Көп адамдармен таныстым, жаманды алыстан бақыладым, жақсыға жақын болдым. Әрқайсысының қылығын көріп, өзіме жақсысын алып, жаманын жасырдым.
Қазақ десең, өзіңе келеді. Әлбетте, ешқайсысымыз судан таза, сүттен ақ емеспін. Періште көкте болса, біз жердегі пендеміз. Бірақ, жүйрікті жүйрік деп бағалағанымыз жөн. Сапар барысында кейбіреулердің қылығын көріп, «Біз қазақ қандай халықпыз?» деген сауалға жаупа іздестірдім.
Біз - қазақпыз. Бірақ қандай қазақпыз?! Біз – құр көкірекпіз. Артымызда ештеңеміз жоқ, алдымыз жұмбаққа толы, рухымыз әлсіз бола тұра жұдырықпен құр көкіректі соға береміз, соға береміз. Өзгеге әдемі көріну үшін екі емес, төрт жүзді болып кетеміз. Оны өзіміз байқамай да қаламыз. Бұл сапарда жақсы таныс болмасам да, алыстан сәлем беріп, сыйласып жүрген кейбір жандардың шынайы бейнесін көргендеймін. Ақырет күні жеткендей әрқайсысы бетпердесін шешкендей. Басында «қателесіп жатқан шығармын, бәлкім, олай емес шығар» дегеннің өзінде, ішкі күдіктерім уақыт өткен сайын расталып жатты. Арзан күлкі, бос сөз, құр кеудеге бай екендерін көрсетті. Тіпті, олар маған бірде бір адами қасиетке жарымағандай көрінді. Оларға деген көзқарасым өзгеріп, сана-пікірім төмендеді. Бұрынғыдай оларды сыйлай аламын ба белгісіз. Бір білерім, олардан енді мен өзімді аулақ ұстаймын. Жақындығым да шамалы еді, енді, тіпті, алыстан амандасатын боламын.
Менің ойымша, кіндік еркек болып кесілгендіктен, ер-азамат деген атқа лайық болу керек (әйел заты деген аты бар қыз балаларға да осы қатысты). Ер-азамат сөзіне берік, еңсесін тік ұстап, салмақтылық танытуы керек. Құр көкірегін даңғара сияқты қайта-қайта ұрмай, өзінің кім екенін сөзімен емес, ісімен дәлелдеуі керек. Жақсылыққа жақсылықпен жауап қайыруы керек. «Адам күні адаммен» деген бар. Барлығымен тең жақсы қарым-қатынаста болып, аман-саулығы түзу етіп, өтініш-рахметін де айта білуі керек. Құр көкірек, әттең, бұған да жол бермейді екен. Оған менің көзім жетті. Ауызы қисайып кетердей, бес әріптен құралған «сәлемді» де айта алмады. Бос кеуде, төмен сана әсер етті ме, оны бір құдай біледі. Алты әріптен құралған «рахмет» сөзін де дауыстай алмады. Ол сөзді ауызбен ғана емес, шын көңілмен айтуы керек. Көкірек бос болса, шынайы көңіл қайдан болсын дейсің еріксіз. Итке де сүйек тастасаң, үргенін қойып, басын түсіріп алғыс ишаратын білдіреді. «Адаммен дос болғанша, итпен дос бол» деген осы шығар, иә?!
Мейлі, әркім өзі білсін. Маған ғой бәрібір. Әрқайсысымыздың жолымыз бар. Олармен тәңір мені бір жолға қоспасын. Бір білерім, құр көкірек алысқа апармайды.