Кәмелет жасына толмағандар қандай жұмыс жасай алады?

Кәмелет жасына толмағандар қандай жұмыс жасай алады?
жеке
блог

Қалтаңда артық тиының болса өзіңді әлдеқайда сенімді сезінесің. Бұл сөздер бүгін де мектеп оқушылары арасында танымалдылыққа ие. Жүрек жалғауға, жүріп тұруға, одан қалса керек-жарағыңды алуға ақша жетпей қалатын кездер болып тұрады. Баланы толығымен қамтамасыз – ету ата-ананың міндеті. Дегенмен де, әрбіріміз оларға артық салмақ салмаудың жолын іздейміз. 

Қазіргі таңда жасөспірімдердің даяшы не сатушы боп жұмыс істеп жүргенін жиі көреміз. Кей жағдайларда қиындыққа тап болып, арты дауға ұласып жататын кездер де аз емес. Бұндай оқылықтардың алдын қалай алуға болады? Заң не дейді?

Балалардың жұмысына байланысты қойылатын шарттарға тоқталып өтсем, 14 жасқа толмаған балалар да еңбекке қатынаса алады. Еңбек заңнамасына сәйкес, оларға еңбек келісім-шартымен циркте, театрлар мен концерттерде өнер көрсетуге немесе киноға түсуге болады (ҚР Еңбек кодексінің 31 бабы). Ең бастысы – баланың денсаулығы мен психологиясына зиян келмеуі тиіс. 14 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер – аптасына 24 сағаттан аспайтын уақыт, ал 16-дан 18 жасқа дейінгілер 36 сағаттан аспайтын мерзімде жұмыс істеуі керек (ҚР Еңбек кодексінің 69 бабы). 16 жастағы жеткіншектер жарты айлық жалақы алса, кәмелетке толғандар толығымен жалақы алуға құқылы.

Баланың қадамын қолдау немесе қарсы болу – ата-ана таңдауы. Балаңыздың жақсы ниеті артынша психологиялық соққыға айналмас үшін, бұған сабырмен және байсалдылықпен қарауға тырысыңыз. Болар баланың бетін қаққан да дұрыс емес. Ең әуелі, оның қызығушылығын анықтап, қабілетіне қарай бірігіп сала таңдаңыз. Есесіне, жеткіншек ақшаның маңдай термен келетінін сезіп қана қоймай, қаржылық сауаттылыққа да үйренеді.

Қазіргі таңда табыс табу жолдарының түрі сан алуан. Мәселен, кейбір адамдар үйде отырып неше түрлі таргет, онлайн-дүкен ашып, SMM курстарын сатып-ақ миллионның айналасында ақша тауып жүр. Бұл дәмханалар мен ресторандарда даяшы болып уақытыңның көп бөлігін жоғалтқанға қарағанда әлдеқайда қолайлы. «Жерде жатқан батпанқұйрық» алғашқыда күдік тудырғанымен, бара-бара ел арасында кең өріс ала бастады. Әсіресе үйде отырған аналарға, студенттерге, жалпы жұмысы жоқ адамдарға тиімділігі жоғары. Дегенмен де, қазір instagram, telegram арқылы курс сатушылар саны бұрынғыға қарағанда едәуір артты. Сол себепті, алаяқтардың құрығына түсіп қалмау үшін сақтанып жүріңіз дегім келеді.

Оқушылар арасында осы сынды курстарды алып-сату жоқ емес, бар. Әсіресе, 16-ға толмағандар үйде отырып онлайн жұмыс жасауды құп көреді. Оқуы мен жұмысын қатар алып жүре алатын жеткіншектер үшін бұл керемет мүмкіндік. Алайда, әр саланың өзінің бөрілері бар екенін ескеріп жүрген де жөн. Бәсекенің көкесін көргенде жаншылып қалмайтыныңызға сенімді болыңыз!

Назарларыңызға оқушылар мен студенттер атқара алатын қызмет түрлерін ұсынамын: блогерлік, поштаға көмекші, промоутер, аудармашы, сурет немесе видео өңдеуші, қолөнершілік, жарнамаларды ілуші, репетитор, тапсырысқа эссе немесе мақала жазу, ерікті, модель, әртіс не болмаса жеке кәсіп иесі. Айта кетерлік жайт, қазіргі таңда түрлі шеберлік сағаттарына қатысып, сертификаттар алу арқылы жеке кәсіп иесі атануға болады. Қызмет көрсетудің бұл саласы жас талғамайды. Ондай жас кәсіпкерлерді мектептен де кездестіруге болады. Жоғары сынып оқушылары визажист, бровист, маникюр-педикюр жасау сынды өздерін қызықтырған мамандықтарды оқып, күніне орта есеппен 2000-4000 теңге табыс тауып жүр. Олардың айтуынша, қосалқы жұмыс сабақ оқуға еш кедергі келтірмейді. Тапсырыс берушімен келісіп, өзіне ыңғайлы кез келген бос уақытты таңдай алады. Бұл олардың шығармашылық дамуына, сондай-ақ жан-жақты болуына көмектеседі екен. Жас кәсіпкерлерге сәттілік серіктері болсын деп тілейміз!

Осылайша, мектеп оқуышларының жұмыс жасауға мүмкіндіктері әлдеқайда жоғары екендігіне көз жеткіздік. Алайда, солай екен деп, ата-анаңның рұқсатынсыз жұмыс жасау – қателік. Қандай істі бастамасаң да, ең әуелі солармен ақыл алмасқаның абзал.

Жоғарыда айтылған ойларды қорытындылай келе, мемлекет тарапынан кәмелетке толмағандарға арнап жұмыс орындары ашылса және олардың жұмысқа орналасуына жағдай жасалса деген ұсыныс тастағым келеді. Жасөспірімдердің бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың толық ашылуына және дұрыс жолды таңдауына барынша көмек көрсету керек.