Артына өшпес із қалдырған нар тұлға

Артына өшпес із қалдырған нар тұлға
жеке
блог

Маңғыстау мақтанышы - Қолғанат Нұржаубайұлы сонау студенттік шағынан қазақтың қара өлеңінің шебері, ақын Фариза Оңғарсыновамен танысып, апа-іні болып, ақынның жанында болады. Оған «поэзия падишасы» Фаризаның 2001 жылы жазылған «Маңғыстау» атты мына өлеңі дәлел:

Маңғыстауда кімім бар осы менің?

Алады онда біздерді есіне кім?

Қуаттансам деп едім топырағынан-

Шығар ма екен алдымнан тосып елім?

Мен бекерге күйінем, Маңғыстауда

Өр рухтан өшпейтін мұра қалған.

«Келгенімде апамыз тірі екен» деп,

Қолғанаттай бауырлар шығар алдан!

    Фариза Оңғарсынова 2013 жылы Маңғыстау облыстық газетіне шыққан «Менің бауырларым» деген естелік мақаласында Шын мәнінде, Қолғанат менің бір анадан  туған бауырымдай қолғанатым болды. Барам деген жеріме апарады, жұмсасам, шаруамды тап-тұйнақтай етіп бітіріп келеді. Сүйіп қосылған жары Қамаш екеуінің шаңырағы біздің отау үйіміздей болып кетті. Маңғыстауға барсам, олардың үйіне бас сұқпай кету маған күнә секілді деп ой тербейді.

 

    28 ақпан күні Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының Өлкетану залында Өлкенің өркендеуіне өз үлесін қосқан ел ағаларының бірі, өлкетанушы, журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Ақтау қаласының құрметті азаматы, Құрмет орденінің иегері - Қолғанат Нұржаубайұлының туғанына 70 жыл толуына орай «Артына өшпес із қалдырған нар тұлға» атты еске алу кеші өтті.
     Қолғанат Нұржаубайұлы - сонау Маңғыстаудың шалғай ауылынан шығып, Республика көлеміндегі алғашқылардың бірі болып, тарихшы-археолог мамандығын алып шыққан тұлға. Маңғыстаудан шыққан тұңғыш археолог, Маңғыстау облысының тарихи-өлкетану мұражайының негізін қалаушы. Қызылқала, Шерқала ортағасырлық бекініс-қалалары мен өлкенің археологиялық ескерткіштері туралы мәліметтерді зерттеуші. Қай салада жұмыс істесе де артына өшпес із қалдырып, елдің ықыласы мен алғысына бөленеді. Облыс аймағындағы мәдени іс-шараларға белсене араласып, ел құрметіне бөлніп жүрген сыйлы азамат, заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлымен, поэзия падишасы – Фариза Оңғарсынова апасымен жақын аралас болып, олардың батасын алған жан. Қолғанат Нұржаубайұлы МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-де журналист болып жүріп, облыстағы көптеген өзекті мәселелерді ортаға салып, оның шешілуіне үлкен үлесін тигізді.
     Оның «Шәмбілдің шаңырағы», «Тағылым», «Емші», «Таушығым құт мекенім» деген кітаптары, бірнеше мақалалары жарық көрген.
     Еске алу кешінде Қолекеңнің өмірінен сыр шертетін бейнеүзік көрсетіліп, жиналған қауым ерекше тебіреніспен тамашалады. Кешке Қолғанат Нұржаубайұлының белгілі ұстаз, ғалым, ақын замандастары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ел ағаларынан белгілі дәрігер Сүлеймен Бердәулетов, Аққұлов Қаржау, Нұров Саламат, Құрмет орденінің иегері, ақын Сабыр Адай, Қазақ КСР-і «Халық ағарту ісінің үздігі», математик Ванов Қуантқан, математика-физика ғылымдарының докторы, ғалым Дүйсенбаев Баймұқанбет, жас өлкетанушы Кенжебек Сержан сөз сөйлеп өз естеліктерін айтты.
     Сонымен бірге, кеште Қолғанат ағаның өлеңдері оқылып, әсерлі әңгімелері айтылды.
Облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Темірбек Асқанбаев «Тойбастар» жырын орындап, көпшілікке паш етті.
     Қолекеңнің тоқсан жастан асқан ағасы Ізбасқан ақсақал бастап, жұбайы Қамаш апай мен баласы Асқар Қолғанатұлы қорытынды сөз сөйлеп, ұйымдастырушы кітапхана ұжымына, жиналған қауымға өз ризашылығын білдірді.
Кеш соңында қонақтар мен студенттер осы шараға орай ұйымдастырылған кітап көрмесімен, Қолғанат ағаның пайдаланған заттарымен танысты.