Жаңа сөздік жарыққа шықты

Жаңа сөздік жарыққа шықты
жеке
блог

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақ университеті» баспа үйінен жарық көрген «Психолингвистика және нейролингвистика терминдерінің орысша-ағылшынша-қазақша оқу сөздігін» талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге арқау болған Сөздік авторлары – ф.ғ.д., доцент Ж.К. Ибраева (жауапты редактор), аға оқытушы, PhD докторант Г.С. Нәбиева, аға оқытушы, PhD докторант Қ. Жақсылыққызы, б.ғ.к, профессор, биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының меңгерушісі А.М. Кустубаева. 

Үштілді оқу сөздігі зерттеу пәні іргелес болып келетін қазіргі тіл білімінің интегративті бағыттары – психолингвистика және нейролингвистиканың терминологиялық аппаратынан тұрады. 

Бұл психолингвистика және нейролингвистика салалары бойынша құрастырылып отырған алғашқы үштілді сөздік. Сөздікте анықтамалар берілмеген. Авторлардың басты мақсаты осы ғылыми бағыттар бойынша терминдерді, сондай-ақ бірінші, екінші, шет тілдерін меңгеру үдерістеріне, қостілділік мәселелеріне, тіл, сөйлеу және ми жұмысының байланысына қатысты ұғымдарды жинақтау, жүйелеу және түгендеу болды.

Сөздік жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарына, докторанттарына бағытталған. Бұл терминологияны меңгеру филология факультеттеріндегі студенттер үшін өте маңызды, сондықтан сөздікті "Психолингвистика теориясы", "Психо-нейролингвистика", "Онтолингвистика", "Бірінші/екінші тілді меңгеру мәселелері", "Сөйлеу қарым-қатынасы" сияқты негізгі және элективті пәндер бойынша оқу курстарында қолдануға болады. Сонымен қатар, сөздік биомедицина және нейроғылым бағыттарындағы мамандықтардың студенттері үшін және «Психология», «Когнитивтік психология», «Логопедия», «Когнитивтік нейроғылым негіздері», «Қазіргі биомедицина мәселелері» және т.б. базалық және элективті пәндерге дайындық үшін де пайдалы болады.

Үштілді оқу сөздігі студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, оқытушы-зерттеушілерге аталған курстардың терминологиялық жүйесімен танысуға мүмкіндік береді және арнайы әдебиеттерді қазақ және ағылшын тілдерінде оқуды жеңілдетіп, дипломдық жұмыстарды, магистрлік және PhD диссертацияларды жазуға көмектеседі. 

Дөңгелек үстел барысында оқытушылар мен жас ғалымдар пікір алмасып, ой бөлісіп, құнды ұсыныстар жасады.

Қазақстан ғылымы өркендеп, ел игілігіне жарар еңбектер көбейе беруіне тілектеспіз!

Түркітану және тіл теориясы кафедрасының
доценті, ф.ғ.д. Ж.К. Ибраева және
аға оқытушылары Г.С. Нәбиева, Қ. Жақсылыққызы