Түрік тілін қалай тез үйренуге болады?

Түрік тілін қалай тез үйренуге болады?
жеке
блог

Қазір бәріміз білетіндей, жастардың түрік тіліне деген қызығушылығы күн санап артуда. Түрік тілінің жастардың жарқын болашағы үшін берер мүмкіндіктері көп. Егер түрік тілін жетік меңгерсен, Түркия елінде білім алуға, жұмыс жасауға, өмір сүруге, түрік адамдармен еркін сөйлесуге, түрік тілінен оқушыларға сабақ беруге, аудармашы болып қызмет атқаруға болады. Біз қазақ болғаннан кейін түрік тілін үйрену бізге қиынға соқпайды. Көптеген сөздер қазақ тілінің сөздеріне ұқсас келеді.
Түрік тілін тез және қызықты үйренудің 1 - әдісі: түрік сериалдарын түпнұсқада орысша субтитрдің көмегімен көру. Бұл әдіс сенің тыңдалым дағдыңды дамытады, жаңа сөздер үйренесің, сөздердің қалай дұрыс айтылу керектігін үйреніп, түрік тіліне деген қызығушылығың артады.
2- әдісі: Өзіңнің деңгейіңе байланысты кітаптар оқу. Егер сен бастапқы деңгейде болсаң, түсінуге жеңіл ертегі кітаптарынан бастағаның жөн. Мысалы: «Güzel ve çirkin», «Pinokyo», «Yüz yıl uyuyan güzel », «Kırmızı Şapkalı Kız», «Kurşun asker» ертегілерін оқуға болады. Ал деңгейің жоғары болса, Hakan Mengüç деген жазушының «Mutluluğu Sende Bulan Senindir Ötesi Misafir», «Her şey vaktini bekler», «Sen yola çık yol sana görünür» т.б. кітаптарын оқуға кеңес беремін. Кітап оқу арқылы сөздік қорың ғана көбейіп қана қоймай, ой-өрісің дамып, пайдалы ақпараттарды қоржыныңа жинайсың.
3-әдісі: Instagram әлеуметтік желісінде түрік тілін үйрететін ұстаздарға тіркеліп ал. Олардың парақшаларынан өте көп пайдалы ақпараттарды табатындығыңа кәміл сенімдімін. Өзім түрік тілін үйрену жолында, түрік тілін жетік меңгерген, білімді, сабақты қызықты түсіндіретін ұстаздардың инстаграм парақшаларын кездестірдім. Мен үшін пайдалы болған 3 инстаграм парақша:
1. @turkce. habiba - Хабиба ұстаз 5000-нан аса адамға түрік тілін үйреткен, инстаграм парақшасында 116 мыңға жуық оқырманы бар, 10 жылдық тәжірибесі бар білікті маман, Қазақстанда №1 Түрік тілі мектебінің негізін қалаған. Парақшасындағы пайдалы әрі тегін видео сабақтары ерекше әдіспен түсіндіріледі. Хабиба ұстаздың парақшасы саған нағыз Түркия елінің атмосферасын сыйлайды.
2. @selam_turkce - парақшасында күнделікті өмірге қажет сөздер өте көп жүктелген. Қандай тақырыпта сөз жаттарыңды білмей жүрген болсаң, бұл парақша сен үшін пайдалы болмақ. Өйткені, парақшада әртүрлі тақырыптарға арналған қажетті сөздер бар. Күн сайын жаңа сөздер жаттауға жағдай жасалған. Сонымен қатар, парақшадан Түркия еліне оқуға грантқа түсу, университеттер, саяхат, қалалар туралы қосымша ақпарат таба аласың.
3. @turklanguagee - түрікше көп видеолар қазақша аудармасымен жүктелген. Тыңдалым дағдыңды жоғары деңгейде дамытуға таптырмас парақша.
Түрік тілін үйренуге арналған топ 2 қосымша:
1. Duolingo - алфавиттан бастап толық түрік тілін үйреніп шығуға болады. Күн сайын жаңа сөздер, сөздердің дұрыс қолданылу ретін, сөйлемдерді қалай құрастыру керектігін үйрене аласың. Күнделікті тест шешуге, арнайы бот арқылы түрікше сөйлесуге мүмкіндік береді.
2. Hellotalk - шетелдік азаматтармен сөйлесіп, практика жүргізуге болады. Бұл қосымша арқылы көптеген түрік достар табуға және олардан тіл үйренуге байланысты ақпараттар ала аласың. Қосымшада сақтық шараларын қолдануды ұмытпа! Мұндағы барлық адам жақсы бола бермейді.
Қандай түрік сериалын қарауды білмей жүрген болсаң, жуырда шыққан:
1. Ateş Kuşları
2. Yalı Çapkını
3. Taçsız prenses
4. Gülcemal
5. Kardeşlerim сериалдарын карауға кеңес беремін.
Өзге тілді үйрену оңай емес. Дегенмен, нақты мақсатың мен ниетің болса, тілді қайтсең де үйренетіндігің анық. Түрік тілін үйренушілерге тек сәттілік тілеймін! Ешқашан берілме!