Болашақ мамандығымды қалай таңдаймын?

Болашақ мамандығымды қалай таңдаймын?
жеке
блог

Қоғамдағы актуалды тақырыптар көшін әдеттегідей мектеп оқушылары арасындағы мамандық таңдау мәселесі бастап тұр. Саны дүкендегі азық-түліктің бағасынан қалыспай артып келе жатқан алуан түрлі мамандықтың ішінен адасып қалмай, өз өмірлік жолымды қалай табамын деп ойланып жүрген жас түлек, ендеше, жайғасып отыр.

Иә, ертеңін ойлап есі шыққан талай жұмыр басты пенденің жатса да, тұрса да ойланар бір сауалы осы болды. Мектеп оқушыларының болашақ университетін таңдауға қиналмай, мамандыққа келгенде абдырап қалғанын сан мәрте көрдік. Расымен, мамандық таңдау қиын ба? Әлде, өз болмысыңды ма?

Әр бітіруші түлек өзіне «мамандық таңдаудан қателеспеу үшін не істесем болады?» деген сауалдан бұрын «менің өмірлік миссиям қандай» деген көкейдегі бұлыңғыр сұраққа жауап беруі тиіс. Расымен де, сіз өмірге не үшін келдіңіз? Мектеп бітіріп, бес жыл университетте оқып, одан соң жұмысқа орналасып, екеуінің арасында отау құрып үлгеріп, әншейін көп адамның бірі сияқты бар-жоғыңыз білінбей өмір сүру үшін бе? Жоқ, сіздің бұл ғаламда өзіндік орныңыз бар. Тамаша, сіз бұл ақпаратты білесіз. Енді тек қана әрекет ету ғана қалды.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша әлемде тек 13% адамдар ғана өз жұмысын сүйіп жасайды екен. Неге дейсіз бе? Біріншіден, олардың өмірлік мақсаттары айқын. Ал оны табу үшін сіз белгілі бір саланың шебері атанғыңыз келетін іспен шұғылдануыңыз қажет. Тек нағыз шебер атану ғана қызметіңізге мағына береді, сіздің алға сүйреуші ішкі күшіңізге айналады. Өзіңізге сұрақ қойыңыз: болашақ мамандығыңыз сіздің арман-мақсаттарыңызбен ұштасып жатыр ма?

Екіншіден, мінез-құлқыңыздың қай салаға көбірек келетінін анықтап алғаныңыз жөн. Әр маман иесінің өзіне тән талаптары бар. Мәселен, жаратылысыңыздан жұмсақ, сезімтал әрі туабітті эмпат болсаңыз полиция қызметкері, қорғаныс немесе бизнес саласы сіз үшін тиімді емес. Ал егер ұшқыш болуды армандасаңыз көру және есту қабілетіңіз жоғары, жылдам шешім қабылдай алатын, қиын ситуацияларға бейімділігі жоғары адам болуыңыз қажет. Сіздің не нәрсеге бейім екеніңіздің ойнайтын рөлі маңызды. Оны анықтау үшін үйде отырып-ақ «The big five» пен Майерс-Бриггстің тұлға түріне арналған тесттерін әртүрлі сайттардан өтуге кеңес беремін.

Үшіншіден, таңдаған мамандығыңыздың сұранысқа ие болуы және оның қоғамдағы алатын орны үлкен маңызға ие. Диплом бола тұра жұмыс таба алмай, орташа жалақымен күн көруді ешбір адам қаламайды, солай ма? Сол себепті, өзіңізбен қатар мамандығыңыздың да болашағаңына бір көз жүгіртіп алыңыз. Қазіргі таңда қысқа көлемді курстарға қатысып сату менеджері, SMM маманы, веб дизайнер сынды мамандықтарды игеру арқылы қашықтықтан жұмыс жасап отырған жастар қаншама. Жыл өткен сайын кейбір мамандықтар қолданыстан шығып, олардың орнын өзге мамандықтар басып отырады. Заман ағымынан қалыспай, жаңалықтарды қадағалап, өзіңізге керектісін іріктеп алып отыруды әдетке айналдырыңыз.

Төртіншіден, «15-16 жасар бала болашақ мамандығын таңдай алмайды» деген ойдан арылыңыз. Қазіргі таңда бұл мамандық таңдай алмай, қиналып жүрген оқушылардың ұранына айналды. Ересектердің жасөспірімдермен тең дәрежеде сөйлеспей, оларды әлі бала санауы талай жасөспірімді жауапкершіліктен «құтқарды». Егер осы бастан болашағыңызды қолға алып, күдікті ойлармен күресе бастасаңыз өмір есіктерді сізге өзі-ақ ашып береді. Мүмкін еместің бәрі мүмін.

Жас түлек, жүрегіңізді тыңдаңыз. Өзіңізді асықпай зерттеп, қабілеттеріңіз бен дарыныңызды анықтаңыз. Өйткені, дұрыс таңдалған мамандық еліміздің өркендеу жолында бір кірпіші болып қалады.   

Сурет: phonoteka.org