Зерттеу университетін дамытудың заманауи трендтері

Зерттеу университетін дамытудың заманауи трендтері
жеке
блог

21-22 ақпан 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Зерттеу университетін дамытудың заманауи трендтері» атты сараптамалық стратегиялық сессия өтті.

Стратегиялық сессияның мақсаты – зерттеу университетіндегі ғылымның білім беруді дамытудың негізгі басқару құралы ретіндегі стратегиясын әзірлеу.

Міндеті – тұрақты және жігерлендіретін білім беру ортасын қалыптастыру үшін ғылым мен білім беруді интеграциялау бойынша тың идеялармен және үздік тәжірибелермен алмасу.

Панельдік сараптамалық сессияның "Білім берудің цифрлық трансформациясы» атты секциясында білім алушылардың әртүрлі топтарын тиімді және қолжетімді оқытумен қамтамасыз ету үшін зерттеу университетінің цифрлық трансформациялау стратегиясын әзірлеу мәселесі сөз етілді.

Шынында да, білім берудің қазіргі ұлттық жүйесі цифрлық технологиялар әлеміне тап келіп отыр. Бұл әлем жылдам өзгергіш, тұрақсыз. Күн сайын жаңа техника мен технологиялар бәсекеге түсіп жатыр. Мұндай бәсекелес ортадан гуманитария ғылымы да тысқары қала алмайды, заман ағымымен ілесе жүріп отырмаса көштен қалады. Осы уақытқа дейін компьютермен жұмыс тек техникалық ойлау қабілеті дамыған адамдарға ғана тән деген түсінік қалыптасса, қазіргі жаңа цифрлық қоғамда бұл сала гуманитарлық ғылымның да зерттеу нысанына айналды. Қазір дамыған технология адам сөзін сөйлеп, түсінуді үйренген кезде, жасанды интеллектімен жұмыс істеуді одан да жеңіл және түсінікті ете алатын филологиялық білімі бар, цифрлық құралдарды пайдалана алатын мамандарға сұраныс айтарлықтай артты. IT-мамандар компьютерлік бағдарламаларды жазуды жақсы білгенімен, филолог маман сияқты ақпаратты сауатты, қызықты және нанымды етіп жеткізе алмайды. Яғни, филолог маман қазақ тіліндегі тілдік деректерді ақпараттық технологиялар арқылы өңдеуге, жинақтауға, сараптауға мүмкіндік беретін бағдарламаларды меңгеруге, автоматтандырылған жүйелер арқылы тілдік талдаулар жасауға, корпустармен, электронды сөздіктермен және т.б. жұмыс істеуге, жасанды интеллектінің мүмкіндігін пайдалануға дайын болуы керек және оны өз саласында зерттеу нысаны ретінде қарастыруы керек.

Қазақ тілінің өміршеңдігі цифрландыруға байланысты, сондықтан оның «тірі қалуы үшін цифрландыру мәселесін» жылдам шешу керек. Ол үшін қазақ тілін цифрландырудың негізгі бағыттарын, жасанды  интеллект арқылы тілді модельдеуді жүйелеп алу керек. Қазақ тілінің қоғамдық сұранысқа жауап беретін тіл болуы үшін цифрлық кеңістіктегі орнын айқындап алу керек. Бұл міндеттерге қол жеткізу үшін интернеттегі қазақ тілді ресурстарды дамыту, электрондық білім беру платформаларын дамыту, қазақ тілінің корпустарын дамыту, тілді үйретуге арналған цифрлық сөздіктер мен ресурстарды әзірлеу, қазақ тіліндегі интерактивті қосымшалар мен ойындар әзірлеу, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді дамыту, мәтінді өңдеуге арналған ақпараттық технологияларды қолға алу, қазақ тіліндегі дауыстық көмекшілерді дамыту және т.б. бағыттар бойынша тілдік заңдылықтар мен құбылыстарды ашуға мүмкіндік беретін қолданбалы зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
филология факультеті
Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары
С.М. Иманқұлова, А.С. Жүзбаева