Рәбиға Сыздық – ғалым-ұстаз

Рәбиға Сыздық – ғалым-ұстаз
жеке
блог

Артынан мол мұра қалдырып, қазақ ғылымының анасы атанған академик Рәбиға Сыздықтың еңбек жолы дәл педагогикадан басталғанын, онымен тікелей сабақтас екенін бірі білсе, бірі білмес. Дәл ұстаздық жолда жүріп көптің көзіне түсіп, оқу-білімге қол жеткізіп, ғылымға табан тіреді. Ғылымның сан саласына түрен салып, тың зерттеулер жүргізсе де, оның бәріне оқушы қауымның қажеттілігі үшін қалам тартты. Ендеше бәрін басынан бастайық.

Рәбиға Сәтіғалиқызы 1924 жылы тамызда Ақтөбе облысы, Ойыл қалашығында қызметкер отбасында дүниеге келген. Қызметкер отбасы дейтін себебіміз, әкесі Сәтіғали Құтқожин – қазақтан шыққан алғашқы байланыс саласы маманының бірі еді. 1937 жылғы қуған-сүргінге ұшыраған. «Әкеміздің атылғанын 1956 жылы ғана білдік» дейді бұл жайында «халық жауының ұрпағы» атанған Рәбиға Сәтіғалиқызы. Әкесі ұсталғаннан кейін бір жылдан соң Темір қаласындағы педучилищеге оқуға түседі. 1940 ж. тағдыр тауқыметімен педучилищені тәмамдай алмай, Алға қаласындағы мектепке бастауыш мұғалімі боп орналасады. Небары 16 жасында.

«Төртінші сыныптың балалары. Өзімнен 2-3 жас қана үлкен. Бағынбайды. Қайдан бағынсын?! Беліме түсіп тұрған бұрымым да жоқ. Бойым да үлкен емес, шағынмын. Арықпын. Ол кезде қайбір тойып тамақ ішіп жүрдік. Тыриған қызбын. Кәдімгідей бағынбайды, шулап отырады. Партаны тақылдады...», - деп еске алады ол жағын Рәбиға Сәтіғалиқызы.

1943 ж. педучилищені толық аяқтап, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беруге жұмысқа орналасады. Алайда жастайынан білімге құмар, оқуға құштар Рәбиға Ғалиқызы 1944 жылы Ақтөбедегі пединститутқа оқуға түсіп, жедел тәмамдап, үздік бітіріп шығады. Ақтөбе қаласындағы мектептің бірінде оқу бөлімінің басшысы болады.

Соғыс жылдары оқушылармен бірге колхоз фермаларына шөп, отын дайындау, аэродромға жер əзірлеу сияқты ауыр жұмыстармен айналысты. Әрі ол жылдары кадрлар аз болғандықтан, мұғалімдер дайындау курстарында да сабақ береді. Қажыр-қайраты мол ұстаз тыным таппай, соғыс жылдарындағы балаларды өнер мен еңбекке баулу үшін мектепте үйірмелер ұйымдастырды. Хор, би, өлең оқу, сурет үйірмелерін ашады. Оқушыларды театр ісіне баулып, өнерлі балаларды радиоға тартады. Осындай игі істері арқасында 1945 жылы «Ұлы Отан соғысы кезінде еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталады.

Рәбиға Сәтіғалиқызының өміріндегі ең үлкен бетбұрыс дәл осы соғыс аяқталған жылдан басталды. 1945 ж. белсенді ұстаз болғаны үшін Абайдың 100 жылдық мерейтойы мен дәстүрлі Тамыз конференциясына қатысуға делегат мүшесі боп аттанады. Алматы қаласына. Тағдырына әсер еткен тұлға – М.Әуезовпен де алғаш осында кездеседі. Үнін естіп ұйып, сөзін тыңдап таңғалады. Нағыз ғалымның қандай боларын сонда көреді. Алматыға кеп оқысам, қайраткер тұлғалардың жанында жүрсем ғой деп армандайды. Ол арманы көп күттірмеді. Көктен іздегені жерден табылды. Ертеңінде тамыз конференциясында пікір білдірем деп сөз сөйлеп, көптің көзіне түседі. 21 жасында. Тағдыршешті әрекеті де осы болғанға ұқсайды.

«Конференцияда сөз сөйледім. Баяндамам да жоқ. Оқулықтағы қателер жайлы айттым. Сынадым. Алайда оқулықтың авторлары залда отырады деп мүлде ойламаппын. Сондай авторлардың бірі профессор А.Ысқақов келіп менен жөнімді сұрады. Абай атындағы Педагогикалық институтта үшінші курстан бастап сені оқытайын, екі жылда бітіресің деді. Ой қуанғаным-ай! Көктен іздегенім жерден табылды», - деп еске алады Р.Сыздық.

1947 жылы Қазақ педагогикалық институтын үздік тәмамдайды да институттың аспирантурасына қалады. Қазақ Педагогикалық институтында салыстырмалы грамматика пәнін жүргізеді. Сөйтіп, мектепте бастаған ұстаздық жолын жоғары оқу орнында жалғастырады. Алайда ұстаздық қызметі осы жерден үзіліп қалады. Өйткені 1950 жылдары қуғын-сүргіннің екінші кезеңі басталып, «халық жауының қызы» ұрпақ тәрбиелеу ісінен шеттетіледі. Сөйтіп, басқа салаға ауысуға тура келеді. Бір қызығы, басқа салаға ауысса да, педагогиканың айналасынан аспапты. Әбу Сәрсенбаевтың қолдауымен қазіргі «Рауан», «Мектеп» сынды педагогикалық баспаларға редактор болады. Кейін редакция меңгерушісі болады. Мектеп оқулықтарын жазып, бағдарламаларын құрастыруға атсалысады. Орыс мектептерінің 5-7 және 8-10 сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқулықтарын жазуға қатысады.

1957 жылы Ісмет Кеңесбаевтың шақыртуымен Ғылым Академиясына ауысып, нағыз ғалымдық жолға түседі. Мұхтар Әуезовтің ой салуымен Абай шығармаларын зерттейді. 1959 жылы «Абай қара сөздерінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық, 1971 жылы «Абай шығармаларының тілі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

Рәбиға Сыздық – тіл білімінде ең көп еңбек еткен ғалымдардың бірі. 27 кітап жазған, оның өзінде тіл білімінің әртүрлі салаларында қалам тербеген. Ғылымдағы жолын грамматикадан бастаған ғалым Абай тілі, қазақ әдеби тілінің тарихы, тіл тарихы, ахметтану, сөз мәдениеті, көне ескірткіштер тілі, лингвопоэтика, лингвостилистика, лингводидактика, лексикография, орфография, әліпби мен жазу теориясы сынды салаларды зерттеп, мол мұра қалдырды.

Ғалымның алғаш қозғаған мәселесі – Абай тілін зерттеу бойынша «Абай шығармаларының тілі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», «Абайдың сөз өнері» атты 3 монография жазған. Ол заманда Абайды зерттеу саясатқа қайшы болса да, ғалым тайсана қоймады. Сондай-ақ «Абай тілінің сөздігін» құрастыруға атсалысады. Кейін осы еңбектері үшін 1995 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болды.

Ғалымның енді бір қалам тербеген саласы – қазақ әдеби тілінің тарихы. «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «ХVIII-XIX ғғ. қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХV-XIX ғғ)» кітаптарында қазақ әдеби тілін ақын-жыраулар тілінен бастау идеясын алғаш ұсынып, ауызша дамыған әдеби тіл тарихын жүйеледі. Әдеби тілдің тарихын зерттеу ғалымды қазақ тілінің тарихын, оның бастау көздерін іздестіруге әкелді.

Сөйтіп, ғалым тағы бір салаға – түркітануға қадам басты. «Жамиғат ат-тауарих тілі»,  «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы», «Ясауи Хикметтерінің тілі» атты монографияларын дайындады.

Рәбиға Сыздықтың тағы бір саласы – тарихи лексикология. Одан «Сөздер сөйлейді» атты тарихи лексикологияның бірден-бір оқулығына айналған кітап жазып, оны бірнеше рет толықтырды. Сондай-ақ, «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» атты танымдық зерттеу жарық көрді.

Ғалымның өнімді еңбек еткен тағы бір саласы – тіл мәдениеті мен қолданбалы лингвистика. «Қазақ тілінің анықтағышы» кітабы 50-жылдардан бері мұғалім мен баспа қызметкерлерінің үстел үсті кітабына айналды. Орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктер түзді. «Сөз сазы» кітапшасы актерлар мен дикторлардың, сөз өнерін тұтынушылардың басты кітабына айналды.  Ал лингвопоэтика мен стилистикадан жазған «Сөз құдіреті» еңбегі нағыз бестселлерге айналды.

Рәбиға Сыздықтың ерлік көрсетіп, өршілдік танытқан саласы – алаштану. А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедовтің мұрасын жинап, оған ғылыми көзқарас қалыптастырды. Ахметтің атын атауға болмайтын кезеңде, 1977 жылы конференцияда «Біздің айтып жүргеніміз – қазақ тіл білімі дегенді жасағандар – Ильминский, Мелиоранский, Радлов... дегендер емес, оны жасаған – Ахмет Байтұрсынұлы» деп жігерлі сөз, батыл пікір айтады.

«Ол әліппені бастады. Кейін грамматикалық туындыларын өмірге әкелді. Байтұрсыновтың саясатында жұмысым жоқ. Компартияға әлде Кеңес өкіметіне қарсы болды ма? Оны басқалар зерттер. Ғылым дегеннің бір синонимі – әділдік, әділеттілік деп түсінем. Егер біз әділ болатын болсақ, әделіттілікті іздейтін болсақ, турасын айтуымыз керек. Біздің тіл біліміміздің бастамасы – Ахмет Байтұрсынов. Осы  сөзіме жауап беретін – тек өзім. Және барлық жерде жауап берем», - деп мәлімдейді сол конференцияда Р.Сыздық.

Сондай-ақ, Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұрасын алашқа алғаш таныстырған да – Рәбиға Сыздық еді. 1964 жылғы конференцияда Жұбановқа арнап баяндама жасап, кейін «Ғалым-азамат» атты кітапша шығарады.   

Қазірде Рәбиға Сыздықтың 14 томдық академиялық басылымы жарық көрген.

Осы еңбектері үшін Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағы табысталып, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері атанды. ҚР «Құрмет грамотасымен», «Парасат» орденімен марапатталды.

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты,

Қымбат Слямбек