31 желтоқсан

 

Желтоқсанмен қалса қайғы, қалса мұң,
Көтермеймін бұдан артық сарсаңын. 
Бұл күндері менен үміт жалыққан, 
Мен де үмітті сүйрей-cүйрей шаршадым... 
 

Көңіл қимас ештеңе жоқ өткеннен, 
(Шақтар ғана шарасыз қап, жек көрген) 
Мендегі ең бір тәтті дейтін сәттерді, 
Бірге жерлеп кетіппін сол көктеммен.
 

Содан бері жылдардан бақ таппадым, 
(Сағыныш боп жүрегіме батпа мұң.) 
...Мен арымды Тағдырымның алдында, 
Қаншалықты ақтай алдым, ақтадым?!
 

Досым көп деп алданыппын бекер мен, 
Мендегі аңсар алданышпен өтелген. 
Жылағанның бір сүртісіп көз жасын, 
Өз қайғымды өзім ғана көтергем. 
 

Қанша ғұмыр қалды дейсіз кешпеген, 
Қанша мұң бар жүректе әлі өшпеген. 
Аялдашы, бір қарайын өткенге, 
Уақыт сенің кетпейді ғой ештеңең.



Бөлісу: