Тұлға болып тумайды, тұлға болып қалыптасады

Тұлға болып тумайды, тұлға болып қалыптасады
жеке
блог

«Тұлға болып тумайды, тұлға болып қалыптасады». Дәл осы ой мені біраздан бері мазалайтын-ды. Шыны керек, ұлы тұлғалар бойындағы асыл қасиеттермен туылады деген ойда болғаным рас. Алайда, уақыт өте келе көзқарасым өзгерді. Мәселе жастың ұлғаюында емес, мәселе ортаға дұрыс бейімделуде.

Негізінен адамдың нағыз тұлға болып қалыптасуына ең әуелі үйдегі тәрбиесі, кейін мінез - құлқы және бастысы қоршаған орта тікелей әсер етеді. Сонымен, тұлға деген кім? Соған тоқталайық...

Тұлға – өзін-өзі ұдайы дамытып, жетілдіріп, қамшылап отыратын адамды айтса керек. Адамның кәсіби тұрғыда қалыптасуы оның балалық шағынан бастап тұлғалық кезеңге дейінгі алған білімі, тәрбиесінің негізінде жатыр. Яғни, қоғам мойындаған қағидалар мен заңдылықтарға сай қалыптасуын айтамыз. Мысалы, бір анадан туған егіз балалардың түрі бір-біріне ұқсас болғанымен, мінез-құлқы, іс-әрекеті, өмірге деген икемділігі, қабілеті бірдей болмайды. Сондықтан әр адамды өзінше жеке тұлға деп қараймыз. Демек, тұлға қалыптасу жолы – соқпағы көп ауыр жол. Ендеше, тұлғаның қалыптасуы әр адамда әртүрлі жолдармен және ықпалдардың әсерінен жүзеге асады деген сөз. Оның кәсіби қалыптасуының нақты формуласы жоқ. Тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына адамның жақын жандарының да қосар үлесі мол. Мәселен, өмірлік тәжиребесімен бөлісіп, бағыт-бағдар беретін әрі өсиетін айтатын жандардың көмегі орасан зор.

« Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан болады» - дейді Абай. Қазақтың бас ақынының тұлғалық қалыптасуын зерделейтін болсақ, оның ақыл-парасат, елім-жұртым деп еміренуі, ел қамын жеген ұлтшылдығы мен қайраткерлігі әкеден дарыған қасиет. Құнанбайдың Абайға жастайынан үлкен сенім арта отырып, «ата салтынан адаспа, балам» дегені келешекте оның нағыз «толық адам» болып қалыптасуына тікелей әсерін тигізді.

Әр адам – дара. Бойыңызда нағыз адами қасиеттердің қалыптасуы мен тұлға болуыңыз тек өз қолыңызда. Дұрыс орта тауып, сүйікті ісіңіздің шебері атанып, игі әрекеттерге ұмтылсаңыз, өзіңізді « тұлға » деп сеніммен айта аласыз.