Мемлекет басшысы жастарға үлкен сенім артады

Мемлекет басшысы жастарға үлкен сенім артады
жеке
блог

2022 жылдың 26 қарашасы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. Конституцияның 42-бабына сәйкес, жаңа сайланған президентіміз халыққа ант берді. Ұлықтау рәсімінде Мемлекеттік әнұран ойналып, 21 рет зеңбіректерден оқ атылды. Ал «Ақорда» резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді. Барша халықтың негізгі назары Қасым-Жомарт Тоқаевтың рәсім кезінде сөйлеген сөзінде болды.

Президент өз сөзінде қазақстандықтарға алғыс айта келе, еліміздің болашағы үшін жасалатын жоспарларымен бөлісті, әсіресе конституциялық реформалар мен әділ мемлекет құру идеясына баса назар аударды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар мәселесін ерекше атап өткенін айта кету керек. «Мен біздің жастарымыздың ұшқыр және озық ойлы екенін мақтан етемін. Сол себепті Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деген сөзін үнемі айтамын.  

Шын мәнінде, бәріміз жастарымызды қолдауымыз керек. Өйткені өскелең ұрпақ қана елімізді жарқын болашаққа бастайды». Осы сөздерінде ол Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген сөзін мысалға келтіре отырып жастардың ұшқыр және озық ойлы екенін мақтан ететін айтты. Президентіміздің аға буын өкілдерін жастарды қолдауға, әрдайым демеп жүруге шақырып, өскелең ұрпақтың ғана елімізді жарқын болашаққа бастайтынына, ал ол үшін жастардың көп еңбектеніп, жаңа білім алып, тың тәжірибе жинау керектігіне айрықша тоқталуында зор мән бар. Шынында да, Қазақстанның болашақтағы гүлденіп дамуы тек жас ұрпақтың қолында. Білімді әрі көкірегі ояу, бәсекеге қабілетті жастар елімізді келешекте талай биіктерге шығарары сөзсіз. Қазақстанда 2019 жылдың «Жастар жылы» деп бекітілуі де жай емес. Оның астарында президентіміз айтқан сөздердің бастаулары жатыр.

Елімізде жаңа жоғары оқу орындары, жастарды жұмыспен қамту орталықтары, тегін біліктілікті көтеру курстары өз жұмыстарын жасап, жас ұрпақтың жан-жақты болып шығуына септігін тигізуде. Соның арқасында қазақстандық әрбір жас өзі таңдаған мамандығына, бағытына сай қосымша білім алып, әлемдік стандарттарға сай зертханалар мен зауыттарда тағылымдамалардан өтіп жатыр. Спорт, мәдениет және өнер саласындағы жастардың жетістіктерге жетіп, жеке қабілеттерін шыңдаулары үшін түрлі комплекстер мен орталықтар салынуда. Өскелең ұрпақтың қажетті бар қасиеттерді бойына сіңіріп, білім мен ғылымға үйренуі үшін мемлекетімізде бұдан басқа қаншама жұмыс атқарылып жатыр және жаңа сайланған президентіміздің арқасында әлі де атқарыла береді деп сенеміз.

Мусаев Әли Серікұлы
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы