Қазіргі жастар арасында кітап оқу актуалды ма?

Қазіргі жастар арасында кітап оқу актуалды ма?
жеке
блог

Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана.

Әбіш Кекілбаев

    Интернет жаулаған ХХI заманда кітапқа деген сұраныс расымен түсіп кетті ме? «Қазіргі жастар кітап оқудан қалды» деген негізсіз қалыптасқан принцип үлкен буын қатарынан жиі естілуде. Алайда, кей деректер мен зерттеулер бұл тезисті жоққа шығарады. Жастар арасында кітапқа деген сұраныс пен қызығушылық күн санап артып жатыр. Кітапхана мен кітап сататын дүкендердің қызметкерлері ересектер мен балалардың кітап оқуға деген көзқарастары жағымды түрде өсіп жатқанын айтады. Фэнтези, бестселлер және психологиялық жанрдағы кітаптар сұраныста екенін жеткізді.

    Қоғам арасында кітап жазу да белсенді дамып келе жатыр. Солардың ішінде Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам», Қуаныш Шонбайдың «Q п Я» кітаптары үлкен оқырмандық сұранысқа ие. «Жақсы кітап — ақылды адамның әңгімесімен бірдей» -  деген Лев Толстой, жақсы ойлай алатын адамның ой санасы кітап авторының түйсігімен теңбе-тең екендігін айтып кеткен болу керек. Көрінген кітапты оқи берген жарамайды, көңілде туған сауалдарға жауап бере алатын кітаптарды оқыған абзал.

    Қазіргі интернетке туған тәуелділік санамыздағы кітапқа деген қызығушылықты жоя қоймағанын байқаймыз. Дамыған заманда жаңа технологияларды меңгере отыра, кітапты онлайн түрде оқып, аса үлкен тиімділікке қол жеткіземіз. Оған факт, дайын сайт немесе бағдарлама көмегімен көңілімізге жаққан кітаптарды түр-түрімен таңдай отырып, ұнаған кітабымызды өзімізге ыңғайлы уақытта ашып, оқи аламыз.Интернеттің  қоғамға үлкен пайда тигізіп жатқанын осыдан байқауға болады. Кітап — ақылына ақы сұрамағанымен, өз құнын түсірген емес. Сатылымдағы кітаптарды алу үшін қаражатын болуы тиіс. Қазіргі ең арзан деген кітаптың өзі 2000 теңгеден бастау алады. Қызықты, сапалы кітап аламын деген оқырман үшін біраз ақшаның қажеті сөзсіз. Алайда, білімге құйған инвестицияның кемшілігі болмайды. Жастар үшін де, «қымбат» рахат деген түсінік кітап сатып алар кезде пайда болады. Сол себепті де, бүгінгі қазақ жастарыныңкітап оқуға қызығушылығы жоқ деген пікірмен келісе алмаймын.

     Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті екенін ұмытпау керек. Қазіргі таңда жастардың ой-санасын жетілдіру үшін, тіл байлығын арттыру үшін, өмірлік көзқарасы мен мәдениеттілігін қалыптастыру үшін кітап – негізгі тәрбие құралы болып табылады. Мәдениетті адам болу үшін рухани байлық - кітапты дәстүрлі оқи отырып, бірнеше тілді игере алатындай болу керек. Қазіргі уақытта жастарды кітап оқуға баулу аса маңызды. Ол отбасында,мектепте, жоғары оқу орындарында үрдіске айналуы керек.

  « Пайда ойлама, ар ойла,

   Талап қыл артық білуге.

   Артық ғылым кітапта,

   Ерінбей оқып көруге.»

-деп ұлт ойшылы Абай Құнанбайұлы кітап оқып,білім-ғылымды меңгеруді насихаттаған болатын. Осылайша, ұлт мүддесін білім мен сауаттылық арқасында сақтап қалу бүгінгі жастар мен кейінгі ұрпақ қолында екенін ұмытпайық!