• 450.65
  • 503.11
  • 4.97

Сен халқыңның жүрегіндесің, жауынгер-журналист!

Сен халқыңның жүрегіндесің, жауынгер-журналист!
жеке
блог

Жақында Түркістан облысы Жетісай ауданы «Қоғалы» ауылы Жолдасбек Сүлейменов атындағы орта мектебінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне  орай жауынгер-журналист Ержан Серікбайұлы Сұлтанбаевты еске алу құрметіне  әскери сынып кабинеті ашылды.   

Шара барысында заманауи үлгіде жабдықталған жауынгер-журналист Ержан Сұлтанбаев атындағы әскери оқу сыныбы ашылды.  Әскери сыныпта  жауынгер-журналистің балалық шағы, жігіт шағы, әскердегі жылдары, студенттік  өмірі, жігіттік кезеңін қамтыған көрнекіліктермен, сондай-ақ  оқу кабинетіне қорғаныстағы атыс жүйесі, шабуыл негіздері, жалпы әскери ұрыстың негізгі түрлері аталатын стендтік  материалдармен жабдықталды.  Оқу сыныбына Сұлтанбаевтар әулеті интерактивті тақта, соңғы үлгіде wi-fi желісіне жалғанған компьютер,  басу, көбейту, сканлерлеу құрылғысын, 30 орындық оқушы партасы, мұғалім столы  мен орындықтармен жабдықтады.

Семинарға жиналған қауымға Ержан Сұлтанбаевтың  «Қарашаның жұлдызы»  атты кітабының таныстырылымы болды. Кітапқа жауынгер журналист Ержан Серікбайұлының естеліктері мен журналистік еңбектері топтастырылған. Көркем публицистік еңбектер жинағында автордың жастық шағы, әскердегі жылдары мен журналистік өміріндегі еңбектері енгізілді. Ауғанстанда әскери мінетін атқарған жауынгер журналистің қаламынан туындған естеліктері мен мақалаларында баяндалған соғыстың зұлмат күндері, жан қимас достарымен бірге өткен жастық шағы, кемеліне толысқан жігіттік шағы оқырманның жүрегіне жол табары сөзсіз. Кітаптың атауы қараша айымен аталуында үлкен мән бар. Автор 1987 жылы 13 қараша күні Памир тауын жағалай орналасқан қысы қатал, жазы аптап жас бозбала шағында ауған еліне аттанды. Сол қарашаның 13 жұлдызында 1989 жылы елге, туған үйіне оралды. Өкініштісі, ол арада отыз жыл өткенде, 2019 жылы 13 қарашада елу жасында дүниеден өтті. Қараша айының жарық жұлдызындай аз ғұмырында мәнді дүние қалдырған Ержан Серікбайұлы өмірі жас ұрпаққа өнеге. Кітапты ең жас оқырмандары – мектеп оқушылары жылы қабылдап,  үзінділерінен көркем сөз оқыды.  

Семинар соңында республикалық мектеп оқушылары арасында «Темірқазық»  атты ең үздік эссе байқауы ережесі  жарияланды. Жылына бір рет өтетін байқауға республикадағы орта білім беру мектептері оқушылары қатыса алады.

Шараға Е. Сұлтанбаевтың немере ағасы Серкебай Сұлтанбайұлы, нағашы апасы Тұрсын Оспанова,  жары  Атырау облыстық білім басқармасының аға әдіскері Сәнім Қошқарбаева, Жетісау аудандық №35 "Қараөзек"  мектебінің  ұстазы Жанабаева Ықпал  қатысып, тілектерін айтты. Жауынгер журналистің  курстастары – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1990 жылғы түлектері атынан   «Қоғалы» ауылында Ержан Сұлтанбаев атындағы саябақ ашу туралы ұсыныстарын жеткізді.

Жас ұрпаққа елін сүю, туған жерін құрметтеуге баулитын тағлымды шара жалғасын табады.