Алматыда студенттермен кездесу өтті

Алматыда студенттермен кездесу өтті
жеке
блог

Алматы қаласында «Жарқын болашақ» бағдарламасының грант иегерлері  білім беру ұйымдарының  басшылары, жауапты мамандары мен бағдарлама ұйымдастырушыларымен кездесті.

Іс-шара кезінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасының кеңесшісі Əбдіқалықова Гүлшара Наушақызы өмірлік тәжірибесімен бөлісіп,  студенттердің өзекті сауалдарына жауап берді.

«Жарқын болашақ» бағдарламасы арқылы конкурстық іріктеуден өткен өрендер еліміздің маңдайалды мектептері мен колледждерінде оқу мүмкіндігіне ие болады. Екі жылдан бері Алматыда бағдарлама арқылы 138 жастар 17 білім беру ұйымында білім алып жатыр. Оның 47-сі мектепте оқып жатса, 91-і колледжде студент атанып жүр. Оған Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия аудандарының жасөспірімдері қатысқан.

Колледждерден бөлек IQANAT, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі, Абай атындағы Республикалық мамандандырылған мектеп-интернаты, Тараз қаласындағы 125 HIGH SCHOOL бар. Тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау мақсатында білім алу ақысы, жатақханасы, барып-келу жолы және жоғарылатылған шәкіртақы төлемдерінің барлығы қарастырылыпты.

Бағдарламаға 12-18 жас аралығындағы жастар қатыса алады, сонымен қатар мектеп бітіріп кеткен 18-22  жастағылар да білім алуына мүмкіндік беріледі.  15 жастан бастап колледждерге түсіп, белгілі бір салада жұмыс істеу үшін қажетті білім мен дағдыларды меңгереді. Олар құзіреттілігін арттыра отырып еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықты тегін игере алады.

«Үйлестірушілер оқушылар мен студенттердің теориялық білімінде анықталған кемшін тұстарын оқу процесінде түзету қажеттілігін айқындайды. Кез келген бала психологтың көмегіне жүгініп,  іштегі толассыз сезімдер мен эмоциялармен бөлісе алады»,- дейді «Bilim Foundation» корпоративтік қорының президенті Ерлан Аманжолұлы.

Бағдарлама «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асып жатыр.