Қойын дәптер

Мейіргүлдің күнделік туралы жазбаларын оқыған да өз күнделіктерім есіме түсіп кетеді. Мектепте оқып жүргенде тұрақты күнделік жүргізетіндердің бірі мен едім. Бірақ, күнделіктерім ұзақ өмір сүрген емес ))). Дәптерім тола бастаған кезде басынан бастап оқитынмын, содан жазбаларым ұнамай қалып отқа кететін еді бәрі. Студент кезімнен «АБДИ» дүкендер желісіне жиі баратын ем, сонда ең бірінші көзім қойын дәптерлерге түсетін, алдында алғаным толмаса да жаңасын алуға құмар едім. Папама да ауылға барған сайын алып баратынмын.

Бүгін шкафымды реттейінші деп ашсам қойын дәптерлеріме көзім түсті. Студент кезінен ұстағандарым бар екен арасында. Қимай жинап қойыппын. Содан біразын ашып қарасам ішінде не жоқ дейсіз: сабақ кестесі, аттестация есептеулері, геологиядан түсіндірмелер, күнделікті ойлар, ақындардың өлеңдері, елдердің телефондары, жұмысқа байланысты анықтамалар, ескертпелер. Әр қойын дәптерімді ашқан сайын байқағаным ақынның өлеңдеріне толы екен. Өлеңдерге неге сонша құмар екем? Бәрі махаббат жайлы екен.  

Бірде бір күнделігімді ағам оқып қойғаны бар еді, мен жылап папама айтқам. Ал ол, менің күнделігімнің әр күнін жатқа айтып беріп ұялтқан еді))). 

Күнделік жазған сайын, ішімдегі қиналыстарым шығатын еді. Мамама папама айта алмаған реніштерімді жазатын ем, бала екем дейм да маған ұрысты деген сөздер көп болатын еді. Қызық, уақыт өте келе күнделігіме жазатын ойларымда өзгеріпті. Өзгермеген бір нәрсе, күнделігім әлі де ұзақ өмір сүрмейді... 

Пы.Сы. Суреттегі күнделіктер өзімдікі, шкафымда көп орын алып тұр))) 



Бөлісу: