Қайырымдылық концертіне келіңіз, ағайын!

Қайырымдылық концертіне келіңіз, ағайын!
жеке
блог

Мейірімге шөліркеген бейкүнә сәбидің үніне құлақ түріп, шарасыздан тал қармаған қолына үміт отын жаққысы келетін адамдар бар. Бұл өмір мейірімді адамдардан кенде емес. Жарымжан сәбидерге қол ұшын бергісі келетін еліміздің жаны жомарт азаматтары қайырымдылық іс-шара өткізіп, одан түскен қаржыны балалардың еміне аударады.

Ақмолалық Айлан Дәулетбаеваның туа біткен кемістігі болған, өңеші бітеу болып туылған. Өңеші мен асқазаны қосылмағандықтан бала өз еркімен тамақтана алмайды. Қазақстанда жасалған өңеш пен асқазанды қосуға ота жасағаннан кейін бірде-бір бала тірі қалмаған. Ал Айланға Қазақстанда 5 рет ота жасалғанымен, оның жағдайы әлі ауыр. Ресей дәрігерлері баланы емдеуден бас тартқан, себебі қазақстандық дәрігерлер Айланға қажет емес оталарды жасап, оның өміріне орасан зор нұқсан келтірген. Айланға көмектесуге тек Израилдың дәрігерлері келісіп отыр. Бір жастағы Айлан өмір сүргісі келеді. Өмірге құлшынған сәбиге қол ұшын берейік, ағайын. Қазір Айланның қорында 10 мың доллар ғана ақша бар. Оны емге жіберу үшін тағы да қосымша қаржы жинау қажет.

Сәбиге көмек қолын созу мақсатында осы жылдың 20-қазанында Мейрамбек Бесбаев бастаған «Өнеге» журналының ұжымы «UnityKZ» қайырымдылық қорымен бірігіп қайырымдылық концертін өткізеді. Концерттен түскен қаржы толығымен Айланның шотына аударылады. Концертке қазақ эстрадасының танымал өнер иелері: Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева, Жанболат пен Жазира, Ақмарал Леубаева, Жанар Айжанова, Жұбаныш Жексенұлы, Шахизада, Мадина Сәдуақасова, Меруерт Түсіпбаева, Роза Әлқожа, Индира Расылхан, «Денар» тобы, «Асыл» тобы, «Азия» тобы, Ерлан Орынбасаров, Таңат Мамырханов, Беркут пен Аиша және т.б. әншілер мен «Өнер қырандары» әзіл-сықақ командасы қатысады.

Концерт 20 қазан күні кешкі сағат 19.00-де «Қазақконцерт» залында өтеді (Абылайхан мен Қазыбек би көшелерінің қиылысы).

Р.S. Онсыз да тағдыр тақсіретін тартқан сәбидің ауыр халін одан сайын қиындатып жіберген отандық дәрігерлердің жауапсыздығын естіп, қабырғамыз қайысты. Сәбидің аяғынан тік тұруына бірге атсалысайық!