"Өзіңмен ғана сана биігінде жолығамын..."
жеке
блог

"Өзіңмен ғана сана биігінде жолығамын..."

         Тағдырдың тәлкегіне амал бар ма? Отбасымда жалғыз қыз болып өскендіктен болар, мінезім турашыл, қырсық, ренжігіш, қызғаншақ, өз тарапыма көп көңіл бөлуді дәм ететін болдым. Осы қанға сіңісіп кеткен мінезіммен ең жақын дос, құрбы таба аламын ба деген сұрақ жанымды жегідей жейтін. 7-сыныпты тәмамдаған кезде атам мен апамның айтқан ақылдарына жүгініп, Алматы қаласындағы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатына арнайы емтиханмен қабылдандым. Ол да қабылданды, көрші сыныпта оқыды, тіпті жатақханадағы бөлмеміз де көршілес болды. Ең алғашқы кезде оның даралығын, ақылдылығын, көркемдігін, тазалығын, шынайылығын көзіме ілмеппін.

         Әлемді коронавирус індеті жайлаған уақытта интернаттағы балалардың барлығы елді-мекендеріне қайтты. Онлайн оқу кесірінен білім алушылардың білім сапасы төмендеді. Ал біздің халіміз мүшкіл, себебі келесі жылы ҰБТ тапсырайын деп отырмыз. Сондықтан жазғы мектепте оқуға келісімімді бердім. Менің сыныбымнан екі ғана оқушы барғандықтан, «Ә» сыныбымен бірге қосылып оқыдық. Мінекей, менің өмірлік құрбыммен кіршіксіз таза, адал достығым осы жазғы мектепте басталды.

         11-сыныпта оқып жүргенде арамызға қаншама адам түсті. «Екі адам шынайы дос болса, көкіректе нан секілді пісіп тұрған өр көкіректікті, тәкаппарлықты жолдан ысырып тастау керек». Біз олардың сөзін де, өздерін де елемейтінбіз, қайта достығымыз нығая, нұрлана түсетін. Бос кабинет табыла қалса бірге отырып сабағымызға дайындалатынбыз, бір-бірімізге көмектесетінбіз. Құрбымның көп уақыты қоғамдық жұмыстармен, сан қилы байқаулармен өтетін. Оның әр жеткен жетістігіне шат-шадыман болып ыстық жүрегіммен, таза ниетпен қуанатынмын.

         Мектептегі балғын шақ 5 минуттық кадр есебінде өтіп, ҰБТ уақыты жақындады. Екеуіміздің де таңдау пәндеріміз – қазақ тілі мен қазақ әдебиеті. Мен бала кезімнен мұғалім боламын деп армандайтынмын, ал ол филолог болғысы келетін. Тестілеу сынағына 3 күн қалған кезде қуыстай бөлмеге ауысып, күні-түні нәр татпай дайындалдық. Әдебиеттен кітаптарды                5-сыныптан 11-сыныпқа дейін басынан бастап оқыдық, қазақ тілінен ережелерді қайталап, талдау жасадық, математикалық сауаттылықтан есептер шығардық, Қазақстан тарихынан сұрақтарды жаттадық. Ол мектепті үздік аттестатқа, ал мен алтын белгіге бітірдім.  

      Алланың бізге көзі түзу екен. Бізді екіге бөліп ажыратқысы келмеді. Екеуіміз бір университетке, бір мамандыққа оқуға түстік. О, жарықтық, университтегі жатақханада бөлмеміз қатар орналасқан. Кейде сабағымыз қарбалысып кетеді, күнде көрісе алмай қаламыз. Сол күндердің орнын толтыру үшін телефондарымызды өшіріп тастап, 3-4 сағат міз бақпай отырып әңгімелесеміз, сырласамыз, шер тарқатамыз. Біздің айтатынымыз өсек, қиқы-жиқы әңгіме емес, екі адамның сана биігінде жолығуы. 

         Ол – күндіз нұр, түнде ай. Құрбыммен құшақтасқанда бөлек әсерлі энергия аламын, мөлдіреген тұнық көздеріне қарасам бойыма махаббат дарытамын, қолын ұстасам жылулықты сезінемін, ғылымға деген құштарлығынан мотивация аламын, сыңғырлаған күлкісінен ерекше көңіл-күй қалыптастырамын.

         Менің достыққа келгенде жолым болды, шүкір. Оның әрқашан жадырап, қызғалдақтай құлпырып жүргенін қалаймын, табиғи жүзіңе еш уақытта мұң түспесе екен. Құрбыма деген ыстық ықыласымды, махаббатымды сөзбен жеткізу мүмкін емес.

         Сен – жүрегімді алаулатқан, жүзіме күлкі ұялатқан, жаныма дәрмен болған өмірімнің мәнді бөлшегісің. Достығымыз мәңгі болса екен! 

                 P.S. Осы блогтың жалғасын 4-5 жылдан кейін жалғастырамын.