Еркіндіктің дәмі тәтті, жүгі ауыр екен

Еркіндіктің дәмі тәтті, жүгі ауыр екен
жеке
блог

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=16499&Itemid=2

Мөлдір Әуелбекованың есімі бұл күнде дүйім жұртқа таныс. Ол - «SuperStar.kz» жобасынан түлеп ұшып, «КешYou» тобының белді мүшесіне айналды. Қазақ көрерменін жеңіл әзілмен баурап алған «Ғашық жүрек» кинофильмінде бас кейіпкерді сомдап, актерлік шеберлігін көрсетті.

Мөлдір топтан еншісін алып, бөлек кеткенде халық арасында сан түрлі пікір айтылғаны да жасырын емес. Тіпті «Мөлдір сахнадан күдерін үзді» деген сөзді де құлағымыз шалып қалып еді. Әйтсе де «талант жас жаратыны» әмбеге аян. Мөлдір Әуелбекова жеке әнші ретінде сахнаға қайта оралып, көпшіліктің көкейінен шыққан «Елім менің» тележобасының жүргізушілік тізгінін қолға алды. Жеке шығармашылығы, алдағы жоспарлары жөнінде Мөлдірдің өзі баяндайды.

«БҰЙЫРҒАН КЕТПЕЙДІ, ҚУҒАН ЖЕТПЕЙДІ»
«SuperStar.kz» жобасы мені халыққа әнші ретінде танытты. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деген рас екен. Жобаның алғашқы маусымында іріктеуден өтпей қалып, тауым шағылып еді. Екінші маусымда әділқазылар бір адамға мүмкіндік берді. Сол мүмкіндік маған бұйырыпты. Ірі жоба мені сахнаға жетеледі, музыканы, өнерді сүйдірді. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының вокал бөліміне түсіп, оқуым басталған тұста сол кездегі «Саф», қазіргі «КешYou» тобына іріктеуден өтіп, қабылдандым. Онан соң, өмірімдегі «Бұйырған кетпейді» атты екінші бөлімі басталды. «Ғашық жүрек» атты кинофильмге сайдың тасындай іріктелген кәсіби актрисалардың арасынан іріктеліп, фильмнің басты рөліне тағайындалдым. Өзім кино жанкүйерлерінің қатарынан емеспін. Сирек көремін. Арнайы білімім, тәжірибем жоқ. Осының бәрі образ сомдауда шынайы болуыма зор септігін тигізді деп ойлаймын. Көрермен мен ойнаған Мөлдірге сенді. Ол жыласа бірге жылап, ол қуанса бірге қуанды. Ал дәл қазір киноөндірістен қол үздім. Негізгі кәсібім әншілік болған соң, актерлікті ермек қана деп білемін. Берері мол, мағынасы терең жұмыс болса қосылып кетер едім. Әзірге ондай ұсыныс жоқ.

«ЕРКІНДІКТІҢ ДӘМІ ТӘТТІ»
Жеке жұмыс жасап жатқаныма жарты жылдан асты. Еркіндіктің өз дәмі болады екен. Дәмі тәтті, бірақ арқалатар жүгі ауыр. Репертуар таңдау, әнді жаздыру, бейнебаян түсіру, концерттерге шығу сияқты ірі жұмыстардан бастап, киім таңдау, тіктіру сияқты ұсақ-түйек мәселелердің барлығы өзімнің мойнымда. Дегенмен тірлік тоқырап қалған жоқ. Жаратқанға мың шүкір, діттегенге жетіп, көздеген мақсаттарым орындалуда. Тыңдарманымды қуантар жаңалықтар да баршылық. Жеке әнші ретінде оннан аса ән жаздырдым. Ата-анам «Махаббат туралы аузын ашқанның бәрі айтады. Нақыл, өсиет, өнеге болатын дүниені таңда» деп кеңес берді. Сондықтан салмақты, ой толғантар әнге бейнебаян түсіруді жөн көріп, он әннің ішінен Нұртуған жыраудың сөзіне, Арман Дүйсеннің әніне жазылған туындыны таңдап, бейнебаян түсірдім. Ол осы айда көрерменге жол тартады.

ХАЛЫҚ «ЕЛІМ МЕНІҢ» ДУМАНЫНА РИЗА
Достарыммен бірге Жұбаныш ағамыз жүргізетін «Ән-жұмбақ» думанына қатыстым. Ойын соңында жобаның бас продюсері Динара Адам «Тың жоба бар. Жүргізуші іздеп жатырмыз. Байқап көресің бе?» деген ұсыныс білдірді. Бірден келістім. Сол жерде сахналық киім кигізіп, қолыма бір парақ қағаз ұстата қойды. Мәтінді екі рет оқып шықтым. Ертеңіне «Ұлттық арнадағы жаңа думанның жүргізушісі сен болдың» деген хабар келді. Дайындық басталып, маған жобаның украиналық нұсқасы көрсетілді. Ел туралы қызықты мәліметтерді жеткізетін интеллектуалдық думан біздің көрерменге керек-ақ. Үлкен-кішіні экран алдына жинай алатын ауқымды, қызықты, маңызды жобаның саны көп болғаны дұрыс.
Жобаны жүргізу кезінде мен де өз елім туралы тың ақпаратты ойға түйіп, ел үшін еңбек еткен, бірақ көпшілік тани бермейтін қаһармандардың есімін білдім. Осы жобаға дейін алты құрлықтың шөлін жалғыз жүріп өткен адам қазақ екенін, жер бетінің алты миллиардыншы тұрғыны Қазақстанда тіркелгенін, әлемнің ең титулданған оқушысы қазақ екенін бірен-саран адам білетін. Енді күллі халық біледі. Думанда қамтылмаған тақырып жоқ. Өнер, тарих, әдебиет, қазақ тілі, география, этнография... Оның үстіне жобаға жауыр болған «жұлдыздар» емес, қазақ елі үшін еңбегін аямай, терін төккен азаматтар қатысады. Бұрын халық арасына шыға қалсам, «Ғашық жүрек» әңгіме болатын. Қазір үлкен ата-әжелер, аға-апалар «Елім менің» думаны үшін алғыс айтатын болды. Халықтың бағасынан артық ешнәрсе жоқ мен үшін. Жоба келесі жылы да жалғасын табады деген үмітім бар. Қазіргі телевизияны жайлаған жеңіл-желпі әзіл думандар, ұзын сонар телехикаялардан гөрі берері мол думанның ғұмыршаң болғаны жақсы. Ал өзіме келер болсақ, теледидарға көп телміргенді аса ұнатпаймын. Көбінесе жаңалықтар, сосын шетелдік думандарды көремін. Музыка арналарын мүлдем қарамаймын. Шынын айтсам, жартылай шешінгеннен басқа өнер қалмаған тәрізді.


«ЕҢБЕГІМ ТОЙҒА ШЫҒУМЕН ШЕКТЕЛМЕСЕ ЕКЕН»
Аман болсақ - арман көп. Ең басты мақсат - жеке, сапалы концерт беру. Келген тыңдарман-көрерменнің жанына гүл егіп, жүрегіне нұр құятындай концерт болса екен деймін. Қазірден бастап дайындыққа кірісіп кеттім. Ән қоржынымды жақсы, сапалы әндермен толтырып, «айтарым бар» деген күні әдемі кеш ұйымдастырамыз. Тағы бір мақсат - ұстаздық ету. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының магистратурасын тәмамдадым. Ғылымды ары қарай жалғастырамын деп айта алмаспын. Алайда білгенімді үйретіп, шәкірт тәрбиелегім келеді. «Білмегенге үйретпесең, білгенің қайсы?» деген бар емес пе, сахна өнерінің, вокалдың қыр-сырынан сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеу қолымнан келеді деп ойлаймын. Оған дейін өзім де жан-жақты толысармын. Ел үшін деген еңбегім тойға шығумен шектелмесе екен деп тілеймін. Қазақ музыкасының жаңа үні болсам, сол арқылы елімізді мұхиттың ар жағындағы қауымға танытсам, ғұмырын ұзақ ететін бір бөлшегі болсам деген арманым бар.
Арман орындалады. Ең бастысы еліміздің осы бейбіт күні, тыныш тірлігі сақталса екен. Бар тілегім - тыныштық. Жер тыныш, ел бейбіт болса айға ұшамын десең де - өз еркің.